25 Наурыз, 2011

Бірлік пен береке мейрамы

580 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Наурыз мейрамы елімізде алғаш рет азаттықтың ақ таңы арайлап атардан үш жыл бұрын тойланғаны белгілі. Сол кезден бері қазір жылдан-жылға мәні мен маңызы артып келе жатқан мейрам қазақ даласының әр жерінде ерекше ықылас­пен аталып жүр. Биылғы Наурыз мейрамы да еліміздің түкпір-түкпірінде сән-салтанатпен атап өтілді. Соның ішінде мерекенің басты алаңына айналған Астанада 22 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Наурыз алғаш рет «Қазақ елі» монументі алаңында өтті. Астана тұрғындары мен қо­нақ­тары алдында сөйлеген сө­зін­де ел Президенті Наурыздың ең ежелгі мерекелердің бірі екеніне және бес мың жылдан астам уақыттан бері атап өтіліп келе жатқанына тоқталды. – Халқы­мыз ұлы күнге ба­ла­ған, жыл басы санаған жасампаз Наурыз – бірлік пен береке мейрамы. Баршаңызды осы ұла­ғатты мерекемен шын жүректен құт­тықтаймын! Әлемнің өзге мемлекеттерімен бірге біз де күн­тізбелік Жаңа жылды да, көк­тем мерекесі Наурызды да атап өтеміз. Сондай-ақ, оны дәл Құр­бан айт пен Рождество күн­де­рін­дегідей қуанышты көңіл-күймен, шынайы сезіммен тойлаймыз. Қайта жаңарған Наурыздың тарихы – біздің тәуелсіздігі­міз­дің тарихы! Біз көне тари­хы­мыздан күш-қуат алып, тәуел­сіз­дік туралы өз арманымызды жү­зе­ге асыра алдық, – деді Президент. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан өз тәуелсіздігінің жиыр­ма­сыншы жылындағы көктемді қуатты, тұрақты және қарыштап дамып келе жатқан мемлекет  ретінде қарсы алып отырғанын атап өтті. Әлем елдерінде соңғы екі жылда барлық әлеуметтік шы­ғындар едәуір қысқаруда, кә­сіпорындар жабылуда, жұмыс­сыз­дық арта түсуде. Қазақстан, керісінше, он жылдан бері кә­сіп­орындарды іске қосып, тұрғын үйлер салуда, азаматтарды әлеу­мет­тік қорғауды ұлғайтып келеді. Шәкіртақы, еңбекақы, зей­нет­ақы, әлеуметтік жәрдемақы тұрақты түрде артуда. Ха­лық­тың әл-ауқаты төмен тобын қол­дау жалғасын табуда. Еліміз бой­ынша ондаған мың жаңа жұмыс орындары ашылуда. Мек­тептер, ауруханалар, бала­бақшалар, жолдар салынуда. Жаңа егемен елдердің бірде-бірі Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында жеткендей табыстарға жете алған жоқ, деді Мемлекет басшысы. Елбасы келесі кезекте біздің басты құндылығымыз ха­лық­тар бірлігі екенін атап көрсетті. Сондықтан мереке күндері де, жұмыс күндері де біз бейбітшілік пен келісімді үнемі ны­ғай­туға тиіспіз. Тәуелсіздік жыл­да­рын­да біз өз алдымызға қойған барлық мақсаттарға мерзімінен бұрын қол жеткіздік. Біз мем­ле­кетіміздің дамуының жаңа ке­зе­ңіне қадам бастық. Алда атқарар іс ауқымды. Біздің алдымызда эко­номика мен қоғамды түбе­гей­лі жаңғырту міндеті тұр. Біз Қа­зақстанды халық­тың ортақ игілігіне қызмет ететін әлеуметтік мемлекет ретінде құрамыз. Бар­лық қиындықтарға қарамастан, мемлекет өзіне алған барлық әлеуметтік міндеттемелерді мүл­тік­сіз орындайды,  деді Мемлекет басшысы. Президент алдағы жылы жаңа экономиканың негізі қа­ла­нып, мыңдаған жаңа кәсіп­орын­дар пайда болатынын атап өтті. Инновация және ғылымға негізделген өндірістер келешектегі да­муымыздың қозғалтқышына айналады. Мыңдаған шақы­рым­дық жаңа темір жол мен автомобиль жолдары салынатын бо­лады. Қазақстанда соңғы он жыл көлемінде 45 миллион шар­шы метр тұрғын үй тұрғы­зыл­ды. Алдағы әр жылда тағы 6 мил­лион шаршы метр тұрғын үй тұр­ғызылады. Жүз мыңдаған қазақ­стандық жаңа пәтерлерде өмір сүретін болады. Халықтың әлеу­меттік қорғалған топтарына ар­налған тұрғын үйлер құры­лы­сына ерекше назар аударылады. Барлық қазақстандықтар заманауи білім мен сапалы медици­наға қолжетімділікке ие болады. Президент сондай-ақ, қазіргі Қазақстанның әлемде үлкен бе­дел-құрметке ие екеніне тоқ­тал­ды. Елімізде аса маңызды ха­лық­аралық саммиттер мен кездесулер өтіп тұратынын, әлем­нің қолдауына ие болған жаңа бастамалар көтерілетінін айтты. – Бүгін бүкіл еліміз Наурыз мейрамын тойлауда. Қазір біз бар­шамыз жаңарудың ортақ қуа­нышын бірге бастан кешудеміз. Бұл күндері күллі еліміз жа­ңара­ды. Біз барлық күш-жігерімізді, барлық ой-ниетіміз бен ісімізді Қазақстанның гүлденуіне ба­ғыт­таймыз, – деді Елбасы. Халқымыз қашанда жаңа жыл­дан жақсылық күтіп, келер күннен үмітін үзбеген. Бүгінін болашағымен байланыстырып, бар ізгіліктің бастауын игі ниеттен іздеген. Сондықтан, тіршілік жаңаратын Наурызда әр адам  жақсылыққа ниет етуі тиіс,  деген Нұрсұлтан Назарбаев қазақ­стандықтарды мерекемен құт­тық­тай келе, баршаға бақыт, бейбітшілік пен келісім тіледі. Елбасының сөзінен кейін алаң­да «Наурыз думан» театр­лан­дырылған қойылымы көрсе­тіл­ді. Қазақ халқының салт-дәс­түрі мен береке-байлағын бей­нелейтін қазақ ауылында  «Жыл ояту» рәсімі басталды. Бұл театр­ландырылған қойылымда қазақ ауылының табиғаттың түлеп, Жер-Ананың жаңарған у­ақы­тын­дағы жыл басы, ға­сырлар қойнауынан келе жатқан достық пен ынтымақтастықтың мерекесі саналатын Наурыз мей­рамын тойлау дайындығы көр­сетілді. Онда қойылымның негізгі желісі табиғаттың тірілуін бейнелейтін нәрестенің дүниеге келуімен бай­ла­ныстырылды. Одан кейін нә­рес­тенің жігіттік жасына дейінгі қазақ халқының әдет-ғұ­рыптары мен ырымдары ұсы­ныл­ды. Соны­мен бірге, көрер­мендерге қазақ халқының «Сүйін­ші», «Бесікке салу», «Үй­ле­ну тойлары» секілді басқа да салт-дәс­түр­лері мен «Көк­пар», «Қыз қуу» сияқты ұлт­тық ойындары мен «Наурыз кө­же­нің» дайындығы паш етілді. Наурыз тойланып жатқан ауылға әйгілі әнші Роза Рым­баева, Нұржамал Үсенбаева, Ба­­тырхан Шүкенов, Асыл­бек Ең­сеповтің қонаққа келіп, әннен, күйден шашу шашуы, респуб­ликалық және астаналық таң­даулы би ұжымдарының өнер көрсетуі ауыл тұрғын­дарын ыстық ықыласқа бөледі. Осы күні «Қазақ елі» монументі алаңында тігілген отыз киіз үйде таңертеңнен кешке дейін қазақтың ұлттық салт-дәс­түрлері мен ғұрыптары таныс­тырылып, келушінің әрқайсысы мейрамның тағамы – «наурыз көжеден» дәм тата алды. Алаңға жиналған жастар жағы ал­тыбақан теуіп, жұмбақтар мен жаңылтпаштар жасырып, дом­бы­рамен ән айтты. Тағы біреулері киіз үй ішінде ойналатын «Санамақ», «Орамал тастау», «Соқыртеке», «Ұшты-ұшты», «Сақина жасыру», «Қассың ба, доссың ба?» ойындарын ойнап, келген  қонақтарды мәз етті. Дастан КЕНЖАЛИН.