Шаштараз жігіт шашымды қысқартып, «Басыңызды жуасыз ба?» деген сайын жас кезімдегі бір оқиға есіме түседі.
Қалаға жаңадан келген кезім болатын. Ол кезде шаш қысқартуға міндетті түрде қырғы базарға баратынбыз. Ығы-жығы базардың арасындағы екі қабатты ғимараттың бір бұрышына орналасқан өзбек шаштаразшылары өте арзан және жылдам қысқартатын. Орталықтағы сырты әйнектелген, әдемі ғимараттардың ішіндегі шаштараздарды көрсек, «Құдай біледі, бағасы қымбат-ау» деп теріс айналып, сол үйренген қырғы базарымызға тартып кете беруші едік.
Бірде ауылдан сәлемдеме келіп, қалтамда ақшам көп болды ма, әлде асығыс болып, уақыт қысты ма, әйтеуір, «тәуекел» деп, қаланың қақ ортасындағы бір әдемі шаштараздың есігін имене ашқаным есімде... Бір орыс қыз түрлі-түсті журналдарға үңіліп, шыр айналатын орындықта ары-бері шайқалып, ерігіп отыр екен. Мені көріп орнынан атып тұрып, үсті-басын қаққыштап, шашын түзей бастады. Басқа ешкім жоқ. Орыс екенін сәл бұрын білгенімде теріс айналып кетер ме едім... Енді кеш болып қалды. Амал жоқ, «Здраствите» деп ернімді жыбыр еткіздім де, әлгі орындыққа ақырын отыра кеттім.
Орыс қыз да шаш қысқартуға келгенімді бірден түсінді. Түсінбейтін несі бар, шашым толқынданып, ұшы бұралып, көзіме түсіп, Маугли боп кеп отырмын ғой. Алжапқышты алдыма жапқаннан кейін қою шашымды бір-екі мәрте тарады да, қандай үлгімен қысқартатынымды сұрады. Не айтарымды білмей, аузым ашылып қалған...
Қырғы базардағы шаштаразшы өзбектер мұндай сұрақ қоймайтын. Алдына отырдың, бітті, қой қырыққандай зыр еткізіп, он-он бес минөтте қысқартып береді. Орныңнан тұрып, ақысын төлейсің де кете барасың... Рас, «Шаш жуасың ба?», деп бір ауыз сұрайтын. Бірақ ешқашан жуған емеспін.
Көзімнің жыпылық-жыпылық етіп, сасып қалғанымды орыс қыз да сезді ғой деймін, бірнеше шаш үлгісін айтып шықты. Соның ішінде «молодежный» дегені құлағыма жылы естілді. «Молодеж...», дедім тұтығып. Сонымен орыс қыз іске кірісті. «Тағы бір нәрсе сұрап қалмаса екен» деп, құдайыма сыйынып мен отырмын.
Қайшысын жалаңдатып, оң жақ, сол жағыңда лыпылдап жүретін өзбек жігіті сияқты емес, бұл қыз шашымды асықпай, баппен қысқартып, соңында үсті-басымды қағып болған соң «Идем, голову мыть будем...» деп, келесі бөлмеге кіруімді өтінді. «Алдымен шашымды жуам ба, жоқ па, адамнан сұрамай ма екен?» деп, іштей бұрқылдасам да, тілім қысқа, амал жоқ, келесі бөлмеге өттім. «Жумаймын» десем, ол тағы бірнәрсе айтатын сияқты. Сонымен бар білетін орысшам таусылып, қызары-е-еп, төмен қарап қалатындай сезіндім. Ол кезде орысша білмей қалу деген жердің тесігіне кіріп кетумен бірдей еді ғой.
Орыс қыз келесі бөлмеге кіргізді де төрдегі орындықты нұсқап, «қазір келемін» деп шығып кетті. Қарасам, төрдегі орындық мүлдем басқаша. Мұндайды өмірі көрмегем... Шалқалай жатқан орындықтың желке тұсы ойық, сол ойықтың тұсында бас жуатын шүмек табақшасымен тұр. Қазір мұндай орындықтар барлық шаштараздарда бар ғой. Шалқаңнан жатқызады да басыңды су құятынға ыңғайлап, жуа береді. Сол үшін орындықтың желке тұсын кішкентай ойып қойған.
Адам баласының шашын шалқалап жатқызып қойып жуады дегенді көрмек түгілі естімеген кезіміз ғой. Ауылда басыңды иіп тұрасың, екінші адам ожаумен басыңа су құяды, болмаса шылапшынға еңкейіп өзің жуасың... Мұндайды кім көрген... «Орыс қыз кеп: «Әлі дайын емессің бе?», деп жүре ме деп, орындықтың үстіне тізерлеп шықтым да, әлгі ойыққа иегімді қойып, басымды төмен қаратып тұра қалдым.
Сол күнгі орыс қыздың күлкісі әлі есімнен шықпайды. Орындықтың үстінде тізерлеп, денемді иіп, ойық желкесіне иегімді қойып тұрған мені көріп шаштараз қыз күлкіден тұншығып, соңында жерге отыра қалып күлді. «Жынды ма?», деп ойықтан иегімді көтермеген күйі көзімнің қиығымен қарап қоямын... Қыз қолын сермеп, күліп жатыр, күліп жатыр...
Сол күнгі кейпім көз алдыма келсе, жынды адам құсап өзім де күле беремін. Шынында түк көрмеген бала екенбіз ғой...
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»