06 Сәуір, 2011

Вице-президенттікке Тұрлыханов тағайындалды

310 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Беларусь астанасы Минск қаласында «Әлемдік ауыр атлети­каның дамуы және допингке қар­сы күрес» атты халықаралық спорттық конференция өтті. Оған Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Томаш Аян және бірқатар елдердің федерация басшылары қатысты. Делегаттар арасында Кахи Кахиашвили, Александр Курлович сын­ды бірқатар даңқты зілтеміршілер болды. Сол жиын бары­сында Еуразиялық аймақтық ауыр атлетика қауымдастығын құ­ру жөнінде бастама көтеріліп, бұл идея іске асты. Оның құрамына 14 мемлекет кірді. Олар – Армения, Әзірбай­жан, Грузия, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Лит­ва, Молдова, Моң­ғолия, Түркі­мен­стан, Ресей, Тәжік­стан, Өзбекстан және Украина. Жаңадан құрылған ұйымның тізгінін ресейлік Александр Герасименко ұстаса, вице-президенттікке Қа­зақ­стан Ауыр атлетика федерация­сының бас­шы­сы Қайрат Тұрлы­ханов таға­йындалды. – Әрине, осындай екі бірдей белді ұйымда басшылық қызмет атқару мен үшін үлкен мәртебе. Бірақ «осының барлығына өзім жеттім» деп кеуде қағудан ау­лақ­пын. Барлығы да отандық федерация қызметкерлерінің, бапкерлер мен мамандар және спортшы­ла­ры­­мыздың ерең еңбегінің арқа­сы. Бұл күндері Қазақстан зіл­темір­шілерінің мықтылығын күл­лі әлем мойындады. Біз  әлемдегі озық командалар қатарындамыз. Бұл – мақ­танатындай-ақ жәйт. Бірақ бо­саңсуға болмайды. Алда – Лондон Олимпиадасы менмұнда­лап тұр. Елбасы және халқымыз­ спорт­шы­лар қауымына, оның ішін­де ауыр атлеттерге зор сенім артуда. Туризм және спорт министрлігі мен «Самұрық-Қазына» ұлт­­тық әл-ау­қат қоры бізге барынша қолдау көр­сетуде. Олай болса, сенім үде­сі­нен шығу үшін еңбек­тенейік, ізденейік, тер төгейік, – деп Қайрат Тұрлыханов ақтарыла сөйледі. Дайындаған Дастан КЕНЖАЛИН.