Биыл Қарулы Күштер құрамындағы тәрбие құрылымдарының офицерлері өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Осыдан 24 жыл бұрын Елбасының арнайы Жарлығымен Қорғаныс министрлігінің, Республикалық ұлан, Шекара және Ішкі әскерлердің аппараттары және әскери бөлімдер мен мекемелерден бастап роталар мен оларға теңестірілгендерге дейін барлық буындарда командирлердің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары институты енгізілген болатын. Бұл институт тәрбиеші офицерлер үшін маңызды қызметтік іс болып табылады.
Осыған орай, 1993 жылғы 22 маусымда Президент Н.Назарбаевтың қаулысымен «Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар органдары туралы ереже» де бекітілген еді.
Негізінен, тәрбие жұмыстары органдарын құру тарихы Қарулы Күштердің қалыптасу және даму кезеңімен тығыз байланысты болғандықтан, тәрбие және идеологиялық жұмыстарды жетілдіру қажеттігі туындады. Ол жеке құрамның алдына қойылған жауынгерлік және оқу-жауынгерлік міндеттерін орындауға моральдық және психологиялық әзірлігін бағалауға жаңа, жоғары өлшемдермен ұштасады. Осы өзекті мәселені шешудегі негізгі рөлді жеке құрамның моральдық-жауынгерлік рухын қалыптастыруға көмектесетін тәрбие және идеологиялық жұмыстар органдары атқарды.
Тарих жоғары жауынгерлік рухы бар адам барлық қойылған міндеттерді шеше алатынын растайды. Жауынгерлік рух жеке құрамның отансүйгіштігі мен әскери тәртіптен, өз елімізге бірлесіп қызмет еткеннен және еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге деген шешімділігінен туындайды. Жауынгерлік рух командирлердің және тәрбие құрылымдары офицерлерінің жеке үлгісінің ықпалымен нығаяды. Әскери борышқа адал болу, патриотизм сияқты қасиеттер қазіргі заманғы қазақстандық армияның бейнесін айқындайды.
Осыған байланысты аты аңызға айналған ұлт батыры Бауыржан Момышұлы былай деген болатын («Соғыс психологиясы» кітабында): «…қазіргі заманғы техника материалдық база және соғыс құралдары болып табылады. Ең бастысы, бұл – тірі және саналы адам. Адамның моральдық-адамгершілік қасиеттері рухани күш деген сөздерімен айқындалады. Рухани күштің негізгі көзі: ақыл, сезім, ерік болып табылады. Адам қасиеттерінің осы элементтерімен мақсатты және бағытталған жұмыс жасау тәрбиелеу құралы болып табылады».
Құрылған сәтінен бастап тәрбие құрылымдарының офицерлері командирлермен және штабтармен бірлесе отырып, өздерінің мақсатты қызметімен әскери ұжымдарды біріктіруге, жеке құрамның ар-намысы мен абыройын қорғауға, әскери қызметтің беделі мен имиджін нығайтуға бағытталған міндеттерді іске асыру саласында ауқымды жұмыс жасады. Жауынгерлік жарысты ұйымдастыру, ақпараттық-тәрбие, әскери-әлеуметтік, мәдени-демалыс, психологиялық жұмыстарды жүргізу және жеке құрамды сыңаржақ идеялардан сақтау шеңберінде көп іс тындырылды. Құқық тәртібі мен әскери тәртіпті нығайту үдерісіне де олар мол үлес қосты. Олардың осы бағыттағы теңдессіз еңбектерінің бірі – армияда 90-жылдары орын алған қылмыстар мен оқиғалардың легі тоқтатылды.
Әрине, Қарулы Күштердің қалыптасуы мен дамуының ең қиын кезеңдерінде ауыр сынға шыдаған біздің құрметті ардагерлеріміз ерекше мақтауға лайық, олар еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға үлкен үлес қосты. Әсіресе, тәрбие жұмыстарын жандандыра түсті. Дәл солардың белсенді қатысуымен Қарулы Күштердің нормативтік құқықтық базасы қалыптасты.
Қарулы Күштердің дамуын нығайтуға байланысты жеке құрамның алдына қойылған жауынгерлік және оқу-жауынгерлік міндеттерін орындауға моральдық және психологиялық әзірлігін бағалауға жаңа, жоғары өлшемдерді талап ететін идеологиялық жұмысты жетілдірудің қажеттігі туындады. Сондықтан да, қазіргі уақытта Қарулы Күштерде тәрбие және идеологиялық жұмысты ұйымдастырудың тұтас қалыптасқан жүйесі құрылған. Олардың мәртебесі көтерілген, Қарулы Күштердің барлық түрлерінде, өңірлік қолбасшылықтарда, әскер тектерінде тәрбие және идеологиялық жұмыстар басқармалары, бөлімдері қызмет етеді, оларды бас қолбасшылардың және қолбасшылардың тиісті орынбасарлары басқарады.
Тәрбие жұмыстары органдарының өзекті міндеттерінің бірі – әскери қызметшілердің отбасыларында саламатты моральдық-өнегелік жағдай қалыптастыру, бұл жеке құрамның міндеттерін ойдағыдай жүзеге асыруға көмегін тигізеді. Сондықтан, әскери басқару органдарында, әскери бөлімдерде әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмысты ұйымдастыру бойынша лауазымдар енгізілуде. Сонымен қатар, Қарулы Күштерде психологиялық және әлеуметтік жұмыстарды жақсарту, әскери қызметтің қауіпсіз талаптарын құру үшін батальондар мен бригадалардың психологтары лауазымдары енгізілген.
Идеологиялық жұмыстарды жүргізуде сыңаржақ идеялардың әскер ортасына енуіне жол бермеу бойынша шаралар белсенді ұйымдастырылуы үшін идеологиялық жұмыстар мен арнайы насихат жөніндегі офицерлер міндеттерін ойдағыдай орындауда. Сондай-ақ, жеке құрамның жоғары моральдық-психологиялық жай-күйін қалыпта ұстау, әскери және құқық тәртібін нығайту, әскери ұжымдарды біріктіру мен Отанды қорғау бойынша әскери міндетті орындауға бағытталған құндылықтардың жүйесін жеке құрамда қалыптастыру мақсатында ұдайы іс-шаралар кешені жүргізіледі (мемлекеттік-құқықтық дайындық, конференциялар, лекциялар, әңгімелесулер, пікірталастар, дөңгелек үстелдер, тренингтер, сауалдамалар, тестілеулер, озаттарға құрмет көрсету, кездесулер және т.б.).
Командирлермен жүргізілетін жұмыстар нәтижесінде, әскери және құқық тәртібін нығайту мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша тәрбие және идеологиялық жұмыстар органдарымен қылмыстардың санын төмендетуге қол жеткізілген. Соңғы жылдары қылмыстардың саны 4 есе азайды. 2016 жылды әскери бөлімдер мен мекемелердің 80 пайызы құқық бұзушылықтарсыз және жеке құрамда кісі өлімін болдырмай аяқтады.
Әскери қызметшілерді және өсіп келе жатқан жас ұрпақты «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының рухында әскери-патриоттық тәрбиелеу басым бағыттардың бірі болып саналады. Бұл мақсат үшін мектептерде жасөспірімдік патриоттық ұйымдастыру желісі кеңейтілді, сөйтіп, 63 мыңнан астам жасөспірім мен қыздар қамтылды.
Әскери-патриоттық клубтардың әрбір төртінші тәрбиеленушісі өз өмірін армиямен байланыстырады. Жыл сайын дәстүрлі негізде әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілерінің, республикалық (облыстық) мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілерінің, жоғары оқу орындар әскери кафедралары студенттерінің қатысуымен «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны өткізіледі. «Жас Ұлан» әскери әндер фестивалінің форматы аймақтардың мектеп оқушыларын қатыстыру арқылы кеңейтілді. Республика Композиторлар одағымен бірлесіп, «Сарбаз әндері» бірінші республикалық әскери-патриоттық әндер байқауы өткізілді.
Жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, оқу орындарында ерлік сабақтарын өткізіп тұру да әдетке айналған.
Мұхамеджан ТАЛАСОВ,
генерал-майор,
Қарулы Күштер Бас штабы бастығының орынбасары – тәрбие және
идеологиялық жұмыстар жөніндегі департамент бастығы