26 Қаңтар, 2017

Астана процесі: Елбасының әлемдік биік беделінің нәтижесі

284 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Нұртай САБИЛЬЯНОВБүгінгі таңда Қазақстан – әлемдік бітімгершіліктің орталығына айналып келе жатқан ел. Кеше ғана Астанада алты жылға жуық Сирияда жалғасып келе жатқан қантөгісті тоқтатуға арналып, бүкіл әлемнің назарын аударған келіссөздердің болуы соның бір айғағы. Бұл тарихи оқиға туралы еліміздің ішінде де, шет елдерде де оң пікір білдірушілер көп. Соның ішінде біз Мәжіліс депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай САБИЛЬЯНОВТЫ әңгімеге тартып, осы оқиға туралы өз ойын айтып беруін сұраған едік. – Құрметті Нұртай Салих­ұлы, Ресей мен Түркия сияқ­ты мемлекеттер басшы­ларының Сириядағы кикіл­жіңге тура және жанама түрде қатысушылар делегация­ларының келіссөздерін өткізу үшін басқа емес, нақ Қазақстан астанасын таңдауларына не себеп болды деп ойлайсыз? – Бұл мәселе алдымен Ел­басы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты екенін ашып айтуымыз керек. Астана процесі – Елбасының әлемдік деңгейде танылған беделінің бір көрінісі. Біздің Президентіміз адамзат ой-өрісінің дамуы, өркениеті шырқау шегіне жеткен ХХІ ғасырда қантөгістердің, тіпті, түрлі дәрежедегі кикілжіңдердің болуы абсурд екенін барлық биік мінберлерден үнемі айтып келеді. Бүгінгі күні адамзат барлық күш-жігерін жақсы өмір, жайлы тұрмыс құруға ғана бұруы керек. Барлық мемлекеттердің басшылары өз халықтарын осы мақсат жолына жұмылдырғаны жөн. Қазір бұған қажетті гео­саяси және экономикалық жағ­дайдың қалыптасып отырғанын Нұрсұлтан Әбішұлы айтудай-ақ айтып келеді. 1991 жылдың аяғына дейін бүкіл әлем екі бірдей бақталасқан жүйеге жарылып тұрды. «Қыр­ғи-қабақ соғыс» саясатын ұстанып, бір-бірін аяқтан шалуға тырысқан екі жүйе экономикаларын құлдырату үшін түрлі қитұрқы әрекеттерге барды. Соның ішінде қару-жарақтың неше түрін ойлап тауып, қарсыластарының да соны жасау жолында миллиардтаған милитаристік бос шығынның астында қалуын қалап тұрды. Әлемді қақ айырып, ұсақ мемлекеттерді бір-біріне айдап салып, соғыстырып немесе бір халықты екіге бөліп, бір-бірін ата жауларындай көретін елдерге айналдырды. Ал қазір ондай қиюласпайтын текетірес жоқ, сондықтан, адамзаттың ахуалы мен оны қоршаған әлемнің жақсаруы жолында бірлесе әрекет етуіміз керек қой деген сөздерді Нұрсұлтан Әбішұлы алғаш рет БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен 1992 жылғы 5 қазанда-ақ айтқан болатын. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) құру идеясын да сол 47-сессия мінберінен алға тартқан. Міне, сол уақыттан бері Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің темірқазығынан айнымай, Азиядағы ғана емес, бүкіл әлемдегі тыныштық пен тұрақтылық жолында күресіп келеді. Бұл бағыттағы Елбасының іс-қимылдарын тізіп шығудың өзі үлкен әңгіме болар еді. Қазақстан басшысының бұл әрекеттерін әлемдік саясаткерлер, мемлекет басшылары, сарапшы мамандар көріп отыр. Сондықтан да, үнемі үмітті қадамдар туатын Қазақстанның қасиетті топырағында, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елінде осындай келіссөздердің өтуін Режеп Ердоған мен Владимир Путин тектен-тек қаламаса керек. – Дұрыс айттыңыз, бірақ осы біздің Президентіміз көретін бейбіт мақсаттағы дүниелерді өзгелердің көрмейтін себебі неде? – Меніңше, бәрі де көреді, бірақ соны жан-дүниесімен қалап, іске асыруға ұсақ себептер мен жеке амбициялар жібермейді. Өйткені, мемлекеттер басшыларының бәрі де «ет пен сүйектен жаралған адамдар», тумысынан дара туған адамдардың өкімет басына келуі – сирек кездесетін оқиға. Кейбіреулер өкімет басына тіпті, кездейсоқ, бір оқиғалардың аяқ астынан туған себебінен келіп қалатын жағдайлары да кездеседі. Егер барлық елде жастайынан үлкен дарыны танылған адамдар ғана өкімет басына келсе, жағдай мүлде басқаша болар еді. Кездейсоқтық кейде жеке адамдар өміріне ғана емес, тұтас мемлекеттерге де, қала берді әлемге де зиянын тигізіп жатады. – Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстанның жолы болды деп айтамыз ғой? – Әлбетте. Оны қазақ­стан­дықтар ғана емес, «сырт көз – сыншы» дейтін барлық әлем­дік саяси сарапшылар мен маман­дар да айтады. Бұл енді қазақ халқының да кеңпейіл ниетіне берілген Алланың үлкен сыйы болды. Дәл елең-алаң кезеңде, Н.Чернышевскийше айтқанда, «Не істеу керек?» деген дағдарысты шаққа тірелген уақытта Нұрсұлтан Әбішұлының саяси күш-жігері, ақыл-ойы әбден толысып, дер шағына дөп келуінің өзі кездейсоқтық емес. Сол кездің өзінде ол Қазақстан тұтас мойындайтын жеке-дара озық тұлға, көреген көсем ретінде танылған. Қызыл империяның тарауымен шашылудың аз-ақ алдында тұрған елімізді шашау шығармай құрастырып, қиюы келген беделді мемлекетке айналдырды. Содан бері Қазақстан үнемі өзгерістер мен толысулардың үстінде. Қазақстандық истеблишменттің бірнеше буынының еңбегін Елбасы еліміздің көркеюі жолында үнемділікпен жұмсап келеді. – Біз әңгімеміздің негізгі тақырыбынан біршама ал­шақтап кеткендейміз... Си­рия дағдарысы бойын­ша Қазақ­станда өткен келіссөздер­ден кейін еліміздің беделі арта бере­рі сөзсіз. Дегенмен, оны қан­ша­лықты нәтижелі болды деп айта аламыз? – Астана процесінің бас­ты нәтижесі сол, бұған дейін бір үстел басына отырып көрмеген қарама-қарсы ұста­нымдағы топтардың осындай қадамға баруы. Әзірше осының өзі үлкен табыс. Елбасы­ның әлемдік деңгейдегі биік бе­делінің нәтижесі. Ал Сириядағы дағдарыс бір, тіпті, бірнеше келіс­сөздермен аяқтала қоймай­ды. Себебі, жанжалдасушы тарап­тардың ұстанымдары мүл­дем кереғар. Сондықтан, әйтеуір оқ ату тоқтатылып, келіссөздер жалғаса берсін деген тілектеміз. Тек осы әдіспен ғана тыныш өмір­ге қол жеткізуге болады. «Жаман бейбітшіліктің өзі соғыс­тан жақсы» деген ғой даналар. Осыған жағдай туғызған Қазақ­стан басшылығына алдымен Сирия халқы, сосын бүкіл мұсылман әлемі, қала берді барша дүние жүзінің прогрессивті адамзаты алғыс айтары сөзсіз. Бұл Қазақстан беделінің арта түсуіне де ықпалын тигізеді, әрине. Сонымен бірге, келелі кеңестің кемел ойлар туып жататын Қазақстанда өтуі де барлық тараптарды қанағаттандырғаны олардың өз сөздерінен белгілі болды. Сондықтан, қандай нәтиже болса да текетіреске түсушілерді бір үстелдің басына отырғызып, ортақ мәселені талқылатқанымызды үлкен жетістік деп есептеймін. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»