23 Қаңтар, 2017

Кәсіпкерге кедергі келтіру тыйылмай тұр

283 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Шағын және орта бизнесті бастағандар аяғынан тұрып, алаңсыз жұмыс істеуі үшін бұған дейін де бірқатар әкімшілік шаралар қабылданған-ды. Осыған қарамастан, кәсіпорындарға жиі «қонаққа барып», ілік іздегенді ұнататын құзырлы мекемелер жеткілікті. Сондықтан алматылық кәсіпкерлер құқық қорғау органдарына шағымдануға мәжбүр болған. Осы мәселеге орай Алматы қа­ласының кәсіпкерлер пала­тасында арнайы жиын өтті. Әңгі­менің ашығы, іскерлер whatsApp арқылы есеп тапсыруға, бизнесті жүргізуде кәсіпкерлердің қызметі ереже-талаптарға сай болмағанда оның балмен есептелуіне, қыс­қасы, түрлі тексерістердің кө­беюі­не қарсылық білдіріп отыр. Жиында кәсіпкерлердің наразылықтарын қалалық про­ку­ратура да қолдады. Жөнді және жөнсіз тексеріс пен талаптардың тәртібін реттеу үшін Кәсіпкерлер палатасына барлық жергілікті мемлекеттік бақылау-қадағалау бөлімшелерінің басшылары шақырылды. Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының әкімшілік кедер­гілерді жою жөніндегі бөлімінің бастығы Бекежан Күнтаевтың ай­туынша, өткен жылғы сарап­тамалар бизнесмендерге тек­серу екі есе көбейгенін көр­сет­кен. Бақылаушылар арасын­да тұтынушылардың құқы­ғын қорғау департаменті қызмет­кер­лері аса белсенді, көш бастап тұр. Олардың тексерістері 7 есе кө­бейген. «Кәсіпкерлердің шағымдары бойынша, кәсіпорындарға бір органнан бір емес бірнеше бақылаушы әр уақытта келіп, өз тексерістерімен кәсіпкерлердің жұмыстарына айтарлықтай кедергі келтіруде. Ал бизнес нысандарын тексеретін мұндай органдар жалғыз емес. Бірнеше құзырлы мекемелер бар. Әр­қайсысы жеке келгіштеп, алаң­дата берсе, біз қашан ақша таба­мыз? Кейбір құзырлы органдар­дың өкілдері whatsApp бойынша есеп жіберуді талап еткен. Сондықтан осындай тексеріс­тер­дің қажеттілігі мен дұрыстығы күмән туғызады. Кәсіпкерлердің қызметіндегі кемшіліктері үшін қойылатын балдың жиынтығы миға қонбайды», деді Бекежан Күнтаев жиында. Алматы қаласының тұты­ну­шылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орын­басары Мұрат Биржановтың ай­туынша, егер жаңадан ашылған нысанға, мысалы, дәмхананың жұмысына алғашқы үш жылда шағым түспесе, онда ешкім оны тексермейді. Бақылаушылар өз жұмысын төртінші жылдан бастайды. «Біздің қызметкерлер тексеру қағаздарына бизнесті жүргізу тәртібі бұзылған жағдайда, айыпбалл жазады. Талаптарға сай емес қызметтерге бақылаушылар 10 балға дейін қоюы мүмкін. Орташа қызмет бұзушылыққа 50 балға дейін беріледі. Ал өрескел қателіктерге 100 балға дейін беріледі. Егер қызмет көрсету нысанының кемшіліктері 60 балдан жоғары болса, жарты жылдан соң тағы тексереді», дейді Мұрат Биржанов. Бекежан Күнтаевтың ай­туын­ша, орынсыз әрекеттер, қисын­сыз тексерістер, whats­App ар­қылы есеп алу жем­қор­лыққа жол ашады. Ал­маты қаласы про­куратура істері бас­қармасы­ның проку­ро­ры Темір­лан Қанат­жанов тек­серіс­терді жүргізу тәр­тібі биз­нес­ке қысым көрсетпеуі үшін бақы­лау­шы ор­гандарға ұсыныс-кеңес­тер жа­сауды тапсырды. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ