Оңтүстіккореялық Samsung компаниясы Galaxy Note 7 смартфондарының жарылып кету себебін жариялады. Жүргізілген зерттеу нәтижелеріне сәйкес, бәріне қуатталу кезінде қызып кететін сапасыз аккумуляторлар кінәлі, деп жазады Лента.ру.
Компания таратқан хабарламада атап көрсетілгендей, Samsung мамандары жіберген қателіктерін мойындап, смартфондарға арналған батарея құрылымы мен құрастыру процессін өзгертуді көздеп отыр.
«Қателікті қайталамас үшін белгілі бір түзету шараларын қолға алып жатырмыз», - делінген хабарламада.
Galaxy Note 7 смартфоны Galaxy Note 5-тің ізбасары ретінде 2016 жылдың тамызында сатылымға шықты. Осы сериядағы бірнеше аппараттың жанып, жарылып кету себептеріне байланысты өткен жылдың қыркүйегінде Samsung 2,5 миллион смартфонды қайтарып алу жөнінде шешім қабылдады.
Жарылып кететін смартфондардың кесірінен келтірілген шығын көлемі, компания есебі бойынша, 5,3 млрд доллар шамасында.