Қазір телевизия мен интернеттің дәурені жүріп тұрған заман. Әрине, бұлардың қай жаңалықты болсын бұқараға жедел жеткізуде алдына қара салмайтыны белгілі. Дегенмен, солай екен деп мерзімді баспасөздің рөлін жоққа шығаруға болмайды. Газет өз оқырманын мейлінше толық, жан-жақты ақпаратпен қамтамасыз етеді. Біздің бұл жолы айтпағымыз – еліміздегі спорт тақырыбындағы баспасөздің, әсіресе, қазақ тілді басылымдардың жайы. Кейінгі жылдары негізгі көзайымымыз республикалық «Қазақ спорты» мен «Sport» газеттері еді. Соның өзі көп көрінді ме, қазір екеуі қосылып, бір басылым ретінде шығып жатыр. Осының себеп-салдарын білу үшін біз таяуда тараған «Sport» газетінің бас редакторы болған белгілі қаламгер, тәжірибелі журналист Дүрәлі ДҮЙСЕБАЙ мырзаны әңгімеге тартқан едік.
– Жалпы, спорт басшылығы тарапынан спорттық басылымдарға деген көзқарастың төмен болуы не себептен деп ойлайсыз?
– Қазіргі таңда мынадай саясат бар. Ол – газет-журналдарды мемлекеттік мекемелерден бөлу. 2019 жылы 60 жылдығын тойлағалы отырған «Спорт» (орысша) және «Sport» (қазақша) газеттері осыдан үш-төрт жыл бұрын жекеменшікке сатылып кетті. Алғашқысының 2015 жылы, ал екіншісінің 2016 жылы 5 мыңыншы саны жарық көрді, бірақ оны қадағалап отырған, елеп-ескерген ешкімді көрмедік.
Жалпы, аталған газеттер еш мекемеге қарамайды. Бұрын республикалық спорт ведомствосының қарамағында болған. Арнайы қаржы бөлінген. Таралымы да едәуір еді. Ал жекеменшіктің қолына өткен соң, ешкімге керек болмай қалды.
Мен бұл басылымдардың басшылығына 2014 жылдың басында келдім. Спорт комитетімен байланыс орнатып, аталған комитет газетті қал-қадерінше өз қарамақтарындағы мекемелерге хат жолдау арқылы жаздыруға тырысты. Қазаққа «жазыл» деп айлық алған кезде қасында тықақтап отырып, түбіртекке қол қойғызып алмасаң, өзі «мына газет мықты» деп мақтап отырса да жазылмайды. Тіпті, осы кезде керемет таралыммен ел арасында беделге ие болған «Қазақ спорты» да соңғы жылдары тиражын жоғалта бастады. Бұл біздің қоғамның мерзімдік басылымдарға деген көзқарасының өзгергендігінен болар. Әйтпесе, Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт комитеті көмектескісі келіп-ақ отыр.
– Қазіргі таңдағы қазақ тілді спорттық порталдардың жұмысына қандай баға берер едіңіз?
– Құдайға шүкір, қазір қазақ тілді порталдар аз емес. Тәп-тәуір жұмыс істеп жатыр. «Ала доп», «Аламан» деген қазақша сайттар болды. Қазір әрбір спорт федерациясының, мекемелерінің жеке порталдары бар, бірақ солардың қазақшасы ақсап жатыр. Өз басыма Нұрғазы Сасаев жүргізетін Астана қалалық футбол федерациясының сайты ұнайды. Ал Нұрғазының әрбір постын іздеп жүріп оқимын. Ізденіс бар: тақырып таңдауда да, материалды жазу стилінде де.
– Тәжірибеңізге сүйеніп, қазақ тілді спорттық басылымдар бәсекеге қабілетті, өміршең болуы үшін не қажет деп ойлайсыз?
– Менің байқауымша, қазір интернет-басылымдар ерекше мәнге ие болып келеді. Бұл дәстүрлі БАҚ-тың, яғни мерзімді басылымдардың рөлі төмендеді дегендік емес. Мәселе қазір газет оқитын ұрпақтың азайып бара жатқандығында. Бәрі әлеуметтік желіге бұрылып барады. Сонау кеңестік кезеңде идеология мықты болды. Газет-журналдардың келешек ұрпақты тәрбиелеудегі маңызын біліп, сол тұста мектеп оқушыларын газет оқуға баулитын пионер жасындағыларды «Қазақстан пионеріне», комсомол жасындағыларды «Лениншіл жасқа» жаздыратын. Тағы бір газетке жазылу міндетті болатын. Бірақ оны өзің таңдайсың. Біз ол кезде ең арзан (ұмытпасам, 84 тиын) «Спорт» газетіне жазылатынбыз. Спорт басылымының қазіргі бағасы да соншалықты қымбат емес, жарты жылға – 2 мың теңге. Газет оқитын ұрпақ жоқ дей алмаймын, дегенмен мектепте газет оқымаған бала қалай кітапқұмар болып өседі?
Қазақ қоғамы газетке енжар. Әйтпесе, «Sport» та, «Қазақ спорты» да өзекті мәселелерді көп жазды. Шекесінен шертіп айтпай-ақ қояйын, кездескенде, сыртқа шыққанда сол қозғалған мәселелер төңірегінде ризашылығын білдіріп, пікірін айтып жататындар жиі кездеседі. «Осы ойларыңызды неге газетке жазып, пікір білдірмейсіздер?» десең, «Өй, қайдан, уақыт жоқ» деген секілді сылтаумен күмілжи жауап береді. Әйтпесе, қазақ тіліндегі спорттық басылымдар соншалықты көп те емес қой. Бәлкім, менеджмент жағы да жетісіңкіремейтін болар. Елмен, жұртпен жиі кездесуге, қаншама жерді аралап шығуға мемлекеттің көмегіне зәру, онсыз да қалт-құлт етіп әрең шығып отырған басылымның мүмкіндігі бар ма? Мемлекеттік тапсырыс арқылы тендерден деп 2-3 миллион теңге алатыны бар кейде. Газет шығаратындар біледі: ол қай жыртықты жамайды?! Сұрақ көп. Президент пен билік партиясы спортқа ерекше ден қойып отырған заманда, спорттың даңқы асып тұрған тұста спорттық басылымдармен бірлесіп жұмыс істеу керек-ақ. Оның жолын сонау билікте отырған азаматтар білетін шығар...
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»