Қазақстанның ғылыми қауымдастығының президенттік сайлау қорытындыларын қолдаған мәлімдемесі
Қазақстан Республикасы Президентінің болып өткен сайлауы адамдардың Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тұлғасына деген құрметі мен сенімінің тағы бір кезекті айғағына айналды.
Қазақстанның табыстары Мемлекет басшысының есімімен тығыз байланысты. Оның стратегиялық болжамының, сындарлы да ойластырылған саясатының арқасында 20 жыл ішінде көптеген көрсеткіштер бойынша Орталық Азияда көш бастаған жаңа, экономикалық дамыған мемлекет құрылды.
Ұлт Көшбасшысының саясаты әр кезде де мемлекеттің болашақ өркендеуінің басты шарты болып табылатын – ғылым мен технологияларды дамытуға бағдарланғандықтан Н.Ә.Назарбаевтың сайлануы ғалымдардың шығармашылық бастамасына қанат бітіреді.
Президенттің ғылыми-техникалық саланы жетілдіру туралы идеялары зерттеушілердің инновациялық шығармашылығын жүзеге асыруының және елдің индустриялық дамуындағы серпілісті қамтамасыз етудің ықпалды құралына айналған «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының жаңа заңында көрініс тапқан.
Қазақстан ғалымдары Ұлт Көшбасшысының басшылығымен Қазақстан ғылымының жаңа биіктерге жетіп, ғылыми жетістіктердің әлемдік қазынасынан лайықты орын алатынына сенімді.
Біз, Қазақстанның бүкіл ғылыми қауымдастығы атынан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты сайлаудағы сенімді жеңісімен құттықтаймыз және Отанымыздың өркендей беруі үшін болашақта да оның отандық ғылымды дамыту жөніндегі саясатына қолдау білдіретінімізді жеткіземіз.
ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері:
Мұрат ЖҰРЫНОВ, Салық ЗИМАНОВ, Сейіт ҚАСҚАБАСОВ, Сұлтан САРТАЕВ, Меруерт ӘБУСЕЙІТОВА, Серік ҚИРАБАЕВ.
Еліміз ертеңіне сенім мол
Қазақстан жазушыларының мәлімдемесі
Қазақстандықтар кезектен тыс өткен президенттік сайлауда лайықты таңдауын жасады. Халық өзінің болашақ тағдырын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен тікелей байланыстыратынын тағы бір дәлелдеп берді.
Біз, еліміздің қаламгерлер қауымы, ақын-жазушылар бұл маңызды саяси доданы мұқият қадағалап қана қойғанымыз жоқ, Қазақстан тарихындағы Елбасының ерен тұлғасын, әлем таныған қайраткерлік болмысын және болашақтағы атқаратын істерін қалың оқырманға жеткізуге тырыстық. Сол арқылы халықтың өз қалауын дұрыс таңдауына мүмкіндігінше ықпал етуге күш салдық.
Елдегі әрбір саяси-әлеуметтік, экономикалық, мәдени реформаларды жіті бақылап отыратын ұлт зиялылары – халықтың бұл таңдауын мемлекет тағдырына және ел мүддесіне деген адалдығы деп бағалайды. Ұлтымыздың кемел келешегі жолында жасалған ірі саяси қадам ретінде ұғынады.
Сайлау заң талаптарына және халықаралық ережелерге сай ашық, жария әрі әділетті өткенін атап өткіміз келеді.
Қай қоғам болсын қиындықсыз, кедергісіз алға басқан емес. Біз де жаңа құрылып жатқан мемлекет ретінде әлемдік деңгейдегі саяси талап-тілектердің үдесінен біртіндеп шығып келеміз.
Осындай жауапты кезеңде Қазақстанды өзінің тарихи Отаны санайтын өзге этнос өкілдері үлкен бауырмалдық танытып, ауызбіршілік көрсете білді. Сөйтіп, күллі қазақстандықтардың бұл саяси шешімі – ел ішінде орныққан келісім мен татулықтың нәтижесінде жүзеге асып отыр.
Бұл – тәуелсіздігіміздің 20 жылдық тарихында елдегі сайлау мәдениетінің жоғары деңгейге көтерілгенін айғақтайды және осы таңдау жаңа дәуірдің жарқын беттері болатыны сөзсіз.
Азаттық жолында сан ғасырлар аттан түспей, күреспен өткен ұлы бабалардың аңсаған арманына халқын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жеткізді. Қазақ елін әлемдегі іргелі мемлекеттердің қатарына қосып, шекарамызды шегендеп берді. Бүгінде республикамыздың өзге елдермен терезесі тең өркениетті мемлекетке айналуын бүкіл әлем Елбасының есімімен тікелей байланыста қабылдайды.
Алдағы кезеңде де еліміз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген басшылығымен көркейіп, гүлдене беретініне сеніміміз кәміл!
Нұрлан ОРАЗАЛИН, Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ, Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ, Қалихан ЫСҚАҚОВ, Фариза ОҢҒАРСЫНОВА, Шерхан МҰРТАЗА, Марфуға АЙТХОЖИНА, Әкім ТАРАЗИ, Ахметжан АШИРИ, Валерий МИХАЙЛОВ.
Қазақстандағы республикалық этномәдени бірлестіктердің президенттік сайлау қорытындыларын қолдаған мәлімдемесі
Үстіміздегі жылдың 3 сәуіріндегі кезектен тыс президенттік сайлауда Ұлт Көшбасшысы, Тұңғыш Президент және Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев салтанатты жеңіске жетті.
Бұл өткен сайлау Президенттің Қазақстан халқының әл-ауқаты мен өркендеуіне бағытталған саяси және экономикалық бағытына бүкілхалықтық қолдауды іс жүзінде және салмақты түрде бейнелеп берді.
Елдегі этномәдени бірлестіктер сайлау қорытындыларына өз қолдауын білдіріп, Нұрсұлтан Әбішұлын Мемлекет басшысы лауазымына сайлануымен құттықтайды.
Сайлаудың нәтижелері объективті және заңды, халықтың көпшілігінің ерік-жігерін бейнелейді және қазіргі Президенттің басшылығымен қол жеткізілген еліміздің ішкі және сыртқы саясатындағы талассыз табыстармен негізделген.
Біздің елімізде этностардың, мәдениеттер мен түрлі діни сенімдегі адамдардың бейбіт өмір сүруінің бай тәжірибесі жинақталған. Осынау ерекше тәжірибе біздің бірлігіміздің түп тамырын айқындайды. Жүргізіліп отырған саясат Қазақстанда тұратын барлық этностардың дәстүрлерін, мәдениеті мен тілдерін қайта жаңғыртып, дамыту үшін жағдайлар туғызды.
Сайлау нәтижелері Қазақстан халқының бірлігіне, негізінде тәуелсіздік, еркіндік, тұрақтылық пен толеранттық жатқан базалық қазақстандық құндылықтарға деген адалдығын сенімді түрде дәлелдейді.
Өз жауапкершілігін, Қазақстан үшін сайлаудың маңызын сезіне отырып, этно-мәдени бірлестіктер өкілдері елдің бүкіл облыс орталықтарында «Біз – Қазақстан халқы» атты Президентті қолдаудың жалпы республикалық электоралдық акциясын өткізді.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кандидатурасын қолдай отырып, біз халықтың басым көпшілігінің саяси ерік-жігерін бейнеледік, өзіміздің ұлттық ынтымағымызды көрсеттік, халық бірлігін нығайттық.
Біз өз тағдырымызға еркін таңдау жасадық.
Біз оның мемлекеттің болашақ тұрақты дамуы үшін, елдің әлемдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін, біздің халқымыздың әл-ауқаты мен өркендеуі үшін қажет екеніне барынша сенімдіміз.
«Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасының президенттік сайлау қорытындыларын қолдаған мәлімдемесі
«Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасы болып өткен президенттік сайлауға өзінің қолдауын білдіреді.
Мемлекет басшысының мақсатты бағытталған саясатының арқасында елде нарықтық экономика қалыптасты, отандық бизнесті дамыту үшін жағдайлар жасалып, жетілдірілуде.
Қазірдің өзінде Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасаған Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылуда. Неғұрлым қолайлы бизнес-ахуал көрсеткіші бойынша біз әлемде 59-шы орын аламыз!
Біздер, бизнес өкілдері, сөзсіз, Қазақстанның бүкіл табыстарын Мемлекет басшысымен, оның кемеңгер де бірізді саясатымен байланыстырамыз. Оның басшылығымен қабылданған экономикаға инвестициялар тарту, заңнамаларды жетілдіру жөніндегі шаралар саламатты бизнес орта құруға, Қазақстан азаматтарының материалдық әл-ауқатын арттыруға жағдай жасайды.
Біз ел Президентін сайлаудағы сенімді жеңісімен құттықтаймыз және оған экономикалық өсімді нығайтуда одан әрі табыстар тілейміз.
Қазақстанның Азаматтық альянсының президенттік сайлау қорытындыларын қолдаған мәлімдемесі
Өзінің қатарына елдің барлық өңірлеріндегі 480-нен астам үкіметтік емес ұйымдарды біріктіретін Қазақстанның Азаматтық альянсы үстіміздегі жылдың 3 сәуірінде өткен кезектен тыс президенттік сайлау қорытындыларына өзінің толық қолдауын білдіреді.
Біз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевты сайлаудағы сенімді жеңісімен құттықтаймыз әрі демократиялық және өркендеген мемлекет құрудағы оның көпқырлы қызметіне одан әрі табыстар тілейміз.
Демократиялық қоғам орнату Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдық дамуындағы ең басты заңды жетістіктердің бірі болып табылады.
Өз қатарына 2 миллионнан астам қазақстандықтарды біріктірген үкіметтік емес сектордың дамуы оған айқын айғақ.
Сайлау қатаң түрде қолданыстағы заңнамаларға сәйкес өтті. Барлық кандидаттардың саяси бәсекелестігі үшін бірдей жағдайлар туғызылды. Электораттың жоғары белсенділігі халықты елді басқаруға іс жүзінде тартудың және оның жоғары саяси мәдениетінің айғағы болды. Сайлау Қазақстанда демократиялық және құқықтық мемлекет құру жолындағы кезекті де маңызды қадам болды.
Қазақстанның Азаматтық альянсы өзінің мемлекетпен одан әрі де сындарлы қызметтестікте болу жөніндегі берік ниетін мәлімдейді
Жастар ұйымдарының президенттік сайлау қорытындыларын қолдаған мәлімдемесі
Біздер, Жастар конгресінің, Студенттер альянсының, «Жасыл ел» республикалық штабының, Жұмысшы жастар одағы мен Ауыл жастары одағының өкілдері өзіміздің Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауының қорытындыларына қолдау білдіретінімізді мәлімдейміз.
2011 жылдың 3 сәуірінде жүз мыңдаған жас қазақстандықтар қазіргі Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевқа өз дауыстарын сеніммен берді.
Ұлт Көшбасшысының, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің мемлекеттілікті одан әрі нығайту, ырғақты әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізу және Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін нығайту жөніндегі асқақ жоспарлары ел жастарының арасында іс жүзінде қолдау табуда.
Қоғамда болып жатқан үдерістерге деген өз жауапкершілігін сезіне отырып, ел жастары өз таңдауын жасады.
Біз тұрақты, біртұтас және өркендеген Қазақстанды қолдаймыз!
Қазақстан жастары бүкіл прогресшіл жұртшылықты елдің 2020 жылға дейінгі дамуының Стратегиялық жоспарының басымдықтарына қол жеткізу үшін өз күш-жігерлерін бағыттауға шақырады.
Бәріміз біріксек күшпіз, бәріміз бірігіп Қазақстанбыз!
Президентпен бірге, алға!