Жұртшылық бұл жақсы жаңалықты облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен кеңестен кейін естіп-біліп қуанып қалғандары анық. Еліміздің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толуы қарсаңында облыс бойынша бұл мереке мектептер мен балабақшалардың, денсаулық сақтау саласының, клубтар мен спорттық нысандардың бой көтеріп, халық игілігіне берілуімен аталып өтілмек. Яғни, облыс орталығы, Екібастұз, Ақсу қалаларында әрқайсысы 330 орындық үш балабақша пайдалануға беріледі. Сөйтіп, орын кезегін күтіп, үйлерінде отырған бүлдіршіндер қуанатын болды. Облыс әкімдігінде өткен кеңеске қатысқан білім басқармасының бастығы Бақыт Бексейітованың айтуынша, осы күндері жұмыс жасап тұрған балабақша ғимараттарын қайта жаңартуға 500 миллион теңге қаржы бөлінетін болыпты. Сонымен қатар, облыс орталығында биылғы жылы тамыз айында 1200 орындық №16 жалпы білім беретін орта мектептің құрылысы аяқталмақ. Ең негізгісі, отын-энергетика саласы үшін салынып жатқан мамандар дайындау жөніндегі Екібастұздағы 700 орындық аймақаралық орталық оқу орны да алдағы қыркүйек айында студенттер қабылдайтын болса, қазан айында Железин ауданының Мыңкөл ауылында 80 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Ерекше бір жаңалық – биыл облыс орталығында химия-биологиялық бағытта білім беретін 720 орындық «Назарбаев зияткерлік мектебінің» құрылысы басталады. Ал денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ардақ Күзековтың баяндауынша, облыстағы Баянауыл, Кенжекөл, Бесжан ауылы мен қалаға жақын орналасқан кентте жаңадан денсаулық сақтау нысандары салынатын болса, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Қанат Кәрімовтің мәлімдеуінше, шалғайдағы бірнеше ауылдың тұрғындары тәуелсіздік мерекесін жаңа клубтарда қарсы алмақ, сондай-ақ қосымша 31 ауылдың клубтарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Бұл күндері облыс орталығында халықаралық деңгейдегі спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр десек, оның құрылысын, бизнестің әлеуметтік саладағы жауапкершілігі аясында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы қаржыландыруда.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.