Азаматтық белсенділіктің асқар асуы
АСТАНА Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананың ғимаратында орналасқан №182-ші сайлау учаскесіне өзінің отбасы мүшелерімен бірге келіп, дауыс берді. Дауыс беріп шыққан соң Президент өзін күтіп тұрған журналистердің алдына келіп, шағын сұхбат берді. – Бүгін бүкіл әлемнің назары Қазақстанға ауып тұрған тағы бір тарихи сәт. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында біз бүгін тарихи таңдау жасағалы отырмыз, дей келіп Елбасы Қазақстанның өткен қадамдарына қысқаша шолу жасап өтті. Біз көпті көрдік, көп жұмыстар атқардық, көптеген қиындықтарды бастан кештік. Енді алдымызда мемлекет пен қоғамды жаңғырту сияқты орасан зор міндеттер тұр. Біздің азаматтарымыздың бүгінгі дауыс беруі алда тұрған осынау міндеттерді шешуде біздің бірлікте екенімізді айқындайды. Біз индустриялық-инновациялық бағдарламаны іске асыруға бет бұрдық. Елді әлеуметтік жаңғырту бағдарламасын қолға алдық. Осының бәрі қарапайым адамның игілігін көздейді, дей келіп, одан әрі Нұрсұлтан Әбішұлы сайлау процесінің демократиялық талаптарды толық орындап жатқанын атап өтті. Президентке кандидат болғандардың бәріне тең жағдай жасалды. Олардың барлық аймақтарда болып, сайлаушылармен кездесуіне, БАҚ-қа теңдей қолжетімді болуына мүмкіндік тудырылды. Олар өздерінің идеялары мен пікірлерін халыққа толығымен жеткізе алды. Соның ішінде айтылған кейбір құнды идеяларды қолдау керек, деді ол. Мемлекет басшысы Президент сайлауына 1059 халықаралық байқаушы, 200-ден артық шетелдік журналистер тіркелгенін атап өтті. Біздің елдегі сайлау міне, осындай ашық та заңды тұрғыда өтіп жатыр. Қазақстандықтардың бәрі дауыс беруге отбасы мүшелерімен, топталып, ұжым болып келуде. Мен халықтың осынау белсенділігіне ризашылығымды білдіремін, деп Нұрсұлтан Әбішұлы сөзін аяқтады. Есілдің сол жағалауында орналасқан Астананың бұл бөлігіндегі учаскеге барлығы 3131 сайлаушы тіркелген екен. Олар таңғы сағат 7.30-дан бастап көптеп келе бастаған. Таңғы сағат 9.00-де халықтың дауыс беруге келісі үлкен кезекке айналды. Бірақ мұндайға ешкім өкпе айтып, наразылық білдіріп жатқан жоқ, бәрінің де жүзі шуақты, көңілдері көтеріңкі. Біз кезекте тұрған бірнеше жанды әңгімеге тартып, көңіл күйлерін білген едік. Төлеген мен Жібек Омаровтар жеке кәсіпкерлікпен айналысады екен. Бүгінгі барлық шаруамызды кейінге қалдырып, бірінші кезекте дауыс беруге келдік десті олар. Сонша асыққандарыңыз не, өздеріңіз жақын жерде тұратын көрінесіздер, кешкі сегізге дейін бір келмейсіздер ме деген едік, бізге Елбасы қандай қолдау білдірсе, біз де қолдан келген қолдауымызды оған тезірек көрсетуіміз керек қой, деді екеуі де бірауыздан. Галина Шепелюк пен он баланың анасы Жұмагүл Әуелбекова сияқты әжейлер өздерінің немерелерімен келіпті. 11 жастағы Әл-Құрманәлі әжесінің көзі қайбір жазуларды көрмей қалса көмек бермекші екен. Бұлардан басқа да ондаған адамдардың пікірлерін білдік. Олардың бәрі де өз кандидаттары біреу-ақ екенін атап берді. Сайлау учаскесінің төрағасы Мейрам Жакеновтің айтуына қарағанда, таңғы сағат 10-да 427 адам дауыс беріпті. Мен осы учаскеде 4-ші рет төраға болып отырмын, сайлаушылар белсенділігі қалыптағыдай, деді ол. Мұнда қатысып отырған байқаушылар 28 адам екен. Соның бірі, ТМД-дан тіркелген ресейлік Сиябшах Шапиев сайлаушылар белсенділігіне өз таңданысын жасыра алмады. Біз сөйлескен 9.30-да бір минөтте 3 адамның дауыс беретінін атап өтті ол. Сайлаушылар белсенділігі Елбасы Н.Назарбаев дауыс беріп кеткеннен кейін де бәсеңдемей, келушілер толассыз ағылып жатты. Дәл осы уақыт аралығында Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Конгресс-холдағы №3, Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов №35-ші мектептегі №5, ал Премьер-Министр Кәрім Мәсімов М.Горький атындағы орыс драма театрында орналасқан №2 сайлау учаскесіне келіп дауыс беру арқылы өз таңдауларын жасады. Сол күні таңертең Астана қаласының «Өндіріс» кентіндегі 38-ші сайлау учаскесі орналасқан №49 орта мектепке Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы атынан кезектен тыс президенттік сайлауға түскен кандидат Жамбыл Ахметбеков барып, дауыс берді. Таңертеңгі сағат 9-да сайлау учаскесінің табалдырығын аттап, саяси науқанға қатысып, дауыс берген президенттіктен үміткер Жамбыл Ахметбеков өз өмірінде талай сайлауға қатысқанын, бірақ бұл сайлау солардың ішінде ерекше орын алатынын атап өтті. «Ерекше болатын себебі, мәселе бұл сайлауға өзімнің қатысып тұрғандығымда емес. Мен осы саяси науқан арқылы өзіме үлкен міндет жүктегенімді іштей сезініп, толқып тұрмын. Қазақстан халқының алдында, қоғамның алдында үлкен ауыртпалықты қалай алып жүретінімді және алдағы уақытта маған сенген халықтың, сайлаушылардың үмітін қалай ақтаймын деген жауапкершілік сезімінен қобалжып тұрмын. Ал негізінен бұл сайлаудың нәтижесі қандай болса да, ең алдымен, біздің еліміздің өсіп-өркендеуге бет бұрғандығы байқалады. Болашақта біздің мемлекетіміз осы алған бетінен қайтпайды деп ойлаймын, деді Ж. Ахметбеков өзінің сөзінде. Президенттіктен үміткер аталған сайлау учаскесіне отбасымен, яғни төрт қызын ертіп келіпті. «Үлкен қызым Перизат жасы 21-де болса да, алғаш рет дауыс береді. Қалған 3-і – Аружан, Кәмила және Айнұр – бұлар менің қолдаушыларым. Көршілерімнің барлығы менің жақтаушыларым, қолдаушыларым. Сондықтан, олар да мені демеп, өз азаматтық парыздарын атқарып, дауыс беруге келді», – деді ол. Бір атап өтерлігі, бұл күні 38-сайлау учаскесіне келіп, дауыс беруші азаматтардың қатары қалың көрінді. Араларында 18-ге толған жасөспірім қыз-жігіттерден бастап, ақжаулықты әжелер мен қариялар да бар. Солардың бірі – Сыдық Шатырбай деген азамат. Ол президенттік сайлауға шын көңілмен келіп, дауыс беріп тұрғанын жеткізді. «Біз отбасымызбен Моңғолиядан Астанаға көшіп келгенімізге 5 жыл болды. Мен осындай ауқымды саяси науқанға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Өзім 34-ші мектепте технология пәнінен сабақ беремін», деді оралман қандасымыз. Ал «Өндіріс» кентінің имамы, 80-ді еңсерген Тұрсынбай Закиров деген қария өзінің бұдан бұрынғы сайлауларға қатысқанын, бұл сайлауға да айрықша ықыласпен келіп, дауыс беріп тұрғанын айтты. 38-сайлау учаскесіндегі сайлау коммиссиясы мүшелерінің айтуынша, таңғы сағат 7-ден басталған сайлау науқанына сағат 9-ға дейін келіп, өз дауыстарын берген жұрт қарасы 300-дей адамды құрапты. «Сайлау өте жақсы деңгейде өтіп жатыр. Біз дауыс беруді сағат 7-де, яғни өз уақытында бастадық. Халықтың белсенділігі өте жоғары, көңіл-күйлері көтеріңкі. Сайлаушылардың арасында жастар да бар. Бір сөзбен айтсам, сайлауға азаматтар өте көп келуде», – деді 38-сайлау учаскесі комиссиясының төрайымы Майра Құрманбаева. АЛМАТЫ Төле би мен Ш.Қалдаяқов көшелерінің қиылысындағы №33 орта мектепте орналасқан Алматы қаласы №313 сайлау учаскесіне келіп жеткенімізде таң атқаннан сілбіреген суық жаңбыр қылаулаған қарға ұласқан. Учаскеге бірлі-екілеп кідіріссіз кіріп жатқан кісілер қарасы бірқыдыру сияқты. Қар үдемелеп жауа түссе де, сайлаушылардың көңілінде қылау жоқтығы байқалғандай. Мектептің кіреберіс үлкен дәлізжайы дауыс беру үшін арнайы жабдықталыпты. Көрікті, көркем. Қарсыда – шымылдық көмкерген дауыс беретін кабиналар, оның алдында – бюллетеньдер салынып жатқан жәшік. Сол жақтағы үстелдерде учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері сайлаушыларды тізім бойынша қабылдап, өте жіті ұқыптылықпен кабиналарға қарай ұзатып салып жатыр. «Нұр Отан» партиясының, президенттіктен үміткерлердің, «Азат» қозғалысының байқаушылары да осында. Сайлау учаскесінің төрайымы Роза Мәкежанованың айтуынша, бұлардың аумағында екі мыңдай сайлаушы бар көрінеді. Солардың 80-ге жуығы денсаулық жағдайына байланысты учаскеге келе алмайтын қарт адамдар. Екі адам көлікпен жүріп, сол кісілердің дауыстарын жинап әкелу үшін арнайы бөлінген. Сайлау өткізуге көмектесіп жүрген 20 ерікті және бар. Патриоттар партиясынан президенттікке үміткер болып түскен Ғани Қасымов сайлау учаскесіне кішкентай немересі Тәңірі-Ғаниді ертіп әкелді. Учаске төрайымы осынау мәртебелі сайлаушыны ақ тілегін айтып, гүл шоқтарымен қарсы алды. Немересін қолына көтере ұстаған Ғани Есенгелдіұлы осы жеткіншек үшін, осындай балалар үшін, жас ұрпақ үшін дауыс беретінін мәлімдеді. Жоғары мемлекеттік лауазымнан үміткер үгіт науқанының барысында үлкен жұмыстар жүргізді, бірқатар өңірлерде сайлаушылармен көптеген кездесулер өткізді, халықтың сан алуан топтарымен, халықаралық байқаушылармен, журналистермен жүздесті. Кандидаттың Алматыдағы республикалық штабы, облыстар мен аудандардағы филиалдары тыным таппады десе де болады. Оңтүстік астананың, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарының және де басқа жерлердің жүздеген тұрғындары Патриоттар партиясының қатарына өтіп, үгіт-насихат жұмыстарына белсене қосылды. Сайлауалды науқаны кезінде жүргізілген жұмыстар көлемін меңзегені болар, Ғани Қасымов жәшікке бюллетеньді салып тұрып: «Мен қолымнан келгеннің бәрін істедім, енді басқалар келіп, менен де көбірек іс атқарсын», деді. Ол журналистерге арнап ештеңе айтпаса да, сайлаушылармен жаймашуақ әңгімелесті. Солардың ішінде қазақстандық компаниялардың бірінің директоры Вячеслав Попов та бар еді. Ол ғаламтор арқылы үміткердің саяси тұғырнамасы жайында егжей-тегжейлі біліп, онымен үнқатысыпты. Осы учаскеге Ғани Қасымовтың өзімен жүзбе-жүз танысу үшін келген беті екен. Дауыс берушілер арасынан өзіміз «Егеменде» өткен жазда мерейтойлық сұхбатын жариялаған ежелгі танысымыз, бұрынғы Еңбек министрі, кезіндегі Теміртау тарландарының бірі Саят Бейсеновті көрдік. Дауыс беруге бәйбішесі Бәтеш Дүйсенқызымен бірге келген ол кісі: «Жасырып-жабатыны жоқ, мен елдің іргесі шайқалмасын деп Елбасыға дауыс бердім. Ел ішінде бүгінгі Президентіміздің беделі биік, өресі кемел. Алдымыздағы қазақтың алтын ғасырына жалындаған жас шағымыздың серігі болған Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге баратыныма сенімім кәміл», деді ол. *** Алматы табиғаты тосын мінез танытып отыр. Кеше жаймашуақ күн еді, бүгін – қар аралас жаңбыр. Тереңірек ойлайтындар бұл диқанның тілегені, жерге ылғал көбірек барады, нұр жауды десе, қыңыр тартатындар мынадай қолайсыз сәтте халықтың дауыс беруі төмендейді дегенді айтады. Бірақ олардың дегені бола қоймайтындай – біз қаладағы Сейфуллин және Мақатаев көшесінің қиылысындағы колледж ғимаратында орналасқан №247 сайлау учаскесіне таңертең барғанымызда, дауыс беруге келген сайлаушылардың қарасы айтарлықтай еді. Рас, мұнда таңертең Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Хамзаұлы Елеусізов дауыс беруге тиіс. Соған орай мұндағылар сайлаушыларды арнайы шақырып қойған шығар деп ойлауға да болар еді. Бірақ президенттіктен үміткер келмей жатып та біраз адам дауыс беріп кетіпті, содан кейін үміткердің дауыс беру рәсімі өткен соң да мұнда келіп жатқандардың қарасы аз болған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, жауын-шашын жұрттың белсенділігіне бөгесін бола қоймағандай. Ал әңгіменің қызығы сол президенттікке кандидаттың дауыс беру кезінде болды – М.Елеусізов өзіне емес, қазіргі Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беріпті. Мэлс Хамзаұлы қолындағы бюллетенінде қазіргі Президент тегінің тұсына белгі қойғанын жұртқа, осында келген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне көрсетіп барып, урнаға салды. – Сайлау науқаны шын мәніне келгенде, бұл да жарыс. Жеңімпаз айқын, ол – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Оған дауыс бере отырып, мен жеңімпаздың қолын қыстым, – деді президенттікке үміткер. – Осылайша мен халықтың шын таңдауына деген құрмет көрсетудің жаңа дәстүрін бастадым деп есептеймін. Сірә, Мэлс Елеусізовтің бұл қадамы алда біраз сөз болатын шығар. Жұрттың көпшілігі қолдар. Ал айыптайтындар, әсіресе оппозиция арасында біраз болатыны да анық. Кейбіреулер онда сайлауға түсіп несі бар деп табалайтыны да сөзсіз. Өйткені, сайлау әділ жүрсе, мен жеңіп шығар едім деп өзеурегендер де болған. Ал парасатты ойға жүгінгендер қазіргі уақытта біздің елімізде кімнің орны қандай екенін жақсы біледі. Осы ретте М.Елеусізовтің шешімін сол парасатты ойлаудың көрінісі десек, ләзім. Мықтыны мойындау да мықтының қолынан келеді. Дауыс берер алдында еліміздің бас экологы Шанхай ынтымақтастық ұйымынан келген байқаушылармен кездесіп, Орталық Азиядағы су проблемасы, атап айтқанда, еларалық өзендерді пайдалану, мұздақтар проблемасы туралы пікірлерін ортаға салды. ШЫҰ өкілдеріне осы мәселеге ерекше мән беруін өтінді. Бұл жөнінде ұйымда мәселе талқыланса, оған қатысуға өзінің әзірлігін білдірді. БАҚ өкілдері алдындағы әңгімесінде М.Елеусізов сайлау науқанының қалай өткенін баяндады. Осы кезде елдің батысынан басқа барлық аймағында болып, халықтың өмірімен, талап-тілегімен кең танысқанын айтты. Бір өкініштісі, барлық жерде де болуға уақыт жетімсіздік етіпті. Осы кезде елде «Табиғат» партиясын құру қажеттігі туғанына көзі жеткенін де мәлімдеді. Оған кірмек ниеті бар халық та баршылық екен. Президенттіктен үміткер алдағы уақытта осынау мәселемен белсенді айналысатындығын мәлімдеді. Президенттікке кандидат Мэлс Елеусізовтің сайлауалды штабында да дәл қазір қарбалас шақ. Штаб бастығы Нұржан Ошанбековтің айтуынша, сайлау науқанында үміткердің 683 сенімді өкілі халықпен қоян-қолтық жұмыс істепті. Қазір олар сайлау учаскелерінде байқаушылық жұмыс атқарып жүрген көрінеді.Ақмол ауылы
Бүгінгі сайлау Қазақстанымыздың әлем назарындағы ел екендігін тағы да дәріптей түсті. Оны Ақмола облысында шетелдік мемлекеттердің, үкіметтік емес ұйымдардың, баспасөз өкілдерінің 500-ге жуық өкілінің жұмыс істеуімен дәлелдеуге болады. Олар облыстағы барлық сайлау учаскелеріндегі сайлаушылардың жоғары белсенділігіне жоғары баға берді. Біз Германиядан келген тәуелсіз байқаушы Михаэль Лубшпен бірге бірнеше сайлау учаскесінде болып, оның баспасөз мәслихатына қатыстық. Облыс орталығы Көкшетау қаласындағы №6 сайлау учаскесінде ол жұртшылықтың саяси оқиғаға бейжай қарамайтындығын атап өтті. Лубш мырзаның айтуынша, Қазақстан саяси өркенділіктің, көппартиялы парламенттің, еркін сайлаудың талаптары мен оның құндылықтарын биік деңгейге көтере білетін тереңдігімен ерекшеленеді. Тәуелсіз Қазақстанға алтыншы рет сапар бастаған халықаралық бақылаушы осы елге жиі келудің зор маңызы барлығын мәлімдеді. Біздегі бейбіт өмірдің қымбаттылығын көршілес Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстанмен салыстыра сараптама жасаған ол отандастарымыздың жарқын болашағына сенімді екендігін құлшыныс сезімімен білдірді. «Қазақстандық жолдың» үлгі алар тұстарына тоқталған Михаэль Лубш мырза қаладағы «Достар» мәдениет сарайындағы №40 сайлау учаскесінде, «Видергебурт» неміс қоғамдық бірлестігінде және «Таңдау» мектеп-гимназиясында сайлаушылармен кездесіп, салиқалы әңгіме өрбітті. АҚТӨБЕ Көктемнің шуағына бөленген қала бұрынғыдан да көріктеніп кеткендей. Қала көшелеріндегі халық мерекедегідей көңіл-күйде. Бәрі де асығулы. Үйдің іргесіндегі «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалында орналасқан №46 сайлау учаскесіне жеткенше көрген көрінісіміз осындай. Ел тағдыры шешілетін саяси науқанда халықтың өздерінің конституциялық құқын пайдалануға деген құлшынысына сайлау учаскесінде де куә болдық. Ел президенттігінен үміткерлер арасынан өз таңдауын жасауға ықыластылардың кезегі үзілмеуде. №46 сайлау учаскесінің төрайымы Мәдина Досжанованың айтуынша, жергілікті уақытпен таңғы сағат 9-ға дейін осында тіркелген 2058 сайлаушының 200-ге жуығы дауыс беріп үлгеріпті. Адам өмірінде айрықша есте қалатын сәттердің бірі кәмелеттік жасқа жетіп, еліңнің ертеңі сынға түсетін сәтте дауыс беру құқығына ие болу екені сөзсіз. Осы сайлау учаскесінде он сегіз жас алғаш рет дауыс беруге келді. Ел тәуелсіздігінің құрдастары 20 жас та осы учаскеге тіркелген. Олардың арасынан тұңғыш дауыс беріп отырған Наурызбек Әбілқайыр мен тәуелсіздік құрдасы Нұрдәулет Мұқанов бірінші болып бюллетеньдерін толтырып, өздері таңдаған кандидаттарға дауыстарын берді. Тоқсан жастағы Эдуард Шайро, 95 жастағы Мұғәлима Мүсәлинова да ежелгі әдеттерімен ерте келіп, өз таңдауларын жасады. Әрине, олар сайлау учаскесі дайындаған сыйлықтармен марапатталды. Ең бір әдемі көрініс – жүріп-тұруы қиындаған Кәмила Нұрғалиева әжейді немерелерінің екі жақтан қолтықтап әкеліп дауыс бергізуі болды. Ұрпағына бақытты өмір тілейтін қарияның бұл үрдісі жастарға өнеге болды. Сайлауда осы шаңырақтың өзінен әже бастаған бала-келіні, немересі дауыс берді. Облыс әкімі Елеусін Сағындықов та осы №46 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді. Өз таңдауын жасаған өңір басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен сайлау күнгі әсерімен бөлісті. – Мен өзімнің азаматтық парызымды өтедім. Еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшілік, береке-бірлік, мемлекетіміздің гүлденуі, қуатты болуы, өміріміздің бұдан гөрі де жақсара түсуі үшін дауыс бердім. Еліміз қазірдің өзінде өркениетті елдер қатарына кірді, алдағы уақытта солардың арасында алдыңғы қатардан көрінуіне тілектестік ниетімді білдірдім, – деді Елеусін Наурызбайұлы. Осы сайлау учаскесінде болған ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы байқаушылары делегациясының өкілдері Ханинг Иохансен мен Йон Сигурд Сьюрсен Квелло сайлаудың ашықтық, әділдік және демократиялық талаптарға сай өтіп жатқанына тәнті екенін жасырмады. Мұндай пікірге осында байқаушы болып отырған «Нұр Отан» ХДП, «Невада-Семей» халықаралық ядролық жарылыстарға қарсы қозғалысы және «Шынар» гендерлік орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері Дмитрий Довматенко, Жәнібек Мәдихан және Сәуле Дощанова да қосылды. Сайлау учаскесіне 14.00 сағатта хабарласқанымызда, 2058 сайлаушының 50 пайызы дауыс бергенін білдік. №50 сайлау учаскесінде ТМД байқаушылар миссиясының мүшесі Гүлсім Кержіковамен кездесудің сәті түсті. Халықаралық байқаушы сайлаудың өтуін байқауға Ресейден екі делегация келгенін, өзі құрамында бар Саратов облысынан 16 байқаушы қатысып отырғанын жеткізді. Ол күндізгі сағат 11-ге дейін-ақ осында дауыс беретіндердің 50 пайызы өз таңдауларын жасап үлгергеніне ризашылығын жасырмады. «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия» республикалық қоғамдық бірлестігінің орталық штабы облыстық филиалының төрағасы Халел Құсайыновқа жолыққанымызда, өзінің қаладағы бірқатар сайлау учаскелерінде болғанын, саяси шараның Конституциялық талаптарға және демократиялық қағидаттарға сай өтіп жатқанын тілге тиек етті. АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ Сәуірдің 3-і күнгі жексенбіні талдықорғандықтар асыға күткендей. Көктемнің ақ жауыны себелеп, аспаннан нұр құйғандай. Ауа райының өзгергеніне қарамастан көше бойлап, сайлау учаскелеріне беттеген үлкен мен кішінің жүздері жарқын. Бір-бірімен әзілдесіп, ізгі тілектерін тоғыстырған. Солардың қатарында азаматтық парызымызды өтеп, ел ертеңі үшін дауыс беруге шаһардағы № 9 мектепте орналасқан сайлау учаскесіне келдік. Таңертеңгі сағат 7-ні күткендер қатары едәуір. Сәлден соң мемлекетіміздің әнұраны шырқалды. Сайлаушылар қосылып, рухты көтеріп, әр жүрекке нұр сыйлаған ән әуені зал ішін кернеп кетті. Бұдан кейін № 883 сайлау учаскесінің төрайымы Сәлима Мәмлеева жиналғандарды өз құқықтары мен бостандықтарының кепілі болған ел өміріндегі ерекше күнмен құттықтады. Кезекте тұрғандар өз аты-жөндерінің алфавиттік орналасуымен бюллетень алып, арнайы жабық орында таңдауларын жасап жатты. Соғыс және еңбек ардагері Жақанбай Әбішовпен тілдестік. – Бүгінгі бақытты өмір Отан үшін от кешкен мен тәрізді аға ұрпақтың жанқиярлық еңбегімен, қанымен келді. Қазақстан егемен ел атанып, тәуелсіздіктің 20 жылындағы шыққан биік пен табысты бүгінгі халықтың әлеуметтік жағынан қорғалуымен өлшеуге болады. Алғашқылар қатарында дауыс бердім. Таңдауым нақты. Ұрпағымның ертеңгі бақытты өмірі үшін дауыс бердім. Ол берік қолда екеніне сенімдімін. Өлім мен өмір белдескенде де Отаныма деген азаматтық борышымнан ажыраған жоқпын. Жасым сексеннен асқанда да мен үшін елімнің тыныштығы мен гүлденуінен асқан бақыт жоқ, – деді Жақанбай қария. Бұдан соң І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайына орналасқан № 872 сайлау учаскесіне келдік. Мұнда да кезек күтіп, дауыс беруге жиналғандар қатары көп. Сайлауға алғаш қатысқан 18 жастағы Евгений Березовой, сайлаушы Бақытжан Амиров және басқалары өз кандидаттары үшін дауыс бергендерін айтты. Тек, Талдықорған қаласында ғана 45 сайлау учаскесі бар десек, осы күнгі халықтың ерекше белсенділігіне куә болдық. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Шырақбай Жылқайдаров еліміздің болашағын айқындайтын 3 сәуірдегі кезектен тыс президент сайлауының өтуі жайлы әңгімеледі. – Өңірде 911 сайлау учаскесі жұмыс жасауда. Жалпы сайлаушылар 877877 адамды құрады. Сонымен қатар 1073 байқаушы тіркелген. Олардың құрамында шет елдік және саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар. Сайлау жариялылықтың жоғары деңгейінде өтуде деуге толық негіз бар. Тағы бір айтатыным, өзіңіз көргендей, биылғы президент сайлауына деген халықтың ерекше белсенділігін айтуға болады. Жастар да жігерлілігімен ерекшеленді. Мұны соңғы кездердегі әлеуметтік жағдайдың, саяси сенімнің беріктігімен байланыстырсақ қателеспейміз. Үміткерлер де белсенділігімен танылып, өз мүмкіндіктерін барынша пайдаланды. Жариялылық кең етек алған президент сайлауына жалпы халықтың ерекше ұйымшылдықпен қатысуын осы алғышарттардан іздеген жөн, – деді Ш.Жылқайдаров. Иә, жетісулықтар өздерінің Ата Заңда көрсетілген өз құқықтарын пайдалануға осылай баға берді. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын ең лауазымды тұлға – Қазақстан Республикасының Президенті екеніне назар аударған олар нақты таңдау жасады. АТЫРАУ Атырау қаласынан 70 шақырымнан астам қашықта орналасқан Каспий қайраңындағы Қашаған кенішіне не тікұшақ, не жүрдек су көлігі ғана қатынайды. Қашаған кенішінен «қара алтын» алу қамына бекем бел буған бұрғышылар, техниктер, құрылысшылар секілді сан-салалы мамандық иелері қайраңдағы жұмыс орнына дәл осындай көліктермен жетеді. Алайда, теңіз төріндегі жұмысшылар үшін сенбі, жексенбілік демалыста да, мерекеде де жұмыс тоқтамайды. Қашағанда өнеркәсіптік-тәжірибелік бағытта бұрғылау жүргізу мақсатымен бес жасанды арал дайындалған. Тікұшақтан қарағанда жасанды аралдар әдемі көрінеді. Сол аралдардың ішіндегі ірісі –«Д» аралы. Мұнда еліміздің әр өңірінен 3000-нан аса қазақстандық жұмысқа тартылған. Арнайы жұмыс киімімен жүрген аралдағы жұмысшылардың бірі, оператор Асылбек Ыдырысов «Сайлау комиссиясының мүшелерін тағатсыздана тостық. Теңіз табиғаты құбылмалы. Қатты жел тұрып, жаңбыр жаууы, тіпті тұман түсуі де мүмкін. Теңіз бетінде толқын ойнаса, тікұшақ ұшпай қалуы да мүмкін. Дегенмен, бүгінгі ауа райының ашық, жылы болуы, желдің жоқтығы біздің қаупімізді сейілтті», дейді. Каспий қайраңында жұмыс жасайтын қазақстандықтар екі сайлау учаскесіне тіркелген. «Д» аралына сайлау комиссиясының мүшелері сайлау бюллетеньдерін тікұшақпен жеткізді. Сөйтіп, жұмысшылардың жұмыс орнында мерзімінен бұрын өткізілген президент сайлауына дауыс беруіне мүмкіндік жасалды. Жұмыс уақытша тоқтатылды. Дауыс беру үшін арнайы орындар жасақталыпты. Сайлау бюллетеньдері салынатын арнайы жәшік те әкелінді. – Бүгін сайлауға бірінші рет қатысып, дауыс бердім. Бұл – менің өмірімде есте сақталатын сайлау, – дейді жасанды аралға тікұшақ келіп қонғанша алаңдаған жастардың бірі, құбыр құрастырушы Сағидолла Хайрошев. Алғаш рет дауыс беруші жастар мұнда көп екен. Жайғастырушы мамандығымен еңбек ететін Александр Краснобродский де алғаш рет дауыс беруі мемлекет басшысын таңдаудағы сайлауға қатысуымен сәйкес келгеніне қуанады. Қазақстандық жұмысшылардың қай-қайсысы да елдің келешегі үшін, отандық экономиканың өркендей беруі үшін таңдау жасағанын айтады. – Қазақстанда барлық сала қарқынды дамып келеді. Әсіресе, мұнай-газ өнеркәсібінің келешегі кемел. Бұрын тек құрлықтан ғана мұнай өндіріп келсек, енді Каспий теңізінен де «қара алтын» алуға қам жасап жатырмыз. Осындай үлкен жобада жұмыс жасайтын қазақстандық мамандардың бәсекеге қабілеттігі қуантады. Бүгін, міне, үйімізден алыста, Каспий теңізінің ортасында жұмыс жасап жүрсек те, мемлекет басшысын сайлауда өз таңдауымызды білдіре алдық, – дейді инженер Рүстем Дүйісқалиев. «Д» аралындағы дауыс беру көп уақыт алған жоқ. Түске таман аралдағы соңғы дауыс беруші бюллетені жәшікке салынысымен, сайлау комиссиясының мүшелері тікұшақпен «А» аралын бетке алып ұшып кетті. Оларды «А» аралында 130 сайлаушы күтіп отырған еді. БАТЫС ҚАЗАҚСТАН Сайлауда дауыс берудің басталар сәті жергілікті уақыт бойынша таңғы 7-00-ге белгіленген болатын. Осы мерзімнен жарты сағат бұрын Орал қаласындағы № 478 сайлау учаскесіне келген қос қария комиссия төрайымы Марьям Стамқұлованың назарын бірден аударды. Екеуі бірін-бірі демеп, сүйемелдеп келеді. Әрі ертерек емес пе деген сауалға қарақтарым, сайлауға ерте келу біздің бойымызда бұрыннан қалыптасқан. Бұл жолғы президенттік сайлаудың орны біз үшін тіптен айрықша. Ерте келіп қалсақ, ештеңе етпейді. Күте тұрамыз, деп жауап берді өзін Дәмеш Жұмағазиева деп таныстырған ақ шашты әже. Уақыт пен тәртіпке дағдыланған, оны жоғары бағалай білетін, аға буын өкілдері-ай, десеңізші! Аталған учаске бұл күнге жан-жақты тыңғылықты әзірлікпен келгені көрініп-ақ тұр. Қай жаққа қарасаңыз да ұқыпты қолдардың, жинақылық пен құнттылықтың іздерін байқайсыз. Бұдан соң Әбілқайыр хан даңғылының бойындағы № 497 сайлау учаскесіне келдік. Сағат тілі ертеңгі 9.40-ты көрсетіп тұр. Мұнда дауыс берушілердің кезегі пайда болғанына куә болдық. «УральскДорСтрой» АҚ-тың ғимаратында орналасқан учаскелік комиссия төрағасы Игорь Лисицынды қиналмай тауып алдық. Әрине журналистік әуестікпен оған дауыс беру барысы қалай деген сауал тастадық. – Осыған дейінгі өткізілген сайлауларда да комиссияның төрағасы болып едім. Сол тәжірибем ескерілді ме, осы жолы облыстық сайлау комиссиясы тарапынан тағы да осындай ұсыныс жасалды. Оған көп ойланбастан келісім бердім. Бізде 2600 сайлаушы тіркелген. Олардың белсенділігі бұған дейінгі сайлаулармен салыстыра қарағанда жоғары екені байқалады. Осыған мерейіміз өсіп тұрған жәйі бар. Бүгінгі ерекшелік, сайлауға ешкімді күштеп әкеле алмайсың. Дауыс беру әркімнің өз еркі. Бұл жолы отандастарымыздың бойындағы азаматтық парыз делінетін биік жауапкершілік пен адами асқақ сезімнің тереңдей түскеніне куәміз, – деп ағынан жарылды Игорь Борисович. Сондай-ақ аталған учаскеде қырық адамға өз мекен-жайлары бойынша дауыс бергізу ұйымдастырылған екен. Олар – өздігінен жүре алмайтын мүгедек жандар, жасы ұлғайған қариялар. Бұл құрамда сайлау учаскесінің қызметкерлерімен бірге байқаушылар өкілдері де бар, дейді комиссия төрағасының орынбасары Никита Цыбырна. Сонымен бірге біз Орал қаласындағы № 470, № 478 және № 497 сайлау учаскелерінде болғанымызда мұндағы қоғамдық байқаушылар мен президенттікке кандидаттардың сенген өкілдерімен және кезектен тыс президенттік сайлау барысын бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссиялар мүшелерімен де аз-кем тіл қатысқан едік. Олардың қатарында Мақсот Батыров, Алтынай Есқалиева, Надежда Лучинина, Индира Мұқатова сынды сайлаудың қырағы көздері бар. Бұлардың қай-қайсысы да бізге дауыс беру республикада қабылданған заңдылықтар мен ережелерге сәйкес өз деңгейі мен арнасында өтіп жатқанын мәлімдеді. Мұндайда, әрине, сайлау учаскелерінен дауыс беріп шыққан азаматтардан кімге дауыс бердіңіз деп сұрау сайлау жөніндегі тәртіпке де, журналистік этикаға да сыйымды бола қоймауы мүмкін. Өйткені бұл әркімнің өз құқы екені белгілі. Дегенмен, журналистік дағды мен әуестік жеңіп кеткен сәттер де болды. Сонда бізге Жолдасқали Құрмашев есімді Орал қаласының тұрғыны былайша жауап қайтарды. Мен қазір төрт президенттікке кандидаттың арасынан дәл кімге дауыс бергенімді жария жасамай-ақ қояйын. Дегенмен сауалыңызға орай мен ел Конституциясына, конституциялық нормалар мен заңға дауыс бердім деп есептеймін. Өйткені біз конституциялық заңмен өмір сүріп, еңбек етіп келеміз ғой. Бүгінгі президенттік сайлау да, конституциялық нормаларды сақтау мен оның сақталуының басты көрінісі деп есептеймін. Бұл да құлақ қоюға, құптауға тұрарлық пікір ме деп қалдық. Фоторепортаж: сайлау сәттері Ақжайықта сәуірдің кешегі ақ таңы арайлап атты. Аспанда шөкімдей бұлт жоқ. Кешігіп келген көктем дәл кешегі күні ғана нұрын мейірлене төкті. Осы күн шуағы адамдардың көтеріңкі көңіл-күйімен жарасым тауып тұрды. Дауыс беруге Орал қаласының тұрғыны, қос перзенттің анасы Райгүл Масалимова да ерте жиналды. Жасы бірден енді ғана асқан Арайды көтеріп алып сайлау учаскесіне жиналып жатқанда 6-ға келген қызы Әсел мен көршінің баласы Мүсілім: Апа, біз де барайықшы сайлауға дегені. Ана олардың тілектерін қайтара алмады. Жүріңдер, ендеше. Ертең сендер де өсіп, дауыс бересіңдер, деді оларға мейірлене қарап. Наурыздың аяғы мен сәуірдің басындағы күндерде Орал қаласында еркін және грек-рим күресі бойынша тәуелсіздіктің жиырма жылдығына орай республикалық көктемгі спартакиада өткізілген болатын. Осы шараның басы-қасында жүрген, қазақ спортының майталманы Дәулет Тұрлыхановты Орал қаласындағы № 470 сайлау учаскесінен кездестірдік. Ол қашанғы дағдысынша сергек те сезімтал қалпында екен. Дауыс беріп шыққан спорт қайраткеріне бірер сауал тастадық. – Дәуке, кімге дауыс беріп шыққаныңызды білуге болмас па екен? – Неге болмасын, әбден болады. Іссапарда жүруіме байланысты маған президенттік сайлауда оған дауыс беру Орал қаласынан бұйырыпты. Сайлау туралы заңға сәйкес іссапарда, демалыста, емделуде жүрген азаматтардың бәрі осылай істей алады. Кімге дауыс бердіңіз дедіңіз бе? Әрине, Назарбаевқа. Нұрсұлтан Әбішұлы спорттағы біздің барлық жеңістеріміздің дем берушісі, тікелей қолдаушысы. Үлкен спорт – елдіктің белгісі. Мемлекеттіліктің көрінісі. Осы арқылы да Қазақстан бүгінде бүкіл әлемге таныла бастады, – деді спорт саңлағы ашық-жарқын үнмен. – Қызым-ау, демеп жіберші, мені, баспалдақтан жоғары қарай. Дауыс беруден кешігіп қалып жүрмейік. Ерте бітірген дұрыс қой бұл істі. Сонда ғана көңіліміз орнығар, – деп тап-таза пейілі мен көңілін ала кірді сайлау учаскесіне бір анамыз. Міне, осылайша арайлап атқан сәуірдің ақ таңында, жүздеген, мыңдаған оралдықтар сайлау учаскелеріне ағылып келіп жатты. Күннің нұры мен көңілдердің нұры бір-бірімен ұштасқан, тоғысқан сәттер-ай десеңізші! Суреттерді түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ. ЖАМБЫЛ Жексенбіге қараған түн қарлы болды. Оңтүстіктің жаңбыр аралас қары кәдімгі. Ақ ұлпаға оранған талдар бейкүнә томпия қалыпты. Ауа бұлақ суындай таза, жұта бергің келеді. Талдың қай бұтағында отырғаны белгісіз бір құс, бәлкім қараторғай, өз тілінде таң хабарын білдіріп, қырағыттай сайрап қояды. Оған көп ұзамай №33 сайлау бөлімшесінен естілген ән мен күй әуені ұласты. Таңғы сағат жетіге он бес минөт қалғанда келсек, бірінші болып дауыс беруден үмітті адамдардың қарасы көбейіп қалыпты. Сағат тілі жетіні соққанда, бөлімше ішінде еліміздің Әнұраны шырқалып, төраға Ғалым Ағысов сайлаушыларды құттықтап, ел тағдыры жолындағы сайлауда өз таңдауларын жасауға рұқсат берді. Ең алғашқы болып №13 мектептің 11-сынып оқушысы, 18 жастағы Еркін Құрбанов дауыс берді. Төраға оның Президент сайлауына алғаш рет қатысып, өз таңдауын жасауымен құттықтап, сыйлық тапсырды. Одан кейін екінші, үшінші сайлаушыларға құрмет көрсетілді. Бұл бөлімшеге 1127 сайлаушы тіркелген. «Сайлаушылар сайлауға қатыспайды» деген сөз бекер екен, жасы бар, жасамысы бар қарлы таңның салқын лебіне қарамастан сайлау бөлімшесіне қарай ағылуда. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев та өзі тіркелген №37 сайлау бөлімшесіне келіп, таңдауын жасады. Сонымен бірге ол сайлау бөлімшесі алдындағы шағын жәрмеңкені аралап көрді. Баға саясатын тұрақтандыру мақсатында облыс орталығында ақпан айынан бері азық-түлік жәрмеңкесі өткізіліп келе жатқаны белгілі. Бұл дәстүр Президент сайлауы кезінде де жалғасын тауып, таңдау жасаған сайлаушылардың үйіне арзан азық-түлік сатып ала қайтуына да жағдай жасалыпты. Дұрыс ойластырылған. – Қанат Алдабергенұлы, сіз кімге дауыс бердіңіз? – деген сауалымызға облыс әкімі: Еліміздегі саяси тұрақтылық пен экономикалық қарқынды дамуға дауыс бердім, – деп нақты жауап берді. Бұл кезде таң ағарып атып қалған. Адамдар легі бұрынғыдан да көбейе түсіпті. Сағат тілі он жарымда сайлаушылардың 30%-ы дауыс берді. Таңғы дауыс алысқа естіледі. Қазақ елінің үні де ақ ұлпаға оранған талдардың бұтағына қонақтаған анау қараторғайдың ғажайып үніндей әлем назарын өзіне қаратып, тамсандыра берсе екен. Фоторепортаж: сайлау сәттері Қарабұлақ, Қарамұрт секілді ауылдарында отыз мыңдық халқы бар Сайрам ауданының орталығы Ақсукентте таңғы сағат жетіде-ақ сайлаушылар сайлау учаскелеріне келе бастады. Ауданның қадірлі қарияларының бірі, “Бауырмал” сыйлығының иегері Каримжан Юсупалиев алғашқы болып таңдауын жасады. Бата берді. “Қазақстан – ондаған ұлттар мен ұлыстарға атамекен болып отырған Отаны. Бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай болып отырған осы елге керегі жақсы өмір мен бейбітшілік, тұрақтылық”, дейді қария. Он сегізге толғанына екі күн ғана болған Әлібек Игісінов те қуанышты. – Бізге, жастарға, Отанымыздың болашағы бүгінгіден де мықты болғаны керек. Бұл жайлы Елбасымыздың халыққа Жолдауында анық айтылған. Мен бүгін таңдау жасауда қателескен жоқпын деп ойлаймын,– дейді ең жас сайлаушы. Шымкентке оралдық. №5 сайлау учаскесінде екі бүлдіршінін ерткен ерлі-зайыпты Әбибулла мен Шарипа Қалымбетовтер дауыс беріп жатыр. – Былайғы жұрт Әділ мен Әсемді көріп: “Немерелерің бе”, деп сұрайды. Құдайға шүкір, немерелеріміз бар ғой, мына қос құлынымыз біздің елуге жақындағанда көрген қызығымыз, – дейді Әбекең. – Дауыс беруге жиналып жатсақ Әділ: “Мен де “Алға, Қазақстанға дауыс беремін”, деп тұрып алды. Оған Әсем қосылды. Оңтүстік Қазақстан Медицина академиясының ғимаратындағы сайлау учаскесіне бас сұқтық. Адам қарасы аздау. 827 сайлаушының жартысы дауыс беріп үлгерген. Ордабасы ауданынан сыралғы дос, аудандық емхананың бас дәрігері Болат Сағымбеков, журналист Ғалымжан Зиябек телефон шалды. Сайлау учаскелерін аралап жүргендерін айтады. “Халықтың көңіл-күйі көтеріңкі.