26 Қаңтар, 2017

Тамырымызда да, тағдырымызда да ұқсастық бар

382 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Ichiro KawabataҚазақстан-Жапония ынтымақтастығына – 25 жыл Жапония үкіметінің атынан Жапония мен Қазақстанның арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 25 жыл толуы­на орай шын жүректен құт­тық­таймын. Жапония мен Қазақ­стан 1992 жылдың 26 қаңтарында, Қазақ­стан Тәуелсіздік алған сәт­тен бір ай өткеннен кейін дипло­ма­тиялық қарым-қатынас орнатты. Сол уақыттан бері екі ел ара­сындағы достық қарым-қатынас­тар мен ынтымақтастық көптеген тұлғалардың күш-жігерінің арқа­сында сәтті дамып келеді. 1991 жылдың 29 тамызында Пре­зи­дент Н.Назарбаевтың Жарлы­ғы­мен Семей ядролық сынақ полигоны жабы­лып, ядро­лық қарудан бас тарту жөнін­де шешім қабылданды. Жапо­­ния бұл әрекетті жоғары баға­лады және ядролық сынақ­тар­дан зардап шеккен­дерге қайы­рым­дылық көмек көрсету, радиа­циялық сәулелену­мен жұмыс істейтін мамандарды даярлау, медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету сынды бағдар­ламаларға қолдау көрсетті. Ын­ты­мақтастық Астана құры­лысы­ның инфрақұрылымын дамыту бағытында да жалғасты. Жа­пония құрылыс компаниясы салған Семейдегі Ертіс өзенінің үстінен өтетін аспалы көпір екі ел арасындағы достық көпірі ретінде жергілікті халықтың мақтанышына айналды. Мен Президент Н.Назарбаев­тың Жапо­ния мен Қазақстан ара­сындағы ынты­мақ­тастықтың негізін қалаған­дығын баса айт­қым келеді. Сол уақыт­тан бері екі ел арасындағы дос­тық қаты­нас барынша нығая түсті және түрлі салада дамып келеді. 2011 жылдың 11 мамырында Жа­по­­ния­ның шығыс жаға­лауында алапат жер сілкінісі бол­ған кезде Қазақ­станнан Жа­по­­нияға ірі көлем­­де қаржы және азық-түлік түрін­­де жәр­дем жіберілді. Жапон хал­­қы қазақ­­стан­дықтардың жылы қол­­дауын ешқашан ұмытпай­ды және шын жүректен алғы­сын білдіреді. Соңғы жылдары елдеріміз ара­сын­­дағы қарым-қатынастар бел­сенді түрде дамып келе жат­қанын байқауға болады. 2015 жыл­дың қазан айында Жапо­ния Премьер-министрі С.Абэ­­ның Ор­та­лық Азияның бес мем­ле­ке­тіне жасаған сапарының қоры­тын­­ды нүктесі Қазақстан бол­ды. «Назарбаев Университетте» Премьер-министр сөз сөйлеп, алд­ағы уақытта Жапонияның Орта­­лық Азияға қатыс­ты сая­саты­­ның негізгі бағыты осы өңір­дің бар­шаға ашық, тұрақты да дер­­бес аймақ ретінде дамуына қол­дау көрсету тұрғысынан өрби­тінін, Орталық Азияның әр мем­лекетімен, соның ішін­де Қазақ­­стан­мен қарым-қатынас­тарды түбегейлі нығайтуға ниет­ті екенін жария етті. Сонымен бірге, Премьер-министр С.Абэ өнер­кәсіпті әртараптандыру мақ­сатында жоғары білікті ма­ман­дарды даярлауға қолдау көр­­сету, аймақтық ынты­мақ­­тас­тықтың өркендеуіне бағыт­талған «Орталық Азия + Жапо­ния» үнқатысу аясында аймақ­тық мәселелерге белсенді түрде атсалысу, әлемдік сахна төріндегі ын­ты­мақтастықты тереңдету және т.б. бағыттар туралы сөз қозғады. 2016 жылдың 6-9 қара­шасы ара­­лы­ғында Президент Н.Назарбаев Жапо­нияға төртін­ші рет ресми сапар жаса­д­ы. Сапар барысында Президенттің Жа­пония Императорымен кез­десуі, Премьер-министр С.Абэмен келіссөз­дер жүргізуі, Жапония Парламентінде ТМД аумағы елдері қатарынан ал­ғаш­қы мемлекет басшысы ретін­де сөз сөйлеуі, іс­кер топтар бас­шы­ларымен кез­де­суі, Токай уни­верситетіне баруы сын­ды мағынасы зор іс-шара­­лар ұйым­­дастырылды. Екі ел бас­шы­лары­ның арасында «Азия­ның өсіп-өркендеу ға­сырындағы кеңей­т­ілген стратегиялық әріптес­тік туралы» бірлескен мәлім­­демеге, сондай-ақ, мемле­кеттік мекемелер мен компаниялар арасында көптеген құжаттарға қол қойылып, құжат алмасу рәсімдері өткізілді. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Хиро­сима қаласына сапар шегіп, ядро­лық қарусыз әлем құру жолындағы берік ұстанымын бүкіл әлемге паш етті. Жалпы алғанда, Прези­дент Н.Назарбаевтың Жапо­нияға жасаған сапары мем­лекет­тері­міздің екіжақты қарым-қаты­настарының өркендеуіне үл­кен серпіліс берді. Қос мем­лекет басшыларының бір жыл ішінде жасаған ресми сапар­ларының осылай сәтті жүзеге асуы Жапония мен Қазақ­стан­ның екіжақты дипломатиялық бай­ла­ныстары тарихындағы маңызды оқиға болып саналады. Осы орайда, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі­­нің тұрақты емес мүше­лігіне Ор­та­­лық Азия аймағынан алғаш рет сай­­лан­ған Қазақстан үшін және өткен жыл­­дан бері тұрақты емес мүше болып жұ­мыс істеп келген Жапония үшін 2017 жыл БҰҰ алаңында өзара әрекеттестікті тереңдетуге мүм­кіндік беретін мәнді жылға айналмақ. Жапония мен Қазақ­станның сыртқы саясатының көптеген тармақтары бір-біріне сәйкес келеді және бұдан былай да екі ел БҰҰ аясын­да әлемдік мәселелердің шешімін табу­ға атсалысып, халықаралық қоғам­дас­тықтың тыныштығы мен өркендеуі бағытында бірігіп қызмет атқарады. Сонымен қатар, ағымдағы жылы «Болашақтың энергиясы» тақырыбына Астана қаласын­да ЭКСПО-2017 халық­аралық мамандандырылған көрмесі өтеді. Көрме кезіндегі Жапония па­вильонының тақырыбы – «Smart Mix with Technology: Болашақ қуаты үшін Жапонияның тәжірибесі мен тегеуріні». Павильон Жапонияның қауіпсіз және қоршаған ортаға қамқор болатын түрлі энергия көздерінің қолданысын жүзеге асыруға бағытталған талпыныстары мен ең заманауи технологияларын таныс­тырады. ЭКСПО көрмесі Жапония мен Қазақстан арасында жаңа бизнес-мүмкіндіктерге жол ашып, Жапония азаматтарының көрмеге келуі арқылы өзара қарым-қатынастарды да одан әрі тереңдете түседі деп үміттенемін. Жапония мен Қазақстанның эко­но­­­микалық қарым-қаты­нас­тары бірін-бірі өзара толық­тырып отыр. Қазақ­стан табиғи қазба байлық­тары мен адам ресурстарына бай, ал Жа­по­ния­ның заманауи техно­логия­­­лар мен өндірістік ноу-хау ар­қы­лы Қазақ­станның өнеркәсіпті әртарап­тан­дыру, инфрақұрылымды дамыту сынды мұқтаждықтарына жауап беруге мүмкіншілігі бар. Екі елдің қуатты тұстарын бірлес­тіру арқылы қоршаған ортаны қор­ғау, энергияны үнемдеу, көлік-логистиканы дамыту, пайдалы қазбаларды барлау секілді салаларда экономикалық ынты­мақтастық мүмкіндіктері мол. Пре­зидент Н.Назарбаевтың Жа­понияға жасаған ресми сапары барысында экономикадағы әр­түрлі мәселелерге қатысты пікір алмасулар өткен болатын. Со­лар­ды нәтижелі ілгерілету арқы­лы екі мемлекеттің әлеуетіне сәйкес қарым-қатынас құруға күш-жігерімізді салу маңызды болып табылады. Мәдени алмасулар да жыл­дан-жылға нығайып келеді. Өткен жылы икебана шебер­лік-сыныптары, дзюдо және кэндо спорт түрлері бо­йын­ша демонстрациялар, Жапо­ния­­ның мәде­ниеті күні сынды іс-шараларда көпте­ген қо­нақтарды қабылдадық. «Астана Балет» театрының Жапонияға жасаған алғашқы гастрольдік сапары, жапон тұтқыны Ахико Тецуроның тағдырын негізге алған тарихи драманың қойы­лымы Қазақстан мен Жапония­ның мәдениет пен өнер сала­сын­дағы бай­ланысын бір сатыға жоғарылатты. Тарих, археология, медицина, атом энер­­ге­тикасы, ғарыш сынды кең ауқым­ды са­ла­ларда ғылыми алмасулар өркен­деп жатыр. Жапония елшілігі еліміздің таңғажайып тұстарын белсенді түрде таныс­тыру арқылы Қазақстан хал­қы­ның Жапония туралы тереңірек білуіне мақсатты түрде жағдай жасап отыр. Премьер-министр С.Абэ Прези­дент Н.Назарбаевтың Жапо­нияға ресми сапары бары­сындағы бірлескен бас­пасөз мәслихатында: «Біздің ұқсас­тық­тарымыз сыртқы келбетте ғана емес, елдің тарихы мен дәстүрлеріне деген сүйіспеншілік, үлкендерге құрмет көрсету, қонақжайлық, бейбітшілік пен үйлесімділікті қадірлеу сынды көптеген ортақ қасиеттеріміз бар», – деп атап өткен еді. Мен де елші ретінде екі елдің халықтарына ортақ қасиеттердің мол екендігін сезіндім. Ортақ құндылықтарымызға сүйене отырып, өзгешеліктерді еңсеру арқылы өзара түсіністікті терең­деткен жағдайда екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас тиімді бағытта дами береді деп кәміл сенемін. Қазақта «Бір көрген – біліс, екі көрген – таныс, үш көрген – туыс» деген нақыл сөз бар. Келесі ширек ғасыр­да достық қарым-қатынасымызды тереңдетіп, туыстық дәрежеге дейін жетіп, қос елдің байланыстарын кеңінен өркендетуге үлесімізді қосайық! Ичиро КАВАБАТА, Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі japan