Алматыда Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясында «Нұр Отан» ХДП-ның, республикалық «Ақ орда» қозғалысы мен Қонаев атындағы халықаралық қордың ұйымдастыруымен «Қонаев және қазіргі Қазақстан» деген тақырыпта алқалы жиын өтті. Ұлы тұлғаның жүз жылдығына арналған биылғы шараның беташар бастамасына Дінмұхамед Қонаевпен бірге қызметте серіктес болған, бүгінде айтулы ел ақсақалдары, зиялы қауым, марқұмның туған-туыстары, өнер иелері, мұғалімдер мен студенттер қатысты.
Туған елі мен жеріне адал қызмет етіп, ширек ғасырға жуық басшылық қызметте жүріп Қазақстанның өсіп өркендеуіне, болашағына өлшеусіз еңбек сіңірген аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты қашанда республика жұртшылығы бір сәт ұмытқан емес. Жыл сайын артында қалған қара орман қазағы туған күні мен дүниеден қайтқан күнін атап өтуді дәстүрге айналдырған. Бір айта кетерлігі, Димекеңнің 100 жылдық мерейтойы Қазақстан тәуелсіздігінің жиырма жылдығымен тұспа-тұс келуінде де үлкен мән жатқандай. Ал тәуелсіздіктің 20 жылдық тарихы тікелей Елбасымен етене байланысты екенін жақсы білеміз. Содан да шығар, жиында сөйлеген екі заманның куәгерлері осы екі ұлы тұлғасын қазақ елінің кешегі, бүгінгісімен сабақтастыра отырып, ойларын ортаға салды.
Жиынды ашқан халықаралық Қонаев қорының құрметті президенті, мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаев Димаш Ахметұлының азаматтық қасиеттеріне, ел үшін сіңірген еңбегіне тоқтала келе, қазақ халқы армандаған тәуелсіздіктің маңызына баға бере кетті. Сонымен қатар Димекеңнің Н.Назарбаевты жоғары басшы қызметтерге тағайындап, келешегінен көп үміт күткен сенімі ақталғанын, тәуелсіздіктің елең алаңындағы қиын уақыттарда сындарлы саясатының арқасында халықты қысқа мерзімде дағдарыстан шығарып, бүгінде еліміздің әлемдік аренада абыройын өсіріп, басқаларға үлгі болып отырғанын тілге тиек ете келе көпшілікті сайлауға қатысып, дұрыс таңдау жасауға шақырып, ақсақалдық танытты.
Ал Дінмұхамед Ахметұлының туған қарындасы Роза Ахметқызы ол кісінің өмірінен естеліктер айта келіп, Қазақстанның өсіп, өркендеуіне барын салып, Отанын жанындай сүйгенін жастарға соншалықты әсерлі жеткізді. «Димаш Ахметұлын қашанда еске алып, есімін ардақтауда елімізде ауқымды жұмыстар атқарылды, атқарылып та келеді. Енді жүз жылдығын да сондай дәрежеде атап өтеді деген ойдамын» дей келе, Роза Ахметқызы Қонаевтар әулетінің атынан Мемлекет басшысына алғысын білдіріп, қазақ халқы да, Димекең де армандаған тәуелсіздіктің Президент Н.Назарбаевтың есімімен егіз ұғым екенін айтып, жиналғандарды сайлауға қатысуға шақырды.
Аға буынның атынан сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері, Қонаев атындағы халықаралық қордың вице-президенті, еңбек ардагері Кеңес Аухадиев әңгімені әріден бастап, Димекең Қазақстанды 25 жыл басқарғанда сабырлы мінезімен, терең ойымен ел экономикасының өсіп, мәдениетінің гүлденіп, жастардың білімге жеткен кезі екенін бүгінгі ұрпақтың есіне салды. «Біздің ұрпақпен қатар бүгінгі Елбасы да Димекеңнің тәрбиесін көріп өскен азаматтың бірі. Сонау Теміртауда жұмыс істеп жүргенде танып біліп, үлкен үміт артқан Димекең оны 1979 жылы ҚОПК хатшысы етіп тағайындады. Димекеңнің де зейнеткерлікке шығатын уақыты жақындап, жаңа заман, жаңа ғасыр келді. Тәуелсіз елдің тұңғыш Президенті Н.Назарбаевқа өтпелі кезеңдегі қиыншылықты жеңу оңайға түспеді. Экономикада да, саясатта да өзгеріс болып жатқан кезде ақылға салып, Н.Әбішұлы елімізді жаңаша құрды. Енді, міне, Тәуелсіздігіміздің биыл жиырма жылдығын тойлап отырмыз»,–деді ол.
Ұрпақ сабақтастығы, ұрпақ жалғастығы дегеніміз осы болар, жиынға келер алдында Димекеңнің ет-жақын туыстары, ел ағаларымен бірге марқұмның басына барып, құран бағыштап, тәу етіп қайтқан республикалық «Ақ орда» қозғалысының төрағасы, «Нұр-Отан» ХДП хатшысы Қайрат Сатыбалдыұлы ұлы тұлғаны өзінше зерттеп жүргенін, «өткенсіз болашақ жоқ» деген қағиданы ұстанатынын алға тартты. Сондай-ақ Димаш Ахметұлы барлық саналы ғұмырын, күш-қуатын, жігерін еліне жұмсағанын, әрі ұлағатты ұстаз, үлкен тәрбиеші болғанын айта келіп, алдағы мерейтойды халық болып лайықты өткізуге шақырды.
– Димекең туралы кезінде Елбасымыз: «...Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың да тарихтың төрінен орын алары дау тудырмайды. Димекең – өз заманының перзенті болған тұлға. Қонаев есімі Қазақстан халқымен бірге жасары анық, ақиқат. Ол кісі бәрімізге ұстаз болған ұлы адам» деп жазды. Мемлекет басшысы осы сөзін дәлелдеді де. Димаш Ахметұлы қайтыс болған соң Лениногор полиметалл комбинатына, ҚР ҰҒА-ның тау-кен институтына, Алматы қаласындағы К.Маркс көшесіне ол кісінің есімін берді, басқа да бастамаларға ұйытқы болды, – деді бізге берген сұхбатында Қайрат Сатыбалдыұлы.
Дінмұхамед Ахметұлы кезінде жастарға, әсіресе өнердегі талант иелеріне әкелік қамқорлық көрсеткенін үлкен сүйіспеншілікпен жеткізген екі ғасырдың куәсі, қазақтың дара туған бұлбұл қызы Бибігүл Ахметова: «Нұрекең аз ғана уақыттың ішінде елімізді биікке көтерді. Бүгінде Димаш ағаның өсиеттерін Нұрекең орындап жатыр. Бұрын шетелге барғанда қазақты ешкім танымайтын. Қазір барсаң «Назарбаев» біздің төлқұжатымыз сияқты. Бастысы, елдің тыныштығын айтсаңшы. Алысқа бармай-ақ Қырғызстанның өзінде не болып жатыр, – деп тебірене сөйледі. Сондай-ақ 40 жыл Мәскеуде қызмет істеген дипломант-ардагер Сәбит Жаданов Димекеңмен жиырма жыл бірге қызметтес болғанын, бұған дейін Ресей азаматы болғандықтан дауыс бере алмаса, енді Қазақстанның азаматтығына қол жеткізіп, сайлауға қатысатын қуанышымен бөлісті.
Д.Қонаевқа арналған салтанатты кешке осыншама халықтың жиналғанына ризашылығын білдірген ҚХА-ның мүшесі Қазақбай Қасымов: «Елбасының кемеңгерлік саясатының арқасында Қазақстан халқы Ассамблеясы елдегі ұлттар мен ұлыстардың татулығын дүние жүзіне паш етті» десе, ұлты грузин Валико Маткаво мырза: «Менің өмірімде Қонаев, Назарбаев есімдері жаныма жақын. 1965 жылдан осында тұрамын, бес балам бар. Басшы қызметте болдым. Осы уақыт аралығында менің тарихи отанымда көптеген қиын жағдай өтті. Жеті бала тәрбиелеген ата-анам бейбіт уақытта босқын атанды. Ауыл ауылға, ағасы інісіне қарсы тұрды. Болмаған соң 17 ағайын-туысымды осында көшіріп әкелдім. Мұндағы айтайын дегенім, дүниеде еркіндік пен бейбітшілікке еш нәрсе тең келмейді», деп кеңінен шешілді.
Кеште Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Н.Нүсіпжанов бастаған әншілер тобы, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі өнер көрсетті.
...Иә, адам өлген күні емес, ұмытылған күні өледі деген. Ендеше, бүгінгідей ел-жұртының махаббатына бөленіп, аты аңызға айналған айтулы тұлға Дінмұхамед Қонаевтың жарқын бейнесі әрқашанда елінің жүрегінде сақталары хақ.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.