Кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Хорватия парламентінің депутаты Тонино Пицула бастап келген делегация мүшелерімен кездесті.
ОСК басшысы делегация мүшелерін Орталық сайлау комиссиясын президенттік сайлауды әзірлеу мен өткізу бойынша атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырды. Сондай-ақ сайлау науқанының кейбір ерекшеліктерінен, сайлау комиссияларын қалыптастырудың заңмен белгіленген тәртібінен, президенттікке кандидаттардың сайлауалды үгіт жүргізу мәселелерінен хабардар етті. Олар тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауаптар қайтарды.
Тонино Пицула ОСК басшылығына сайлауалды шараларға жасалған жан-жақты шолу мен көрсетілген әдістемелік көмектер үшін ризашылығын білдірді. ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясы бүкіл ЕҚЫҰ кеңістігіндегі сайлауларды байқауды мақсат тұтатынын атап өтті. «Делегация мүшелерінің басым көпшілігінің сайлауларды байқауда айтарлықтай тәжірибелері бар, – деді делегация басшысы. – Қазақстандағы демократиялық үдерістер біз үшін аса маңызды және кезектен тыс президенттік сайлауды ұзақ мерзімді байқау бойынша алғашқы есепті біз дүйсенбіде, 4 сәуір күні беретін боламыз».
– ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының өкілдері Қазақстандағы барлық электоралдық науқандарды байқауға қатысып келеді, – деді ОСК төрағасы кездесу соңында. – Берген бағалары әрқашан объективті болды. Біз демократиялық және ашық сайлауды қамтамасыз ету үшін үлкен жұмыс атқардық. Сондықтан барлығымыз да сайлауды байқаудың адал әрі әділ болуына мүдделіміз.