07 Сәуір, 2011

Елі Елбасына сенеді

337 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы ертеректе айтқан бір сөзінде: “Елдің эконо­микасы жыл сайын орта есеппен 7-8 пайыз өсіп отырады. Біз осын­дай нәтижеге жұмыс жасаймыз”, деген еді. Құдайға шүкір, берген уәде орындалды. Елдің жағдайы жыл өткен сайын жақсарып келеді. “Көрмес, түйені де көрмес”, дейді қазақ. Ел ішінде аштан өліп, көштен қалғандай күңіреніп сөй­лейтіндер әлі де бар. Өмір ғой. Аузынан ақ май ақтарылып отыр дейтін алпауыт елдердің өзінде тіске басар ештеңе таба алмай, қа­йыр сұрап жүргендер жетеді. Дү­ниежүзілік экономикалық өр­леу­де көш бастап келе жатқан ұлы Қытай мемлекетінің өзінде тісінің суын сорып отырғандар бар. Ал өз сөзімізді тиянақтар дә­лел іздесек, қаптаған цифрға сүрі­ну­дің қажеті жоқ. Елімізде 1991 жылы есепте жеке көлік 800 мың көлемінде ғана болса, өткен жы­лы 2,5 миллионға жеткен. Яғни, көліксіз үй аз. Бұрын жеке мә­шине бір отбасының әл-ауқатын көрсететін көрсеткіш болса, қазір көлікті мақтан үшін емес, уақы­тын тиімді пайдалану, қозғалыс құралы ретінде мінеді ел. Созақ ауданына іссапармен бар­­ғанымызда бір ақсақал: “Бұрын ше­телдің қымбат мәшинелерін бас­тық­тар, байлар ғана мінеді деп ой­лай­тын едік. Қазір кәсіпкер де, фермер де, малы көп қойшы да міне беретін болды. Тоқшылық дегеніңіз осы шы­ғар”, деген. Рас сөз. Қолы қи­мыл­дағанның аузы қимылдайды. Елбасымыз жұмыс істеймін деген адамға бар жағ­дай­ды жасады. Ауылда тұрсаң, жерің бар. Мал өсі­рем десең, аз пайыз­бен несие да­йын. Бақшамен шұ­ғыл­данамын де­сең, су­лан­дыру­дан бастап, көшет, ты­­ңайт­қыш­тарға, жанармайларға де­йін субсидия беріледі. Қалаға кел­сең, ашы­лып жатқан кәсіпорындар көп. Мекемелер дәнекерлеуші, құ­ры­лыс­шы, монтажшы, краншы, токарь, сан­техник сияқты толып жатқан мамандықтарға зәру. Қо­сымша мамандық керек пе, мемлекет есебінен тегін оқисың. Көктем шыға Қазақстанға жұмыс іздеп өзбек, тәжік, қырғыз ағайындар қаптап келеді. Кетпейді. Неге келеді? Өз елінде күн көре алмай қалған соң келеді. Қа­зақстанда солардың бәріне жұ­мыс табылып жатыр. Сондықтан, жағ­дайым нашар, жұмыс таппай жүр­мін дегендерге өз басым онша­лық­ты сене бермеймін. Елбасы бірде: “Шағын және орта кәсіпті оңтүстіктен үйрену керек”, деді. Жалпы өңірлік өнімі алғаш рет 1 трлн. теңгеден асқан оңтүстік бұл нәтижеге мемлекеттік қолдаудың арқасында жетті. Қазақстан азық-түлік қауіпсіз­ді­гін­де көрші елдерге тәуелді бол­мауы керек. Әсіресе, көкөніс мә­селесінде. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов осы шаруаны оң­тай­лы шешіп жа­тыр. Еңбек өнім­ді­лігін көтеру, азық-түлік қорын молайту үшін там­шы­латып суару, жылыжайлар, көкөніс қойма­ла­рын салу, пайдаланудан шы­ғып қал­ған суармалы жерлерді қалпы­на келтіру үшін қыруар жұ­мыс­тар­ды қолға алды. Мемлекет басшысы шикізатқа тәуелді болмау үшін индустрия­лық-инновациялық бағдарлама­лар­­ды жү­зеге асыруға тапсырма бер­ді. Үкімет тарапынан үлкен же­ңіл­діктер жа­сал­ды. Қазір бұ­рын­ғы “Фос­фор” зауы­ты жаны­нан “Ин­дустриялық ай­мақ” құ­рылды. Ин­вестициялық жо­балар­ды талдау жә­не іріктеу ке­ңе­сі ұйым­дасып, заман талабына жауап беретін жаңа кәсіпорындар шо­ғырлана бастады. Осындай жұ­мыс­тар Елбасының Жарлығымен құ­рылған “Оңтүстік” еркін эконо­ми­калық аймағында да жүріп жатыр. Облыс алғаш рет білім сала­сын­да үш ауысымды мектеп про­бле­ма­сынан құтылды. Өткен жы­лы білім беру саласына 98,6 млрд. теңге бө­лінді. Мұныңыз кей­бір ша­ғын мем­лекеттердің жыл­­дық бюджетіне барабар. Жыл сайын мектеп, бала­бақ­­шалар салынып, бәрі то­лық ке­рек-жарақтармен қамтама­сыз етілуде. Елбасы оңтүстікке үш жыл бұрын келген сапарында ден­сау­лық сақтау саласының алдына төрт ірі мәселе қойған еді. Олар ана мен бала өлімін төмендету. Жүрек-қан тамырлары аурулары мен жұрт арасын жайлаған құрт ауруының алдын алу болатын. Об­лыстық денсаулық сақтау бас­қар­масының бастығы, медицина ғылымдарының докторы Жұма­ғали Исмаилов осы өзекті мәсе­ле­лерді шешудің түйінін тапты. Төрт тапсырма бойынша да жү­йелі жұмыс жүргізіл­ген­дік­тен жоғары көрсеткіштерге қол жетті. Бұл жұмыстарға оң­түстікке келген сапарында ТМД-да баламасы жоқ ауруханасы мен перзентхана үйін ашу салта­на­тында Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаев риза­лық білдірді. Шым­кент қаласы да жыл өткен са­йын ажарланып келеді. Ғаламат құрылыстар жүріп жатыр. Қала әкімі Арман Жетпіс­баевтың ко­мандасы уақытпен санаспай ең­бек етуде. Жыл сайын зейнет­ақы, ана мен балаға көмек көлемі көбейіп келеді. Қарттар ертеңгі күні үшін алаңдамайды. Жастар болашаққа сенеді. Осы шаруалар жеке адам­дардың іскерлігімен ғана бітетін жұмыстар емес. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде жететін жетістіктер. Біз бір облыстағы жақсы жағ­дайларды ғана сөз еттік. Қа­зақ­стан бойынша алып жұмыс­тар жүріп жатқанынан хабар­дармыз. Биыл Тәуелсіздігіміздің жиыр­­ма жылдығы. Осы жиырма жыл­да көптеген мемлекеттердің елу-жүз жылда зорға бағындыратын асу­ларынан өттік. Бұл біздің баға ға­на емес, шетелдік сарапшы­лар­дың да бағалауы. Қазақстанның келешегі кемел. Осыған оңай жеттік десек, қатты қателесер едік. Елбасымыздың сындарды сая­саты, көрегендігі, халқы үшін от пен суға түсуге тайсал­майтын қа­сиеті, парасаты жеткізді. Сондық­тан да Қазақстан халқы Көшбас­шысына сенеді. Үнемі қасында бо­ла­ды. Жанынан табылады. Уәлихан СҮЛЕЙМЕНОВ, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Шымкент.