Семей қаласын ауыз сумен қамтып отырған су тазалау қондырғысының тозғандығы жайлы проблеманың көтерілгеніне 15 жыл болды. Су тазалау қондырғысы Ертістің түпкі жағымен өтеді. Бұл проблема осыдан 15 жыл бұрын айтылса да, өкінішке қарай, әлі сол күйі тұр. Егер тазалау қондырғысы істен шығып қалса, ондағы лас дүние Ертіске құйылмақ. Ал Ертіс бір емес, бірнеше мемлекетті сумен қамтып отырған өзен.
– Дюкер немесе су тазалау қондырғысы гидротехникалық құрылыс, су жүргізетін құрылыстар саласына жататындықтан су құбыры өзен арнасын, сайды, каналды, темір жолды кесіп өткенде жер асты немесе су астымен өткізіледі. Дюкер қимасы сегіз қырлы немесе дөңгелек болады. Қазіргі уақытта су тазалау қондырғысы Ертіс бассейніне нақты қауіп төндіріп тұр, – дейді қаладағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комиссиясы бойынша қоғамдық кеңестің жетекшісі Николай Исаев. – Егер су тазалау қондырғысы жарылып кетсе, Қазақстан мен Ресей арасында ауыз суға байланысты проблема туындайды. Бұрындары осы дюкерді жөндеу үшін миллиондаған қаражат қажет болса, енді міне, мән бермегендіктің салдарынан жағдай ушығып, миллиардтаған ақша керек болып отыр. Егер қажетті қаражатты уақтылы бөлмесек, онда сол миллиардтаған қаражатты Ертісті бүлдіргеніміз үшін айыппұл ретінде төлеуге тура келеді.
Бұрындары дюкерді, яғни су тазалау қондырғысын жөндеуге қаражат жоқ деген әңгіме айтылатын. Енді оны жөндеп қажеті жоқ екендігі белгілі болды. Өйткені, мүлде тозып кеткен, жөндеуге келмейді. Шығыс Қазақстан облысы республикалық бюджетке ұсыныс жасауды ұмытып кеткен дейді Николай Исаев бұл мәселеге орай. Күн сайын дюкерден Семейдің оң жағалауынан сол жағалауындағы тазартқыш құрылғыға 17 мың текше метр су жіберіледі. 2002 жылы «ПодводСтройСервис» ЖШС-нің сүңгуірлері су тазартқыш қондырғы, құрылғылардың барлығын су астына сүңгіп тексеріп шыққан. Олардың айтуынша, жағдай қауіпті. Тот басып кеткен, шіріген құбырлар кез келген сәтте жарылып кетуі мүмкін. Сол кезде оның ішіндегі зиянды қалдықтар Ертіске жайылады. Сөйтіп, Ресей қалаларымен бірге, Павлодар, Қарағанды тұрғындарының да ішер суы ластанады. Ал көрші елдер айыппұлдарын салуы мүмкін.
– Сүңгуірлердің 2002 жылғы анықтамасынан кейін, жергілікті билік тазалау қондырғысын жөндеуге қаражат бөлмек болды, – деді Николай Исаев. – Бірақ ақша жоқ. 2011 жылы дюкерді қайтадан зерттеуден өткізді. Су астындағы бейнесюжетте су құбырының сыртындағы қаптамасы бұзылып бара жатқандығы көрініп тұр. Оның үстіне дюкерді көтеріп тұрған 300 метрлік топырақты су қозғап, шайып кеткен. Содан ешбір тірегі жоқ дюкердің кез келген сәтте опырылып кетуі ғажап емес деген қорытынды жасалды. 2013 жылы республикалық бюджеттен бұны жөндеуге 1 млрд 292 млн теңге бөлінуі қажет екені де айтылды. Өйткені, Семейге келген басшы, министр атаулы, табиғат қорғау ұйымдары барлығы жағдайды көзбен көріп кетті. Бірақ, ақша түспеді. Ал биылғы жылы дюкерге мән беріп отырған ешкім жоқ.
Айта кету керек, Семейде бір емес, екі дюкер бар. Жоғарғы дюкер аспалы көпір маңында, ал төменгі дюкер қаланың Затон аумағы бөлігінде орналасқан. Ол жерде ағын суды жіберумен қатар, тазарту қондырғыларының жұмысы да қамтылады. Жоғарғы дюкердің жағдайы қалыпты. Бірақ біз сөз етіп отырған төменгі дюкер 27 жыл бұрын салынғандықтан, қауіпті болып отыр. 1996 жылдан бері қарай сүңгуірлер оның техникалық мүмкіндігі нашарлап, тозып бара жатқандығын айтып, дабыл қағуда. Проблеманы әбден зерттеп, анықтаған соң қала басшылығы су астындағы инженерлік құрылымдарды жөндеу үшін бюджетке тапсырыс берген болатын.
– Қала әкімдігі бұл проблеманы үнемі назарда ұстап отыр, – деді қалалық әкімдіктің ТҮКШ бөлімінің бастығы Асан Дүйсембаев. – 2015 жылы «Семейстройпроект» жобалау институтымен бірлесіп, құбырлық дюкердің жобасына түзетулер енгізілді. 2016 жылы тамыз айында осы жоба мақұлданды. Сөйтіп, 2016 жылы қалалық әкімдік облыстық әкімдікке екі бюджеттік тапсырыс беруді сұрап жазды. Жоба 1 миллиард 292 миллион теңге тұрады. 2002 жылы дюкерді зерттеп қараған кезімізде, 30 метрге созылатын құрылғының астындағы топырақты су шайып кеткендіктен, құбырдың салбырап кеткені байқалды. 2011 жылы тағы да сүңгуірлер сүңгіп, апатты жағдайдың күшейіп бара жатқандығы анықталды. Инженерлік құрылымы тозған. Сүңгуірлер тіпті жыл сайын сүңгіп, анықтап тұрады десек те артық емес.
– Біз қала экологтары осы проблемаға алаңдатушылық танытып отырмыз, – деді мемлекеттік экологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Оразғайша Мақанова. – Апат орын алса, Ертіс лайланады. Ертістің төменгі жағында отырған ауыл-аймақтар, қалалар, шаруа қожалықтары зардап шегуі мүмкін. Су ішуге жарамсыз болып қалғандықтан, Ертістегі балық пен су жануарларына, жәндіктеріне түгелдей қырылып қалу қаупі төніп тұр. Және Ертістен су тартып, пайдаланып отырған суармалы алқаптарға зияны тиеді. Тіпті, қарапайым тілмен айтқанда, адаммен бірге мал да сусыз қалады.
Ал Ұлттық экономика министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жұмыстары комитетінің төрағасы Бейбіт Шахановтың айтуынша, 2017-2019 жылдардағы республикалық бюджетке бұл мәселе жөнінде ешқандай да ұсыныс түспеген. Егер әкімдік осы жобаны бюджетке енгізу үшін тапсырыс берсе, бюджет заңнамасына сәйкес, бұл мәселе қаралмақ. Бірақ, 2017 жылдың бюджетіне тапсырыстар алу мерзімі аяқталып та қалса керек. Сондықтан да енді дюкер шыдасын деп күтесіздер, басқа амал жоқ, деп ренжіді қоғамдық кеңестің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комиссиясы бойынша жетекшісі Николай Исаев.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
СЕМЕЙ