01 Ақпан, 2017

ОҚО-да көктемгі тасқынның алдын алуға 856 млн теңге бөлінді

301 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде өңір басшысының төрағалығымен облыс аумағында көктемгі су тасқынын алдын алу жұмыстары бойынша ОҚО төтенше жағдайлар департаменті қызметі мен аудан, қала әкімдерінің қатысуымен селекторлық мәжіліс өтті. Бұл туралы әкімнің баспасөз қызметі хабарлады. «­­­­Жиында облыс аумағында көктемгі су тасқыны, сел, сырғыма, қар көшкінін алдын алу жұмыстары және өңірдегі су қоймаларының жағдайы талқыланды. Жиында көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары бойынша жауапты тұлғалардың баяндамасы тыңдалды», делінген хабарламада. Айта кетейік, төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында, 2016 жылы облыстың аумағы мен халқын су тасқынынан қорғау үшін 664,2 млн теңгеге жалпы ұзындығы 6,21 шақырым арна түзеу және жаға бекіту жұмыстары жүргізілді. Ал 1,5 млрд теңгеге жалпы ұзындығы 955 шақырым ирригациялық жүйенің су өткізу қабілеттігі күшейтіліп, жоқ жерлерге салынды. Сондай-ақ, осы жылы су тасқынның алдын алу мақсатына 856 млн теңге бөлінді. Көктемгі су тасқынына қауіпті кезеңге облысты дайындау мақсатында, облыс көлемінде 6,36 шақырым қорғаныс бөгеті салынса, 325,3 шақырым қорғаныс бөгеттері нығайтылды. Ал 36,3 шақырым бөгет жаңадан тұрғызылды. Және де 48,5 шақырым өзендердің жағалаулары бекітіліп, 668,1 шақырым арық-каналдармен 397 бірлік су өткізу құбырлары тазаланды. Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, «Қазгидромет», «Қазсушар» РМК, «Қазселденқорғау» ММ ОҚФ гидробекеттерінен су қоймалар мен өзендердегі су деңгейінің толуы және ағындары бойынша күнделікті шұғыл ақпараттар алынады. Олардың мәлімдеуінше, қазіргі танда облыс аумағындағы су тасу жағдайы бір қалыпты, өзендердегі судың деңгейі аумалы күйдегі деңгейден төмен, су қоймаларында судың деңгейі орта есеппен жобалық мөлшерінің 30-35% құрайды.