07 Сәуір, 2011

Қазақстандағы демократия тамыры тереңдей түсуде

1110 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Сайлау нәтижелері бойынша мәлімдеме Біз сайлауалды мәлімдемемізде Қа­зақ­стандағы президенттік сайлау ашық демократиялық саясатты дамыту кезе­ңін­де ел әлеуеті үшін сынақ болып та­былғанын атап өттік. Атап айтқанда, біз бұл сайлаудың халықаралық стандарт­тарға қаншалықты жақын екенін бағам­дауға ұмтылдық және ең бастысы, ортақ үрдіс қандай, өткен сайлаулармен салыстырғанда, жетілдірілген тұстар бар ма? 30 наурыз бен 3 сәуір аралығында Қазақстандағы біздің тәуелсіз бай­қау­шы­лар тобы 9 саяси партия көшбас­шыларымен және мүшелерімен, сайлау комиссиясының лауазымды адамдары­мен, ҮЕҰ өкілдерімен кездесті. Сайлау күні біздің тобымыздың мү­шелері 4 облысқа – Қарағанды, Павлодар, Ақмола және Алматы облыстарына шықты. Сондай-ақ, Астана және Алматы қалаларында болды. Біз дауыс берулер барысын байқау үшін 65 сайлау учаскелеріне бардық. Осылардың бесеуінде біз сондай-ақ дауыс берулерді есептеу мен дауыс берудің жабылуы процеду­раларын байқадық. Сайлау учаскелерінде және одан тысқары жерлерде біз жүздеген сайлаушылардан олардың әсерлері туралы сұрадық. Бұған дейінгі болған сайлаулардан айырмашылығы – бұл жолы сайлау учас­келерінде орталықтандырылған және әкімшілендірілген жұмылдыру­лар­дың нақты белгілері байқалған жоқ. Керісінше, біз дауыс беру барысында сай­лаушылардың өздерінің азаматтық парыздары мен патриотизмдері негізінде сайлау учаскелеріне келгендерін көрдік. Қазақстандағы және басқа да елдердегі 1999 жылдан бергі сайлауларды бақылау тәжірибесіне сүйенетін болсақ, біздің тобымыздың бағалауы бойынша, 3 сәуір күні өткен президенттік сайлау үш деңгей бойынша да тек жақсы жағынан әсер қалдырды. Біріншіден, ол Қазақстан сайлаушы­ла­рының саяси таңдауын нақты көр­сет­ті. Екіншіден, өткен сайлау оның ал­дын­дағы сайлаулармен салыстырғанда, сайлау үдерісінің ашықтығын қамта­ма­сыз етуде айтарлықтай прогресс бар еке­нін аңғартты. Үшіншіден, таяу бола­шақтағы сайлауларда пікір бостандығы қазіргіден де ашығырақ бола түсетін­дігіне перспектива зор. Алдын-ала деректерге қарағанда, Пре­зидент Назарбаевқа сайлаушы­лар­дың 95,57 пайызы өз дауыстарын берген. Өткен сайлауда сайлаушылардың учаскелерге келу деңгейі де өте жоғары болды – тіркелген сайлаушылардың 89,9 пайызы өз таңдауларын жасады (2005  жылғы президенттік сайлауда – 76,8 пайыз). Сайлаушылардың учаскелерге осын­ша­лықты көптеп келуі Қазақстан хал­қы­ның өз игілігін қазіргі басшылықтың арқасында қамтамасыз етуге деген ұм­ты­лысын көрсетті. Көптеген сайлаушы­лар Қазақстандағы тұрақтылықты, қауіп­сіздікті бағалайтындарын және өз елінде өмір сүру деңгейінің серпінді дамып келе жатқанын қуаттайтынын білдірді. Бұл жәйт, әсіресе, Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстан бастап Ауғанстандағы және көрші Қырғыз­стандағы көптеген мұсылман мемлекеттерін қамтыған хаостың түкке де керек емес екендігін айғақтайды. Тұтастай алғанда, біз сайлау үде­рістері өзіміз болған барлық 65 сайлау учаскелерінде жақсы ұйымдастырылды және ашықтығымен, мөлдірлігімен ерек­шеленді деп бағалаймыз. Дауыс беру барысында кейбір ұйымдастыру бағытында кемшіліктер байқалғанымен, олар сайлау комиссиялары жұмысының тиімділігіне кері әсерін тигізе алған жоқ. Сайлау комиссияларының мүшеле­рі өздерінің жұмыстарын кәсіби тұр­ғы­д­ан жоғары деңгейде орындады және сай­лау үдерістерінің техникалық қырла­ры туралы барлық ақпараттарды алуға мүмкіндік туғызды. Біз болған барлық дерлік сайлау учас­келерінде комиссия мүшелері президенттік сайлауды табысты өткізу үшін арнайы тренингтер мен семинарлардан өтті. Келесі парламенттік сайлау қазір­гіден де күрделі ұйымдастырушылық проблемалар туындатуы ықтимал. Себебі, мұның барлығы қазіргіден де мұқият дайындықты талап етеді. Бірнеше қазақстандық партиялар сайлау науқанына бөлінген 30 күнді ұйымдастыру шараларын жүргізу үшін жеткіліксіз деп мәлімдеп, президенттікке өз кандидатураларын ұсынудан бас тартты. Осы президенттік сайлауға қатысқан немесе қатыспаған барлық партиялар келесі парламенттік сайлауға қатысуға мүмкіндікке ие. Партия көшбасшы­ларымен кездесулеріміз нәтижесінде біз олардың Парламенттегі орындар үшін бәсекелестікке түсетіні туралы ортақ пікірге келдік. Осының барлығы, сайып келгенде, Қазақстандағы демократия­лық институттардың дамуы бағытын­дағы ауыр жұмыстарды ілгері жыл­жы­туда тағы да алға бір қадам жасал­ғанын көрсетіп берді. Бұл үдерістің ауқымы мен қарқынын қазақстандық­тардың өздері айқындайтыны тағы да даусыз. Тұтастай алғанда, біз президенттік сайлау басқа мемлекеттердегі сайлау үдерістеріне сәйкес келді деп бағам­даймыз. Мұның өзі ұлттық ұжымдасу мен демократиялық институттар құру үдерісі жалғасып жатқанын айғақтайды. Сайлау күні қазақстандықтардың елдің демократиялық болашағына деген сенімдері жоғары болғанын көрсетті. Маргарита АСЕНОВА, Жаңа демократия институты; Ренди БРЕГМАН, «Salans» заңгерлік компаниясы; Януш БУГАЙСКИЙ, «Жаңа еуро­палық демократия» бағдарламасы, стратегиялық және халықаралық зерттеу орталығы; Сергей ГРЕЦКИЙ, «Орталық Азия және Кавказ» журналы; Владимир Сокор, «Джеймстаун» қоры; Дуглас ТАУНСЕНД, Салық және инвестициялар жөніндегі халықаралық орталық, Австралияның Қазақстандағы бұрынғы елшісі; Ричард ВЕЙЦ, Хадсон институтының әскери-саяси сараптама орталығы; Дэниел ВИТТ, Салық және инвестициялар жөніндегі халықаралық орталық.