23 Қаңтар, 2017

Сот төрелігін жүзеге асыру жайы қаралды

558 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMG_4730Алматы облыстық сотында өңір активінің қатысуымен 2016 жылғы облыс соттарының сот төрелігін жүзеге асыру қорытындысы шығарылды. Шараға Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Серік Мұқанов, Алматы облыстық сотының төрағасы Мейрамбек Таймерденов, облыс судьялары, соттар әкімшісінің басшылығы мен қызметкерлері, өңірдің құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдарының бірінші басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Кеңесті ашқан М.Таймер­денов Алматы облысы соттары­ның 2016 жылы сот төрелі­гін жүзеге асыруының және іс­тер­ді қараудағы заңдылықты сақ­тауының негізгі қорытынды­ларымен таныстырды. Бұдан әрі Судьялар одағының Алматы облыс­тық филиалының Судья­лар әдебі комиссиясының төра­ғасы Б.Зағиев сөз сөйлеп, өңір судья­ларының әрекеттеріне қатысты өтініштер мен шағымдарды қараудың нәтижесін хабарлады. Бұдан кейін бірқатар сот төрағалары жұмыс қорытындысы бойынша баяндама жасады. Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Мәми Мемлекет басшысының қатысуымен өткен судьялардың VII съезінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын практикалық тұрғыдан іске асырудың негізгі нәтижелерін айтып өтті. Жалпы алғанда, үш сатылы сот төрелігі жүйесі сәтті іске қосылды,  судьяларды ірік­теу мен ілгерілету жүйесі айтар­лықтай қатаңдатылды, Сот жюриі­нің жұмысы реформаланды, Жоғарғы Сот жанынан инвес­тициялық дауларды қарайтын мамандандырылған алқа, Сот төрелігі академиясы мен Ха­лықаралық кеңес құрылды. Тергеу судьяларының, алқа­билер сотының құзыреті неғұр­лым кеңейтілді, азаматтық істер бойынша прокурорлардың сотқа қатысуы қысқартылды. Судьялардың жұмыстағы  және қызметтен тыс уақыттағы жүріп-тұруын нақты регламенттейтін жаңа Судьялық әдеп кодексі қолданысқа енгізілді. Жаңа ақпараттық технологиялардың, соның ішінде барлық сот залдарын аудиобейнетіркеу жүйелерімен толықтай жарақтандыру нәтижесінде соттардың қызметі неғұрлым ашық әрі айқын бола түсті. Жаңа Азаматтық процестік кодекс пен қылмыстық заңнама жоғары тиімділігін көрсетуде. Республика бойынша  барлық азаматтық істердің 59,2% жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қаралды. Медиацияны қолдана отырып аяқталған істердің саны үш есе артты, дауды шешудің баламалы тәсілдері шамамен екі есе жиі қолданылды. Прокурорлардың қатысуымен қаралған істердің саны шамамен төрт есеге азайды. Республика бойынша сотқа дейінгі жеделдетілген тергеу тәртібімен қаралған қылмыстық істердің саны 14%-ға, келісімдік іс жүргізу тәртібімен аяқталған істер – 10%-ға, қысқартылған тәртіппен қаралған істер – 2 еседен көп мөлшерге артты. Ақтау үкімдерінің саны 19,2%-ға, алқабилердің қатысуымен қаралған қылмыстық істер – 11,9%-ға көбейді. Кеңес қорытындысын шығара келе, Қ.Мами Алматы облыстық соттарына сот төрелігін жүзеге асыру бойынша бірқатар нақты міндеттер жүктеді. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы