Муамар Каддафидің әскери бөлімдері қарсы шабуылға шықты, деп хабарлайды Сауд Арабиясының «Әл Арабия» телеарнасы.
Ереуілшілер Брега және Рас-Лануф қалаларын тастап, шығысқа Бенгази қаласына қарай шегінуге мәжбүр болған. Сонымен бірге НАТО елдерінің әскери-әуе күштері Ливия нысандарына әуеден жаңа соққылар жасаған. «Франс Пресс» агенттігінің хабарлауына қарағанда, Триполидегі Каддафидің резиденциясына жақын жерде екі бірдей қуатты жарылыс болған. Әзірге қаза болғандар туралы мәліметтер жоқ.
РЕАКТОРЛАР БҰЗЫП АЛЫНБАҚ
Апатқа ұшыраған «Фукусима-1» стансасындағы реакторлардың бәрін де бұзып алу керек, деп мәлімдеді Жапония үкіметінің бас хатшысы Юкио Эдано.
Tokyo Elektrik Power Co. энергетикалық компаниясының төрағасы Цунехиса Кацумата да АЭС-тегі төрт реактордың жағдайының нашарлығы сондай оларды пайдаланудан шығарудан өзге амал жоқ деп атап көрсеткен. Дегенмен «Фукусима-1» стансасының операторы ТЕРСО компаниясы ядролық апаттан келген шығындар үшін айтарлықтай өтемақы төлеуге тура келетініне қарамастан национализациялау ісін айналып өтуге тырысуда. Осы орайда аталмыш компания президенті 66 жастағы Масатака Шимицудің қан қысымының көтерілуіне байланысты ауруханаға түскенін де айта кету қажет.
ОППОЗИЦИЯ ҚАТАРЫНДА «ӘЛ КАИДА» ӨКІЛДЕРІ ДЕ БАР
Америка сенатында болған тыңдау кезінде альянстың Еуропадағы күштерінің қолбасшысы адмирал Джеймс Ставридис Ливиядағы оппозициялық күштердің арасында «Әл Каида» жақтаушыларының бар екенін хабарлаған.
Оның айтуынша, ереуілшілер арасында сол сияқты «Хезболла» ұйымының мүшелерінің де болуы мүмкін. Бірақ олардың саны онша көп емес және олар басқарушы құрамда да жоқ. Пентагон егер конгресс ереуілшілерді қаруландыруды талап етер болса, ондай жағдайда ол қарулар «Әл Каида» мен «Хезболла» сияқты террорлық ұйымдардың қолдарына түсіп кете ме деп қауіптенуде.
ИЗРАИЛЬДІ ҚАТАҢ СЫНҒА АЛДЫ
Уругвай астанасы Монтевидеода палестина-израиль келіссөздеріне қолдау көрсету үшін өтіп жатқан БҰҰ-ның өңірлік конференциясына қатысушыларға БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Израиль үкіметін қатты сынға алған үндеу жолдаған.
1967 жылы басталған басқыншылыққа моральдық жағынан да, саяси тұрғыда да жол беруге болмайды. Тоқтау салатын кез жетті. Палестиналықтардың өміршең мемлекетке ие болуға құқылары бар. Иерусалим екі елдің де астанасы болуы керек, ал босқындар проблемасы әділ шешім қабылдауды талап етеді, деп атап көрсеткен Бас хатшы. БҰҰ басшысы Израилдің бейбітшілік пен қауіпсіздікке деген құқын мойындай отырып, елді келіссөздерге нұқсан келтіріп отыр деп айыптаған.
ЗІЛЗАЛАДАН 11,2 МЫҢ АДАМ ҚАЗА БОЛДЫ
Жапонияның полиция басқармасы 30 наурыз күні жер сілкінісінен қаза болғандар санының 11232 адамға жеткенін хабарлаған.
Із-түссіз жоғалып кеткендер қатары 16361 адамға жетіп отыр. Осының алдында Мияги, Фукусима және Иватэ префектураларының полициясы зілзаладан қаза болған төрт мыңға жуық адамның мүрделерін танып алудың мүмкін болмай отырғанын хабарлаған болатын. Ел үкіметінің алдын-ала бағалауынша, табиғат апаты салдарынан Жапонияға келген шығын 15-25 триллион иенді (185-308 млрд. доллар) құрайды.
АРАЛДАҒЫ ТУРИСТЕР ҚҰТҚАРЫЛУДА
Толассыз жауған жауыннан суға батқан аралдардағы курорттарда демалып жатқан туристерді Тайландтың әскери кемелері құрлыққа алып шығуда.
Өкіметтің мәлімдеуінше, аралда қамалып қалған мыңдаған туристерді кемелермен және тікұшақтармен алып шықпақ. Билік өкілдерінің айтуынша, суда қалған Самуи аралында бірнеше мыңдаған туристер, оның ішінде 600-дей ресейліктер бар, қоршауда қалған көрінеді. Ұшу алаңдарын су басып кетуі салдарынан жергілікті аэропорттардың жұмысы да тоқтап қалған.
ҚАРАБАҚ МӘСЕЛЕСІНДЕ ІЛГЕРІЛЕУШІЛІК БАР
Армения, Әзірбайжан және Ресей президенттерінің Сочидегі үш жақты кездесуінен кейін Қарабақ процесін реттеуде белгілі бір ілгерілеушілік бар, деп мәлімдеген ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы, Литва сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалис «Дельфи» агенттігіне берген сұхбатында.
Қос төрағалардың жиі сынға ұшырауына қарамастан, Минск тобы жұмыс істеп жатыр. Ресей президентінің арағайындығымен олардың тараптарға ұсынып отырған жолдары алға басуға шынайы негіз бола алады, деп атап көрсеткен А. Ажубалис. Мергендерді әскерлер тоғысатын сызықтан кейін әкету туралы өз ұсынысын айта келіп, мұның өзі сенім білдіруге деген азғантай қадам болып табылады деп хабарлаған ол.
ТАБИҒИ АПАТТАР ҚҰРБАНДАРЫ ҚАНША?
Әлемде өткен 2010 жылы 304 мың адам табиғи және антропогендік апаттардың құрбаны болған, деп хабарланған Swiss Re атты әлемдегі ең ірі сақтандыру компаниясының өткен сейсенбі күні жарияланған баяндамасында.
Бұдан бұрын компания 260 мың адамның апаттар салдарынан қаза болғандығы туралы хабарлаған болатын. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2009 жылы апатқа ұшырағандар саны 15 мың адам болған екен. Сақтандыру компаниясының қайта қараған мәліметтері бойынша, 2010 жылы табиғи және антропогендік апаттардан келген экономикалық шығын 218 миллиард долларды құрап, 2009 жылғы көрсеткіштен әлдеқайда асып кеткен.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.