26 Қаңтар, 2017

Айлы түннің сәулесі

727 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жумахмет Мырзахметулы 3Былтыр ел Тәуелсіздігінің мерейтойына орай Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында бірқатар қылқалам шеберлерінің көрмесі өткен болатын. Олардың арасында Жұмахмет Мырзахметұлының «Тәуелсіз елімізге Алла жар болсын» атты жеке көрмесі есте қалыпты. Көрмеде суретшінің пейзаж жанрындағы туындылары шерулеткен еді. Жұмахмет Мырзах­метұлы өзінің сурет­кер­­лік әлемі арқылы мо­­­нументальды-деко­ра­­­­­тивтік мәнерді ғана емес, символикалық-кон­­цептуальдық стилін танытқан талант иесі. Жалпы алғанда, су­рет­шінің тақырыптық ком­по­зициялық идеясы өте ауқымды және мағыналы. Соңғы көр­месінде суретшінің 60 туындысы қойылса, өзі де 45 жылдан бері 60-тан астам халықаралық, республикалық деңгей­дегі көрмелерге қатысқан. Қылқалам шеберінің шығар­маларынан да­ла иісі аңқиды. Тау бөк­терлері алыстан мұнар­тып, ауылдың түтіні адамды өзіне тар­та­ды. Оның мың құ­был­ған «Күннің батуы», «Жауынды күн», «Бұлт­ты күн», «Күзгі Көк­төбе», «1-ші шағын аудан», «Айлы түн» сынды туындылары жаздың шуақты күндеріне ша­қырып, алыстан мұнар­ланған сағым лебін де сезінгендей боласың. Күн шұғылалы биік таулар, жайқалған ағаштар, өзен сылдыры мен желпіп соққан самал жел, таңсәрі, көкжиектегі күн, күннің батуы, бәрі-бәрі, әсіресе, қызыл-сары түс­тегі бұлттардың өзі де фи­лософиялық сырды ашып көрсетеді. Шебер жұмыс жасау үшін терең ойланады. Шығарма­ларының де­ні рухани тақырыпта жа­зылған. Әсіресе, қазақ елінің өткен өмірі туралы жазылған «Полигон», «Арал», «Қазақ Пира­ми­дасы» және «ХХ ға­сырдың нәубеті» атты туындысы дүниеге келді. Соңғы картинада қара қазан төңкеріліп, қара үйдің ойраны шығып, шаңырағы ортаға түскен. Екі шырақ жағылып, уыққа үш түрлі түстегі шүбе­рек байланған. Қара қазан төңкерілгені – ашар­шылықтың төнгені, шаңырақтың құлауы – отбасының о дүниеге кеткені. Жағылған шы­рақ келешек өмірге үміт береді. Ал уық ба­сындағы шүберек қаза болған адамның жасына қарай байланатын бол­ған. Жас жігіт қаза болғанда – қызыл, орта жас­тағы жігітке – қара, жасы келген қартқа ақ шү­берек байланған. Осы тақырыпты көп зерттеп, жұмыс жасаған ойшыл суретші штрих-код жа­ңалығын ашты. Біздің дана халқымыз салт-дәс­түрді жақсы сақтаған. Қаза болған адамға құр­метпен қарау сауабын ти­гізеді. Ауыр тақырып болса да ұмытылған дәс­түрді жаңғыртып келе­шек ұрпаққа үлгі бере­тін тарихи туындылар суретшінің жан дүние­сінен жарып шық­қан шығармалар екенін аңғарамыз. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»  АЛМАТЫ