Әр режиссер жалына қол арта бермейді, сол себепті бұл сала қолдауға зәру. Биыл да Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының «Дебют» шығармашылық өндірістік бірлестігі дайындаған жеті қысқаметражды көркем фильмнің өндірісі аяқталды. Қысқаметражды фильм түсірумен айналысатын бірлестіктің биылғы таңдауы жанры жағынан бір-біріне ұқсамайтын жеті сценарийге түсті. Е.Бораншының «Жетім бұрыш», Баймұрат Жұмановтың «Жесткий тип», А.Әуелбектің «Миша», А.Байракимовтің «На грани», А.Мұсатаевтың «Хат», Д.Махмұттың «Таксист» және Е.Рақымбековтің «Эль Фриман» фильмдері жақын арада көрерменге жол тартпақ. Қазіргі уақытта барлық фильмдердің түсірілімі аяқталып, монтаждау кезеңіне өткен. Жеті фильм де Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген.
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Бақыт Қайырбеков қысқа нұсқадағы жаңа туындылардың түсірілуін ең алдымен жаңа есімдердің жарыққа шығуымен байланыстырды. «Қазақфильмнің» негізгі мақсаттарының бірі – жас кинематографистерге қолдау көрсету. Осы орайда, біз жыл сайын алты-жеті жас талапкерге тырнақалды фильмдерін түсіруге мүмкіндік береміз. Бұл мүмкіндік тек режиссерлерге ғана емес, сондай-ақ, басқа да жас кино мамандарына беріледі. Қазақ киносының келешегі осы жастардың қолында, сондықтан да оларға кино өнеріне жол ашу қажет», – деді.
«Қазақфильм» киностудиясында 1959 жылдан бастап қысқаметражды кино түсіріліп келеді. Кейіннен «Дебют» шығармашылық өндірістік бірлестігі болып ашылған. Содан бері бұл бірлестік талай режиссерлердің танылуына серпін берді.
Киномен айналысқысы келетін жастар, фильм түсіруге құлшынатындар көп. Ал, «Қазақфильм» жас режиссерлердің сценарийлерін қандай талаппен таңдайды? Таңдау үрдісінің қалай жүретіні туралы 1988 жылы «Қазақфильмде» өзінің тырнақалды «Шілде» атты қысқаметражды фильмін түсірген режиссер, бірлестіктің көркемдік жетекшісі Дәрежан Өмірбаев былай деді: «Режиссерлерді өндіріске жіберудің алдында қоржынымызға келіп түскен сценарийлерді талқылаймыз. Соның ішінен жақсы дүние шығады дегендерін іріктеп аламыз. Сценарий авторларымен сөйлесіп, олардың дүниетанымымен танысамыз. Осыған дейін түсірген фильмдерін көреміз. Тек содан кейін ғана өндіріске жіберу мәселесін қарастырамыз».
Режиссер үшін де, бірлестікке де фильмдердің көркемдік ерекшелігі, тақырыбы, айтар ойы аса маңызды. Бірлестіктің басты мақсаты – жас кинематографистерді сценарий жазудан бастап, пост-продакшнге дейінгі өндіріс үрдісімен таныстыру. «Дебют» шығармашылық өндірістік бірлестігі жыл сайын онға жуық жас кинематографистердің кино түсіруіне мүмкіндік береді. «Дебюттің» жетекшісі Анар Қашағанова осы бірлестікті бірнеше жылдан бері басқарып келеді.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ