30 Наурыз, 2011

Халықтың өмір сапасын жақсарту сан түрлі бағытпен алға баспақ

466 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында маңызды үш мәселе қаралды. Оның біріншісі еліміздегі білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы болды. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Үкіметтің үстіміздегі жылғы 11 ақпандағы қаулысымен осы мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың 2011-2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары­ның бекітілгендігін айтты. Осы іс-шаралар жоспарын жүзеге асы­руға қосымша 461,1 миллиард теңге қаржы бөлу көзделеді. Мұның сыртында үстіміздегі жыл үшін мектептер салуға және мұғалімдердің жалақысын көбейтуге тағы да 22,5 миллиард теңге бөлінбек. Бағдарлама бірнеше бағыттан тұрады. Соның бірі – мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ісін жақсарту. Осы үшін алдағы үш жылда 90 балабақша салынуы қажет. Мұның сыртында 2015 жылға дейін 615 шағын орталық пен 163 жеке меншік балабақша ашылатын болады. Бұрын жеке меншікте болып келген 118 ғи­ма­ратты босату есебінен 154 балабақша қайтадан қайтары­ла­тын болады. Бағдарламаның тағы бір бағыты – орта білім беру ісін да­мыту. Осы үшін 12 жылдық оқы­туға көшу қажет. Бұл мемлекетке біраз қаржыға түсетіндігі белгілі. Мәселен, аталған мақ­сат­қа жету үшін барлығы 522 мектеп салынуы қажет екен. Осы мек­тептердің құрылысы үшін алғашқы үш жылға 167,4 миллиард теңге қарастырылған. Осы мектептер толық салынған кезде апатты мектептер мен үш ауы­сымда оқытатын мектептердің проблемасы жойылады. Тек би­ылғы жылдың өзінде 82 мектеп салынатын болады. Олардың 30-ы республикалық бюджеттің, 52-сі жергілікті бюджеттердің есебінен іске қосылады. Осы мәселеге орай министр қазіргі күні 12 жылдық оқытуға көшу кестесі мұқият тексерілгендігін, білім беру мен оқыту мазмұнының жаңа стандарттары жасалу үстінде екендігін атап көрсетті. Бағдарлама алға қойған тағы бір мақсат мұғалім мәртебесін көтеру болып отыр. Бұған мұ­ға­лімнің еңбекақысын көтеру, біліктілік деңгейін арттыру, ваучерлік жүйесін енгізу, «Бо­ла­шақ» стипендиясының аясында ағылшын тілді мұғалімдерді әзір­леу және түрлі насихат ша­ра­ларымен мұғалім беделін көтеру арқылы қол жеткізілмек. Аталған мәселеге байланысты 2015 жылға қарай мұғалімдердің орташа жалақысы жеке сектор­дағылардың жалақыларымен те­ңестірілетін болады. Тек биылғы жылдың өзінде бюджет сала­сындағы барлық қызметкер­лер­дің жалақысы 30 пайызға кө­бей­тіледі. Мұның сыртында мұға­лім­дерге қосымша үстемеақы беріледі. Сондай-ақ үстіміздегі жыл­дың 1 қыркүйегінен бастап жо­ға­ры категориялары бар мұға­лім­дер мен техникалық және кә­сіптік білім беру ұйымдарының шеберлері біліктілігі үшін лауа­зымдық жалақысының 100 пайыз көлемінде қосымша ақы алатын болады. Мұндай қосымша ақы­ны басқа да мұғалімдерге төлеу көзделінуде. Осы мақсатқа би­ыл­ғы жылға республикалық бюд­жеттен 5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді. Мемлекеттік бағдарламаға сәй­кес мемлекеттік білім беру жинақ жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе әр отбасына балаларын оқы­ту үшін қаражат жинауға мүмкіндік береді. Жинақтаған со­масына орай мемлекеттен сый­ақы да бөлінеді. Қазіргі күні осы шараны жүзеге асырудың тетіктері талқыланып, нақты есептеулер жүргізілуде. Мұғалімдердің беделін көте­ру ерекше назарда тұр. Алдағы уа­қытта бұл жұмысқа мұғалім­дер қауымы, бұқаралық ақпарат құралдары, азаматтық қоғам кеңінен тартылатын болады. Бағдарламаның басқа да бір­қа­тар қосымша жаңалықтары бар. Сондай-ақ осы Үкімет оты­ры­сында Денсаулық сақтау са­ла­сын дамытудың мемлекеттік бағ­дарламасын жүзеге асыру ша­ра­лары да қаралды. «Саламатты Қазақстан» деп аталатын бұл бағдарлама 2011-2015 жылдарға арналып жасалған. Оны жүзеге асыру тетіктері жайында Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова баяндады. Аталған бағдарламаны жүзе­ге асыру үшін 202 шарадан тұра­тын жоспар әзірленген. Үстіміз­дегі жылдың 1 қаңтарынан бастап соның 165-ін жүзеге асыру ісі басталды. Бұл шаралар 50-ге жуық құқықтық актіні, соның ішінде Үкіметтің 6 қаулысын әзірлеуді көздейді. Бағдарламада төтенше жағ­­дай­ларда жедел көмекке келу ісі ерекше қарасты­рыл­ған. Осыған байланысты қазіргі күні санитарлық авиа­ция қызметі нығайтылуда. Жаңа тікұшақтар сатып алынуда. Осылар арқылы науқастарды қиын жерлерден алып шығу ісі бұ­рын­ғыға қарағанда әлдеқайда жақсаратын болады. Арнау­лы бригадалар жұмыс істейді. Үстіміздегі жылдың екінші тоқсанынан бастап,  ха­лық­аралық және респуб­ли­ка­лық маңыздағы жолдар бақылауға алынып, жол үс­тіндегі апатты жағдайларға жедел жету ісі ұйымдас­ты­рылады. Туберкулезбен күресті күшейту жөніндегі тап­сыр­маға орай мемлекеттік бағ­дарлама аясында түрме­лер­дегі медициналық қызмет­тің материалдық-техни­ка­лық базасын нығайту мақ­са­тында 1 миллиард тең­ге­ден астам қаржы қарас­ты­рылды. Сондай-ақ қазақ­стандықтардың денсаулық­тарын нығайту бағы­тын­дағы сектораралық ша­ра­лар­ды жүзеге асыру үшін тек үстіміздегі жыл үшін 18,12 миллиард теңге бөлінді. Ауруларды ертерек ай­қын­дау шаралары нығай­тылуда. Бұрын осы мақсатта тегін медициналық қызмет көрсету онкологиялық және жүрек-қан тамырлары жүйе­сі аурулары арасында ғана жүргізілсе, биылғы жылдың қаңтарынан бастап гепатиттер мен қант диабеттері, кө­ру және есту қабілеттері на­шарлаған адамдар арасында да жүргізілетін болды. Жыл басынан бастап 500 мың адам арнайы тексеруден өт­кі­зіліп, 11,5 мыңнан астам нау­­қасқа шалдыққандар анық­­талды. Сондай-ақ қа­рал­ған бала­лар­дың арасында 67,5 мың баланың бойынан түр­лі ауру белгілері байқалды. Ел халқының 40 пайыз­дайы ауылды жерлерде тұ­ратыны ескеріле отырып, оларға медициналық көмек­тің қол жетімділігіне ерекше көңіл бөлінуде. Қазірдің өзінде осы мақсатта өңір­лер­ге 11 жылжымалы меди­ци­налық кешендер жеткізілді. Жыл соңына дейін олардың саны 50-ге дейін арттырылады. Бұл салада жүзеге асы­рып жатқан басқа шаралар да аз емес. Олардың барлы­ғына қажетті қаржы бөлін­ген. Жалпы, қаражат жағы­нан кемшілік жоқ деп айту­ға болады. Осы Үкімет отырысында халықты жұмыспен қамту­дың 2020 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері де қарас­ты­рылды. Бұл жайындағы баяндаманы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбді­қа­лы­қова жасады. Бағдарламаны жүзеге асы­­ру үшін қазіргі күні 3 заң жобасы, 5 үкімет қау­лы­сы­ның жобасы жасалып, ми­нистрдің 3 бұйрығы шықты. Осыған орай, «Халықты жұ­мыспен қамту туралы» Заңға Үкімет пен атқарушы орган құзыретін толықтыру, «әлеуметтік келісім-шарт», «жалақыны субсидиялау», «жұмыспен қамтуға жәр­дем­десудің белсенді шара­ла­ры», «өз бетімен жұмыс­пен айналысушылар» деген түсініктерді енгізу, жұмыс­пен қамту орталықтарының мәртебесін айқындау бағы­тында жұмыстар жүргізуде. «Тұрғын үй қатынастары ту­ралы» Заңға Жұмыспен қамту бағдарламасына қа­ты­сушыларға жалдамалы үй беру жөнінде қосымша нормалар енгізу көзделуде. Осылар бойынша алдағы уақытта өз бетімен жұ­мыс­пен айналысушыларды ай­қын­дап, жұмыссыздар мен табысы аз адамдарды оқы­туға, жұмысқа орналас­ты­руға мемлекет есебінен жәр­дем көрсетілетін болады. Мә­селен, оларды тегін оқы­ту, жолақысына, жатақ­ха­на­да тұруына немесе жал­да­малы үй шығындарын өтеу­ге субсидиялар беріледі. Бас­қа да қолдау көмектер жасалынады. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша кәсіп­кер­лікті дамытуға көңіл бөлі­ніп, осы іспен айналы­су­шыларға мемлекеттік кө­мек­тер ұйымдастырылады. Өз ісін ашуларына қолдау жасалынады немесе қажетті инфрақұрылымды қамтама­сыз ету тәртібі белгіленеді. Бағдарламада жұмыспен қамту мәселесінде басқа да қолдау шаралары ұйымдас­ты­рылмақ. Жаңа жұмыс орындары айқындалып, олар­ға халықтың көшіп келуіне жағдайлар жасалады. Адамдардың өз тұрған жерлерінен жаңа кәсіп түрлерін ұйымдастыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Осылардың барлығына мемлекет есебінен қаржылай қолдау көрсе­тіледі. Қазіргі күні осы мә­се­ленің тәртіптері айқында­лып, жүйелену үстінде. Үкімет отырысында атал­ған мәселелер бойынша қыс­қаша қорытынды сөз сөй­леген Премьер-Министр Кә­рім Мәсімов жуықта өткен «Нұр Отан» партиясының съезінде Үкіметке халық­тың өмір сапасын көтеруге байланысты бірқатар тап­сыр­малар берілгендігін еске салды. Еліміздегі білім беру, денсаулық сақтау сала­ларын нығайту, халықтың жұмыспен қамтылуын жақ­сарту осы тапсырмалар ая­сында қарастырылып жат­қандығын айта келіп, атал­ған мәселе Үкіметтің тұ­рақты назарында болатын­дығын жеткізді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.