Жақында канадалық профессор, тарих ғылымдарының докторы Франк Альбоның Астананың 20 жылдық мерейтойына және ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналған «Астана: Аңыздар, Архитектура және Тағдырлар» атты кітабы жарыққа шықпақ. Осы кітапты жазу барысында ғалым біздің елде бірнеше мәрте қонақ болды, оның тарихы және тәуелсіз Қазақстанда жүзеге асырылған әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы білді.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Үндеу жариялап, билік тармақтары арасында (Президент, Парламент және Үкімет) өкілеттіктерді қайта бөлу жоспары туралы хабарлады. Онда Конституция мен кейбір заңдарға өзгерістер енгізу қарастырылған. Біз Үндеуге орай пікірін білмек оймен ғалымға бір-екі сұрақ қойған едік.
– Сіз бұл бастаманы қалай бағалайсыз?
– Тарихқа көз жүгіртсек, демократияға қол жеткізу жолында әр ел әр түрлі кезеңдерден өткенін көруге болады. Еуропаға, тіпті, Канадаға нағыз демократиялық қоғам құру үшін айтарлықтай ұзақ жылдар, кей жағдайда ғасырлар керек болды. Ал бар-жоғы 25 жыл ішінде Президент Н.Назарбаевтың көреген бастамаларының арқасында Қазақстанда демократияны дамыту бағытында үлкен қадамдар жасалғаны таңғаларлық құбылыс.
Конституциялық реформалар жасау туралы таяуда көтерілген бастама Президенттің алысты болжаған көрегендігі мен керемет бастамашылдығын ғана емес, оның көп жыл бұрын мұндай маңызды мемлекеттік шешімдердің ашықтықты талап ететіні туралы уәдесін орындағанын көрсетеді.
– Бұл үдеріс Қазақстан қоғамына қалай ықпал етеді деп ойлайсыз?
– Билік өкілеттіктерін басқа билік тармақтарының, халық өкілдерінің арасында қайта бөлу әрқашан оң ықпал етеді. Мен бұл өзгерістерді тағатсыздана тосамын, себебі, Қазақстанның дамуын ұзақ жылдан бері бақылап келемін. Дер уақытында қабылданған осы шешім керемет нәтижелерге жол ашады деп білемін.
Әңгімелескен
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»