Қазіргі таңда еңбек ұжымдарында еңбек заңнамасының талаптарын сақтау өзекті мәселе болып отыр. Қоғамдағы еңбек қатынастары туралы ой да әр азаматты толғандырар тақырып. Алайда, қоғамда көп ретте еңбек нарығына байланысты кейбір мәселелердің туындап жататыны бар. Кейде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласының талаптарын сақтамау салдарынан өндірістік жазатайым оқиғалар да орын алып жатады.
Жамбыл облысы әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Серғали Айдапкелов өткен жылы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мақсатында ұйымдар мен кәсіпорындарда жоспарлы және ағымдағы тәртіппен еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау саласында бірқатар жұмыстар атқарылғанын хабарлады.
Сондай-ақ, басқарма басшысы еңбек инспекциясына келіп түскен шағымдар санының көбейгенін, азаматтардың әлеуметтік белсенділігінің және құқықтық сауаттылығының артқанын, сол сияқты, жұмыс берушілердің тарапынан еңбек заңнамасын бұзу фактілерінің жиілегенін де айтып өтті. Облыста өндірістік жүйені, еңбек құқығын қамтамасыз ету және жұмыскерлерді жұмысқа орналастыруды тұрақтандыру мақсатында әкімдік, жұмыс беруші және кәсіподақтар арасында 67751 жұмысшыны қамтитын 2619 еңбек ұжымында меморандумдар қабылданғанымен, кәсіпорындарда еңбек заңнамасын бұзу фактілері әлі де орын алуда. Өткен жыл басынан бері прокуратура органдарымен бірлесе жүргізген тексерудің нәтижесінде, 14 кәсіпорында 6145 жұмыскерге 686,811 миллион теңгенің жалақы қарызы бары анықталған.
Жалпы, қабылданған шаралар нәтижесінде және кәсіпорын басшыларына жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестесі мен мерзімдерін белгілеу нәтижесінде, 6083 жұмыскердің құқығы қорғалып, оларға 669,37 миллион теңге жалақы қарызы өтелген. Ал ағымдағы жылдың басына 62 жұмыскердің алдында жалпы сомасы 17,441 миллион теңге көлемінде жалақы қарызы орын алуда. Серғали Өмірзақұлы мемлекеттік еңбек инспекциясы қызметінің маңызды бағыттарының бірі азаматтардың шағымдарын қарау екенін, бұл жұмыс аймақтағы еңбек заңнамасы сақталуының жалпы жай-күйін жақсартуға елеулі үлес қосатындығын және бақылау жұмыстарын жоспарлауға көмектесетінін айтып отыр. Бұл өз кезегінде еңбек құқығын арттыруға сеп болары анық.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
ТАРАЗ