15 Ақпан, 2017

Жасөспірімді жарға итермелеген кім? «Синий кит» солтүстік өңірге де жетті

462 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Таяуда облыс орталығында мек­­теп директорларының шұғыл қ­а­тыстырылуымен жабық есік жағ­дай­ында жиын өтті. Оған күштік құ­рылымдар мен білім саласының өкіл­де­рі ғана шақырылды. Олар­дың аяқ­асты жиналуына Ресей­дің Барнаул қаласынан со­ғыл­ған теле­­фон шылдыры себеп болған. Көр­ші елден хабарласқан әйел петро­павлдық оқушының өзіне өзі қол салуға оқталып жүргенін, жедел алдын алмаса, өлімге апаратын ойын­ның құрбанына айналатынын жет­кіз­ген. Содан кейін ғана тиісті орындар қауырт қимылға көшіп, абырой бол­­ғанда, жасөспірім ажалдан аман қал­­ған. Оны құтқарып қалуға дә­рі­гер­лер де жұмылдырылып, пси­хо­нев­рологиялық диспансерге жат­­қы­зылған. Барнаулдық тұрғын дер ке­зінде ескертпегенде, бұл оқи­ға­ның соңы неге соқтыратынын көз­­ге елес­тетудің өзі қиын. 16 жас­та­­ғы жас­өспірім қызды суицид­ке апа­­рар жол­дан дер кезінде араша­лап қал­ған бей­таныс жанның әлеу­мет­тік ж­е­лі­де­гі парақшаға қалай тап болғаны әлі күнге дейін құпия. Бүгінде жастарды интернет ар­қылы өмір сүруден түңілдіріп, өз-өзіне қол салуға мәжбүрлеп жүрген неше түрлі сойқан «ойындардың» жауыннан кейінгі саңырауқұлақша қаптап бара жатқаны жасырын емес. Ресейде «В контакте» әлеу­меттік желісіндегі атышу­лы өлім­ге шақыру топтарына қа­тыс­ты кү­діктілердің ұсталғаны мә­лім. Со­лардың бірі, «Синий кит» ойынын ойлап тапқан Филипп Бу­дей­кин кәмелетке толмаған ба­ла­­ларды ашық түрде өз-өзіне қол жұм­­сауға көндіріп отыр­ған. Түбі суи­цидке әкелетін қа­у­іпті ойын­­дар­дың елімізде де етек ала бас­та­ғаны жөнінде дабыл қа­ғушылар негізінен 9-13 жас ара­лы­ғындағы жеткіншіктердің, пси­хо­логиялық тұрғыдан әлсіз ба­ла­лар­дың көбірек бейім екенін айтады. Жасыратыны жоқ, біз әлі күнге дейін мына бір жаман әдеттен арыла алмай келеміз. Болған оқи­ға­ны боямасыз, сол қалпында көр­сетудің орнына сылап-сипап, жа­сыруға әуеспіз. «Бәрі жақсы» деген кейіп танытамыз. Осындай немқұрайдылық салдарынан жас­тарымызды тура жолға салудың орнына жарық күнде адастырып жүрміз. Ана жылдары Есіл ауданына қарасты кәсіптік-техникалық колледжде суицидке қатысты бірнеше оқыс оқиға орын ал­ды. Сол-ақ екен, тексерушілер жан-жақтан қарақұртша қаптап, бас­­шылық пен психологтарды мүй­із­деді. Біржақты кінәлау, қар­а­лау ба­са айтылып, сонымен бәрі ты­­ны­ш­талды. Соған қарағанда, қор­да­ланған проблемалардың сал­да­рымен ғана күресіп жүрген тә­різ­­діміз. Себептерін ашық айту­дың, талқылаудың, алдын алу­дың, бол­дыр­маудың кешенді жұ­­мыс­та­рын жүргізудің орнына нау­қа­н­­шыл­дықпен шектеліп жүр­ген­­дей әсер қалдырады. Былтыр Қы­зыл­жар өңірінде жастарды суицидке мәжбүрлейтін 41 сайт жабылып, 5 сайттың жұмыс істеуіне тос­қауыл қойылған. Жөн-ақ. Десек те, мұн­дай әлеуметтік контенттерді анық­таудағы сылбыр­лық­тың бір ұшы мектептермен, оқу­шы­лармен ты­ғыз қарым-қатынас жа­саудың, нақ­ты жағдайды сарап­тап-талдап оты­ру­дың орнына қағазбастылыққа, цифр­лар­ға кө­бі­рек иек артатынымызда жа­тыр. Күштеу-зорлау арқылы тыйым сала алмасымыз анық. Парламент де­путаттарының 16 жасқа толмаған ба­лалардың әлеу­­­меттік желіге кі­руі­не заң ар­қы­­­­л­ы тыйым салу ту­ра­лы ұсы­ны­сы­­­на байланысты нақ­ты байлам жа­­­­сайтын мезгіл же­т­ке­нін ға­­лам­­тор желілеріндегі небір сұм­дық оқи­­ғалар аңдатқандай. Осын­дай ше­­шуші қадамдар қажет-ақ. Мұн­­дай тәжірибе өркениетті ел­дер­де бар. Екіншіден, суицидке қа­тысты мә­селемен тікелей қай құ­­­зыр­лы орын айналысатынын тап ба­­сып ай­ту қиын. Бір-біріне сіл­тей са­лу ты­ғырықтан шығудың жо­лы емес. Тағы бір мысал. Жақында жер­гі­­лікті мұғалімдердің бірі 13-14 жас­тағы бірнеше оқушының қо­лын­дағы күретамырының жара­қат­­танғанын байқап қалып, дабыл қақ­ты. Прокуратура, облыстық, қа­­лалық білім саласының қыз­мет­­кер­лерінің, ата-аналардың қа­ты­с­уымен өткен жиында олардың қау­іпті ойындарға тартылғаны мә­лім бол­ды. Психологтың жеке қыр­а­ғы­­лығы арқасында оң-солын танып үл­­гер­меген жасөспірімдер кезекті өлім тұзағынан аман қалды. Егер аң­­дамаса қайтер еді деген суық ой су­­маңдап қоя береді осындайда. Бүгінде Қазақстанда өлімге же­­телейтін ойындардың ағашқы құр­бандары белгілі болып отыр. Қаншама жеткіншек өмірмен қоштасуға бел буып отырғанын ойлаудың өзі қорқынышты... Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы