Мойынқұм мыңғырған малымен ғана бай емес, бүгінде өркендеген өнеркәсібімен де басқалардан мойны озып тұр. Оған осы өңірден бірінен кейін бірі салынып жатқан ірі кәсіпорындардың менмұндалаған мұнаралары куә.
Өткен жылдың аяғында мұнда цемент өндірумен шұғылданатын «Мыңарал тас компаниясы» ЖШС өңірдегі аса ірі цемент зауытын іске қосқан болатын. Сөйтіп алғашқы қарқынмен 35 мың тонна цемент өндіріліп, сатылды. Бірақ кейбір себептерге байланысты зауыт жұмысы екі айға тоқтап қалды. Бұл, әрине, құлаққа жағымсыз жәйт. Әсіресе, облыс аумағынан «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» автомагистралы салынып жатқан кезде пайдалануға жаңа ғана берілген цемент зауытының тоқтап тұруы ешқандай ақылға сыймайтын іс болатын. Осы жобаға Мыңарал цементін мүмкіндігінше мол өткеруге күш салып отырған ЖШС мен облыс басшылары мәселеге жауапкершілікпен қарауының арқасында түйін шешіліп, зауыт сәуір айының алғашқы күнінен бастап толық қуатында жұмыс істей бастамақшы. Сөйтіп алдын-ала жасалған жоспар бойынша биыл барлығы 250-300 мың тонна цемент өндіріліп, өткерілмек.
«Мыңарал тас компаниясы» ЖШС сонымен бірге, өнімдерін облыстан тыс жерлерге де шығармақ. Ол үшін өз тасымал құралдарын пайдалануды көздеген кәсіпорын бүгінге дейін 95 вагон сатып алса, енді 130 вагонды күтіп отыр.
Бүгінде «Мыңарал тас компаниясы» ЖШС-да 500 жұмысшы еңбек етеді. Күн жылысымен олардың саны бұдан да арта түспек. Демек жұмысшыларға жағдай жасау – жауапты міндеттердің бірі. Сондықтан болар, қазір мұнда үш қабатты 6 үй салынып жатыр. Олар күзге дейін зауыт жұмысшыларының игілігіне ұсынылмақ.
Ал индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде қолға алынған Хантау цемент зауыты құрылысының тоқтап тұрғанына жылдан асқан. Жақында бұл мәселенің түйіні де шешімін тапты. Бұған дейін 70% дайын болған зауыт құрылысы енді одан әрі жанданбақ. Жоба бойынша Хантау цемент зауыты жыл аяғына қарай өз өнімін шығара бастайды.
Мойынқұмдағы Қияқты ауылының маңында гранит цехы да жұмыс істеуде. Оның иесі «Аль-Басар» ЖШС болып табылады. Цех қазір бордюр шығарумен айналысуда.
Мінеки, аты аңызға айналған «малшылар маршалы» Жазылбек атамыздың тұсында ақтылы қойларымен аты шыққан Мойынқұм өңірі енді ел-жұртының байлығын заман талабына сай алып кәсіпорындарымен де кенелтуде. Бұдан индустрия игілігінің шалғай ауылдарға да жете бастағанын анық байқауға болады.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Мыңарал ауылы.