Егіндікөл ауданының тұрғындары ежелден ұйымшылдығымен, еліміздегі оң өзгерістерге өзіндік екпін берер белсенділігімен ерекшеленіп тұрады. Басты себеп – жақсы өмір сүру үшін жақсы еңбек етіп, жақсылықтарды өз қолымен жасауды мұрат санауда деп білемін. Тың көтеру жылдары осы өлкеге жас агроном ретінде жолдамамен келген мен үшін бұл тіршілік мағынасын арттырар үлкен қасиет ретінде, жігерлендіруші қасиетке ие ұғым.
Өлкеміз аса маңызды өзгерістер құшағында. Ел тәуелсіздігінің тәбәрік талаптарынан туындаған жемістерді көрудің қаншалықты қымбат та ғанибет екендігін тұшыну да бақыт. Күні ертең кезектен тыс президенттік сайлау болмақ. Елімізге әйгілі төрт азамат бәсекеге түскелі тұр. Бұл – бақталастық емес. Отанымыздың кемелдігін байқататын қадам деп бағалаймын. Енді жер жүзі назарындағы сайлауымызды талап дәрежесінде өткізу ұлық парызымыз деп білемін.
Ауданымызда 18 сайлау учаскесі құрылып, дауыс беретіндердің тізімі мұқият қатталды. Соның 30 пайызы зейнет жасындағы азаматтар болғандықтан, ақсақалдар алқасының тоғыз мүшесінде де тыным жоқ. Сайлауалды жиналыс, кездесу, басқа да саяси шаралардың барлығына қатысып, ағалық ақыл-пайымымызды ортаға салдық. Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Өмірзақ Жұманға рахмет, бізді бірде-бір шарадан тыс қалдырмайды. Жуырда аудан орталығындағы №317 сайлау учаскесінде биыл тұңғыш рет дауыс беретін 8 жаспен кездесу ұйымдастырылды. Мен оларға сонау қырқыншы жылдары Ақмола кәсіптік мектебінде оқып жүріп, бірінші рет дауыс бергенімді әңгімелеп бердім. Сайлаулардың ерекшелігін түсіндіруге тырыстым. Қызық жағдай болды. Кездесу үстінде учаске орналасқан №1 қазақ орта мектебінің мұғалімі Жандос Алиакбаров 3 сәуір күні 25 жасқа толады екен. Шараға қатысқан сегіз жас (аудан бойынша – 78) Жандос ағаларының туған күнін ерекше оқиға ретінде атап өтуге шешім жасады. Мәселе онда емес, мәселе ертеңгі күніміздің айшықты оқиғаларға, жақсы үміттерге толы болатындығына сенімнің молдығында деп ұқтым.
Жолдыбай БАЛТАБЕКОВ, ақсақалдар алқасының төрағасы.
Ақмола облысы, Егіндікөл ауданы.