29 Наурыз, 2011

Мейірбике мәртебесін қалай көтереміз?

5477 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Медицинада науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейтін орта буын қызметкер – мейірбике екенін бәріміз де білеміз. Иә, емнің дұрыс нәтиже беруі – мед­бикенің көрсетілген ем-домды сауатты да, қалтқысыз орын­дауында ғана емес, жаны қиналып жатқан науқаспен күндіз-түні бірге болып, жиі қарым-қатынас жасап, олардың көңіл-күйіне әсер ететін жанкешті еңбегіне де тікелей байланысты. Алайда, бүгінде денсаулық сақтау сала­сындағы ең басым мамандық иелерінің осы еңбегі, қызметі әділ бағаланып отыр ма? «Арқалағандары алтын, жегендері жантақ» болып жүрген мейірбикелердің мәртебесін қалай көтереміз? Осы ретте жуырда 30 жылдық мерейтойын атап өт­кен Алматы медицина колледжі денсаулық сақтау жү­йесінде мейірбике ісінің кенжелеп қалғанын, оны рефор­малаудың уақыты жеткенін бұдан оншақты жыл бұрын дәлелдеп, сол бағытта маман дайындап отырған бірден бір оқу орны. Бүгін біз аталмыш оқу орнының директоры, медицина ғылымдарының докторы Дамир ДӘУЛЕТБАЕВҚА жолығып, осы мәселеге қатысты ойларын білген едік. – Дамир Абайділдаұлы, атал­мыш мамандық иелерін даяр­лаудың басы-қасында отыр­ған басшы, ұйымдас­тырушы, әрі ға­лым ретінде мейірбике ісіне деген көзқара­сы­ңызды білгіміз келеді? – Бізде медбикеге дәрігердің кө­мекшісі ретінде қа­райды. Негізінде шет мемлекеттерде ондай ұғым жоқ. Біздегі дә­рігерлер сияқ­ты оларға мұ­рын шүйіре қарамай­ды, медбикені ар­найы маман, дәрі­гер­дің сенімді серігі деп баға­лай­ды. Дәрігер мен медбикенің әр­қайсысының өз са­ласы, өз қыз­меті бар дегенмен, түп­теп келгенде, ар­баның алдың­ғы қос дөң­гелегі сияқ­­ты, екеуі бірігіп бір бағытта жұмыс жасай­ды. Ал бізде Кеңес Одағынан қал­ған ұғым, медбике – орта буын маман, дә­рігердің «ба­рып кел, ша­уып кел», орындау­шы­сы деп түсі­неді. Егер бүгінде Қа­зақстанда 138610 орта буын медицина қыз­меткері болса, соның 97060-і мейірбике, қал­­ғандары аку­шер, лаборант, т.б. Яғни, жүз мың­ға жу­ық медбике – халықтың ден­сау­лығын нығай­тып, оларға қол­же­­тім­ді, әрі тиімді медици­на­лық көмек беруде ба­ғалы ресурс бо­лып отыр. Олай дей­тініміз, медбике өз уақы­ты­ның 70 пайызын науқаспен өткі­зеді. Оларға нау­қас­ты күту мен ем­деудегі негізгі міндеттер жүк­теледі. Сондықтан бұл маман­дыққа деген көзқарас та ерек­ше болуы тиіс. Өкінішке орай, бізде медбике жұмысы мен міндеттері, білім деңгейі туралы мемлекеттік стандарттар әлі жа­сал­маған. Со­ған байланысты тә­уелсіз сарап­тамаға арналған критерийлер де жоқ. Біз әлі де дәрігерлерге кейбір медбике атқа­ра­тын міндеттерді жүк­теп келеміз. Мәселен, ау­ру­хананың сани­тарлық жағ­дайы, гос­питальдау, т.б. мәсе­лелерді мед­би­келердің өз­дері-ақ шешетін мә­селе. Шетелде солай. – Сіздердің колледждеріңіз елімізде тұңғыш рет Қазақ­стан­да медбике ісін реформалау тұ­жы­рым­дамасын әзірлеп, оны өз­деріңіздің білім беру жү­йе­сінде енгізген бірден бір оқу орны. Осындай маңызды шешімге қа­лай келдіңіздер? – Жалпы медбике ісінде ең тиімді модель – ол американдық үл­гі болып саналады. Тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдары Алматы ша­һары Американың Туссон қа­ла­сымен бауырлас-қалалар бол­ған­дықтан, олармен әріптестік іс-ша­ралар негізінде колледж он­дағы медициналық оқу орын­да­рымен қа­рым-қатынас жасай бас­тады. Сөй­тіп, 1993 жылдан Пима медицина колледжі, Аризона және Мин­несота университеттерімен ты­­­ғыз байланыс баста­лды. Алғаш біздің мамандарымызды бастап колледж директоры Қалқаман Аяпов пен бүгінде денсаулық сақтау саласының үздік ұйымдас­ты­ру­шы­­­ларының бірі Амантай Біртанов ағаларымыз Америкаға ба­рып, сон­дағы медбике ісінің қыр-сы­рын үйреніп, осы саладағы озық тәжірибені Қазақстанға әкел­ді. 10 жылдан ас­там уа­­қыт бойына колледж аме­ри­кандық үлгімен медбике ісі ма­мандарын дайындаудың 4 дең­гейлік жүйе­сімен оқытуды жүр­гізді. Алғашқы түлектеріміз 1995 жылы түлеп ұш­ты. Сол жыл­­ғы колледж өмі­ріндегі тағы бір ай­тулы оқиға – Израильдің «Машав» білім беру орталы­ғы­ның орыс тіліне жетік екі оқыту­шысы келіп, шеберлік класын өт­кізген. Ал 1996 жылы амери­кан­дық әріп­тестеріміз келіп, ма­ман­дық даяр­лау­да өз зерттеулерін жүр­гізіп, қызметімізге оң баға береді. – Осы озық үлгіні сол кезден-ақ республика көлемін­де енгізуге болмады ма? – Өкінішке орай, ол уақытта бұл үлгі заманнан тым ерте бас­талған жүйе болғандықтан, оны қабылдамады. Оның үстіне оқы­ту­дың көрсетілген жүйесін то­лықтай енгізуге тәжірибелік тұр­ғыда денсаулық сақтау саласы мүл­­дем дайын емес еді. Ал қазіргі уақытта кәсіптік және тех­ни­ка­лық білімді дамытудың мем­­ле­кеттік бағдарламасы қа­был­­дан­ған­нан кейін, бұл жүйенің негізгі ережелері енгізілді. Колледж ұжы­­мында шың­­далып-ұш­талған бұл жүйе Денсаулық сақ­тау министрлігі әзір­леген 2010 жылға дейінгі ден­­саулық сақтау саласын реформалау тұжырым­да­масында өз ор­нын тапты деуге бо­лады, әрі осы жүйе негізінде С.Асфендияров атындағы Ұлттық меди­цина уни­верситетінде жоға­ры медбикелік бі­лім факультеті ашы­лып, биыл түлектері диплом алады. Білім беру үрдісінде, әсі­ресе, кли­никалық пәндерді оқы­туда ДДҰ-ның бір­қатар бағдар­ла­маларында, «Лемон» жобасы шең­берінде көр­сетілген аймақтық еуропалық бюро ұсыныстарына сәйкес медбикелік технологиялар енгізілген. Бү­гінде модель еліміз бо­йынша енгізілуде. Өйткені, сұраныс солай. – Енді оның ерекшелігіне тоқтала кетсеңіз? – Біріншіден, медбике ісіне кез­дейсоқ адамдар келмеуі керек. Олар адамға жаны ашитын, ау­ырт­­пашылықты бөлісе, көмек бере алатын, жүрегі жұмсақ жандар бо­луы тиіс. Өйткені, кейбір студенттер ата-ана­сының қалауымен немесе бас­қа оқу орындарына жолы бол­маған жағ­дайда, шара­сыздан келуі мүм­кін. Міне, жаңа модель бойын­ша 1 курсты дұрыс оқымаған, та­лап­тан­баған студент ары қарай курсқа көш­пейді, не өздері басқа колледжге ауы­сып кетеді. Тек үлгерімі жақ­сылар 2 курсқа өтеді. Ал сту­денттің 2 курста үлге­рімі болмаса, жалпы медбикелікке, яғни, тіркеу бөлімінде құжатпен жұмыс істейтін, физиотерапия, та­мақ беретін медбике ісіне ауыс­тырылады. Жақ­сы оқы­са, 3 курсқа өтіп, хирургия, жан­сақтау бөлім­дерінде істейтін на­ғыз кәсіби білімді маман болып шығады. Төр­тін­ші деңгейде студенттерге дәріс бере алады. Бір айта кетерлігі, бүгінде ме­ди­циналық колледждерде дәріс оқи­­тындар – дәрігерлер. Әрине, олар­­дың тәжірибесі бөлек. Әлем­дік тә­жі­рибеге сүйенсек, медбикені медбике оқытуы керек деген талап бар. Сол талапты енгізудің нәтижесінде 1995 жылы Қазақ­станда алғаш ме­ди­ци­налық колледж деген мәрте­беге ие болдық. Сондықтан оқу орны рес­публи­ка­дағы заман тала­бына, инно­вацияға сай, жаңа­лық­қа жақын оқу орны бо­лып та­нылады. Сол үрдісті бү­гінгі күні де жалғас­тырып келеміз. Елімізде бүгінгі күнге 56 меди­ци­налық колледж бол­са, оның 24-і мемлекеттік, қал­ғандары жеке мен­­шік. Әрине, әр оқу орнының өз жолы, жөні бар. Ал біздің оқу орнының қазіргі алға қойған мақсаты, біріншіден, медбике мәртебесін көтеру. Медбикеге жұртшылық та, дәрігерлер де атүсті қарамай, оларды дәрі­гер­дің нағыз серігі деген ұғымды қалып­тасыруға күш салудамыз. Мәселен, Алматы қаласының әкім­дігі қатары­нан үш-төрт жыл бойы медбикелер арасында бай­қау өткізіп, жеңімпаз­дарға пәтер берді. Содан кейін-ақ осы маман­дық иелері арасынан жақ­сы қыз­метімен көрінген медбикелерге пәтер беріле бастады. Бұ­рын олай болмаған. Екіншіден, олардың жұ­мыс деңгейін көрсету. Ол дең­гейде де үлкен іс-шаралар жаса­лы­нып жатыр. Үшіншіден, мед­бике ісін оңтайландыру. Мәсе­лен, хирург операциясын жасап, емін айтып кетті делік. Ал медбике инесін салады, төсегін ауысты­рады, тама­ғын береді, яғни, дәрі­гер 24 сағат­тың ішінде науқаспен ең көп дегенде 4-5 минөт  бірге болса, қал­ған жұмыстың бәрін медбике атқарады. Төртіншіден, колледжде ұстаз­дарды да, студенттерді де ғы­лыммен ай­налысуға баулып, бар­лық жағдай жасаудамыз. Өйт­кені, ғылыммен айналысқан адам жұмы­сын жоғары деңгейде атқа­руға тыры­сады. Ал ол қашанда оң нә­тиже бергізеді. Мысалы, медбике науқасқа ине салады да, кетеді. Ал оны қалай тиімді жасау, оған қажетті материал­ды қалай үнем­деуді ойламайды. Тағы бір мысал. Біздің зерттеуімізше бес жыл жұ­мыс істеген медбикенің бел­омырт­қасына зақым келеді екен. Ендеше, ол аурудың алдын қалай ала­мыз? Мысалы, медбике нау­қасты көтеріп, төсекке жатқыз­ған­да өзіне күш түсірмей ауыс­тырудың, сөйтіп, беліне зақым келтірмеудің түрлі әдіс­терін зерттеп, оларды Алматы­дағы медици­налық емдеу мекемелеріне насихаттап жатыр­мыз. Міне, медбике ісіндегі осын­дай технологиялар­ды біреулер зерттеу керек қой. Оны зерттейтін кім? Әрине, өзі күнде ара­­ласып жүрген медбикелер. Ма­ман­дарымыз қазіргі жаһандану үде­рі­сінде интернет арқылы осы сала­дағы бар­лық жаңа­лықтарды біліп, сол мә­селелерге мән беріп, көте­руде. Осы­ған бай­ланысты тоғыз ғылы­ми-прак­ти­калық конференция өткіздік. Ендігі мәселе, «ауырып ем іздегенше, ауыр­майтын ем ізде» деген қағидамен саламатты өмір салтын насихаттау. Сондай-ақ үш тілділік мәсе­лесін де қолға алдық. Студент­тердің бір кәсіби сабағы ағыл­шын тілінде жүргізіледі. Конференциялар да ағылшын тілінде өтеді. Бір айта кететін жайт, бізде бұрын мемлекеттік грантқа конкурс болмаса, қазір ақылы бөлімнің өзіне бір орынға 2,4-тен келуде. – Дамир Абайділдаұлы, колледж орналасқан ғимарат­та­ры­ңыз­дың сырты да іші де керемет, талғаммен әрленген, тап-тұй­нақтай екен. Енді аз-кем колледж тарихына тоқталсақ. Оқу орны үшін 30 жыл аз уақыт емес. – Ғимаратымыз бүгінде ХІХ ғасырдың сәулет-құрылыс өнері­нің жәдігері саналып, тарихи ес­керт­кіш­тер қатарында мемлекеттік қор­ғауға алынған. Оқу ор­ны 1981 жы­лы Қазақ КСР Ден­саулық сақтау министрлігінің бұйрығы­мен ашыл­ған. Оның тұң­­ғыш ди­рек­торы, әрі алғашқы ұйым­дас­тырушысы, әрі кол­ледж­ді ұзақ жыл­дар басқарған ҚР-ның еңбегі сіңген қыз­мет­кері, медицина ғы­лымдарының докто­ры, профессор Қал­қаман Аяпов. Оқу орны отыз жыл ішінде 9 мың­ға жуық маман даярлап шығарды. Қазіргі таңда колледжде мыңға жу­ық студент оқыса, штаттағы жо­ғары және бірінші санаттағы оқы­ту­шылардың па­йыздық көрсет­кі­ші 57,9-ды құ­райды. Осы айтулы да­таға орай Жа­зушылар одағының залында «Са­палы білімді мамандар – Қазақ­станның болашағы» атты ІХ халық­аралық ғылыми-тәжі­ри­бе­лік конференция өткіз­дік. Оған Қазақстанның барлық аймағынан, Қытай, Қырғыз­стан, Ресейдің Самара, Свердлов қа­ла­ла­рынан қо­нақ­­тар, сонымен қа­тар колледж ардагерлері мен тү­лектері қатыс­ты. Онда студент­тер­дің 24 ғы­лыми жобасы ұсынылды. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.