01 Сәуір, 2011

Адамның бәрі де қамқор көңіл күтеді

431 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Мәреге жақындаған сайын шабыстың үдейтіні бар. Президенттіктен үміткерлердің қазіргі күйін солай сипаттауға болғандай. Ха­лық­тың бәрімен кездесіп үлгермейсің, бірақ көбірек кездесу парыздай көрі­неді. Күні кеше Қарағандыда болған «Табиғат» экологиялық ода­ғының төрағасы Мэлс Елеусізов енді Алматы жұртшылығының арасында жүрді. Оның сайлау алдындағы іс-әрекетіне зер салып отырғандар бұған шынымен-ақ таңданыс білдіреді. Көптен бері көңілінде жүрген бір мәселе қылмыстарын өтеп жатқан кәмелетке толмаған жасөспірімдердің өмірімен танысу еді. Сол үшін президенттіке кандидат Мэлс Елеусізов ЛА – 155/6 деп аталатын мекемеге келді. Тәртіпке қатаң қарайтын жер – барлығы да тап-таза, ондағы кешкі мектеп жақсы жабдықталған екен. Аралап көріп, көңілдері толды. Қазір мұнда каникул, содан да айрықша тыныштық. Балаларға деген Мэлс Хамзаұлының көңілі ерекше. Кезінде комсомол ұйы­мы­­ның жетекшісі болып жұмыс істегенде де, кейін өз өмірін табиғат қор­ғау­ға арнағанда да балалармен қарым-қа­тынаста болды. Олардың өмірімен таныс. Қиын балаларды өмір жасайды, олар сол өмірдің қиындығына кезіккенде бұзылады. Оларға ата-анасының қиын өмірі әсер етеді. Енді соларға басты көмек – оларды игілікті іске ара­ластыру қажет. Қиын жағдайға душар болған бала адами қамқорлыққа зәру. Соны арнаулы мекемелер де, онда жұ­мыс істейтін адамдар да ойлауға тиіс. Атақты эколог осындағы жасөспі­рім­­дермен кездескенде, олардың ынта-құмарлықтарына назар аударғанда, олардың да экология мәселесіне жаны жақын екенін аңғарып, сол мәселені әңгімесіне арқау еткен. – Мен көптен бері Каспий, Арал, Балқаш су көздерін ластанудан қорғау мәселесімен айналысып жүрмін, – деп эколог жасөспірімдерге өзекті ойын айт­ты. – Бұл – болашағымыздың мәсе­лесі. Сендер белсене айналысатын мә­се­ле. Алматының ауасы оңалу үшін де бар­лы­ғымыз болып көп нәрсе істеуіміз керек. Өздеріне кең дәрежеде сөз арнаған осы бір ағайларының әңгімесі жасөспі­рім­дерге ұнап, олардың арасында еркін әңгіме өрбіді. Тіпті олар басқа да көп­теген мәселені сөз етісті. Әсіресе, сот жүйесі туралы әңгіме қызу болды. Біреу­лері қылмыстың үлкен-кішісіне қара­май, бірдей жаза қолданылатынын да айтты. Оған Елеусізов те түсіністікпен қарап, жалпы, соттың қайырымды болғаны дұрыс, бірақ қылмыс жазасыз қалмауы керек деп уәжге шақырды. – Ең басты мәселе – қылмысқа апаратын жолды жабуымыз керек, – деді Мэлс Хамзаұлы. – Сондай балалар жақ­сы іске аралассын, табиғатқа қам­қор болған бала қылмысқа бара қоймайды. Түзеу мекемесінің басшыларымен әңгімесінде президенттікке кандидат өздерінің ортақтаса істейтін жұмыстарының көптігін, оған өзінің әрқашан да әзір екенін айтты. *  *  * Қазір президенттікке кандидат М.Елеусізовтің сайлауалды штабында да қарбалас сәт. Жұрт мұрнынан шаншы­лып жүр. Сенім білдірілген адам­дар­дың қайсысы қай жерге баратыны, президенттіктен үміткердің өзі қай сайлау учаскесінде дауыс беретіні, жалпы сол сайлау күні қандай шаралар ұйым­дас­тырылып, қандай шараларға қаты­са­тындары айқындалып қана қоймай, қайта-қайта пысықталып жатыр. Бұл үлкен науқанды қоры­тын­дылайтын да кез келгендей. Сірә, «Та­биғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов үшін, оның сенімді өкілдері үшін, жалпы «халық эко­ло­гын» қолдайтын қауым үшін ол ай­тарлықтай табысты болғандай. Уа­қыттың мүмкіндігіне орай президенттікке кандидат елдің біраз аймағында болып, оның жұртпен кездесуі барлық ақпарат құралдарында жан-жақты көр­сетілді. Бұл жерде сол ресми ақпарат құралдары тарапынан президенттікке кандидаттың барлығына бірдей мүм­кіндік берілгені осы сайлаудың ай­рықша ерекшелігі болғаны өз алдына, оны президенттіктен үміткерлер де тиімді пайдаланды. Сол ақпарат құ­ралдарында жарияланған, көрсетілген материалдарға қарап, халық арасында еліміздің табиғат қорғаушысы жайлы ай­тарлықтай мол мағлұмат тарап, оның жағымды келбеті қалыптасты деген жөн шығар. Содан да сайлаушылардың бір тобының өз таңдауы еліміздің болашағына үлкен сеніммен қарайтын, оның игілігі үшін күш-жігер, қажыр-қайратын аямайтын күрескер азамат Мэлс Хамзаұлы Елеусізовке түсетіні анық. Мамадияр ЖАҚЫП.