16 Ақпан, 2017

Төл аспаптар төрге озды

966 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Операға ежелден симфониялық оркестрдегі скрипка, альт, виолончель, контрабас, флейта, фагот, гобой, кларнет, валторна, труба, тром­бон, туба, фортепиано, арфа... тә­різ­ді батыстық, еуропалық үлгідегі ас­паптар тән. Себебі, операның ота­ны Италия болғандықтан, сондағы му­зыкалық аспаптардың ойналуы өте заңды. Әгәрәки, ұлттық операмыз болса ше? Халқымыздың салт-дәс­тү­рін, дала мәдениетінің шалқар сазы мен жазира сарынын осы аспаптар тұшымды жеткізе ме, жоқ әлде ұлт­тық музыкалық аспаптарымыз ба? Е. Брусиловский мен Ғ.Мүсіреповтің тандемінен туған қазақ ұлттық опера өнерінің інжу-маржаны – «Қыз Жібек» операсының жаңа музыкалық редакцияда, компьютерлік, пластикалық би тілімен әрленіп, заманауи технологиялар көмегімен басы бүтін жаңғыртылуы өткен аптадағы ең бір ұмытылмас мә­де­ни оқиға ретінде қабылданғаны рас. «Астана Опера» театрында екі күн қа­та­рынан өткен премьераға халық көп жи­налды. Отандық опера болғандықтан жұ­рт­тың оған мейірлене құрмет көрсетуі, сүй­іспеншілік танытуы заңды құбылыс әри­не, алайда көңілге көл-көсір шуақ се­белейтін мұның тағы бір жағымды жа­ңа­лығы – халқымыздың көне дәстүрлі му­зыкалық аспаптары үнінің сал­танат құруы еді. Сол себепті, мұнда ал­ғаш рет ұлттық аспаптардың молынан пайдаланылуын қазақ ұлттық опера өне­рі үшін маңызы жоғары, үлкен қадам деп есеп­теу лазым. Бекайдар Қалиев жетекшілік ететін «Серпер» домбырашылар ансамблінің сахнада садақшылар биін халық күйі «Тепеңкөкпен» сүйемелдеп, алқа-қотан көпшілікпен біте қайнасып кетуі өте үйлесімді ойластырылған екен. Даланың тіршілік-тынысын, салт-дәстүрін бейнелеуде қасиетті қара домбыраның қоңыр үніне жететін дүниеде не бар, шіркін! Қособаның түбінде қылқобызымен «Көроғлы» күйін бебеулеткен Әділет Азбаевтың өнерімен де ұлттық операның көкжиегі кеңейіп, алты алаштың алдында айбыны асқанына еш талас жоқ. Спектакльде Төлегеннің қазасы мен Бекежанның жан азабын баяндар­да сөзден гөрі қобыздың қоңыр үні­не үкілеп иек артқан жанға рахмет! Ол осы таңдауда қателеспеген. Бағ­зы­дан қазақтың өзімен жаны егіз ас­пап­тың шанағынан төгілген толғауды мұ­нымен түбі бір, аталас делінетін скри­пкаңыз осыншалық биік өреде, өңе­шке өксік толтыра тебірентіп жет­кі­зе алар ма еді. Жоқ-ә, тәйірі. Сол сияқ­ты операдан ұлттық көне аспабы­мыз – кернейді кезіктіріп, бұрын-соң­ды ойламаған тамашаға тап бол­дық. Халқымыздың үрмелі аспабына жататын мұны ерте замандарда әс­кери жо­рықтағы жауынгерлерді жі­гер­лен­ді­ріп, алға ұмтылдыру, атойлату, кейде хабар беру сипатында пайдаланса, ен­ді бірде сарайлардағы салтанатты жағ­дайларда ойналатыны мәлім еді. Де­ректер бойынша бұл аспап түркі тіл­дес халықтар арасында өте кең та­ралған, бірақ олар өзара туыс бол­ған­ы­мен, аталуы, жасалуы жағынан бір-бі­ріне ұқсамайды. Өзбектерде «карнай» делінсе, ұйғырлар «супнай», «най» дейді екен. Өзбек ағайындар мұны тіпті өздерінің ұлттық бренді ретінде мақ­та­ныш тұтады. Өкінішке қарай, керней біздің дәстүрлі өнеріміздің өзегінен шеттеп, тасада қалып қойғандай күй кеш­ті. Мамандардың айтуынша, керней аспабының сыртқы жағын баяғыда түйе өңешімен қаптап жасап, біткен соң үстіңгі жағын жылқы қылымен шашақтап әспеттесе, ал біз сахнадан отандық ше­бер­лердің аспапты жезден жасаған бөлек бітімді үлгісіне куә болдық. Белгілі аспаптанушы шебер Болат Сарыбаев керней халқымыздың байырғы музыкалық мұрасы болып табылатынын ғылыми тұрғыда зерттеп, өнерге өкінбестен қосып кеткеніне қарамастан, оның «Қыз Жібек» фи­льмі­нен кейін сахнаға бірден жол тауып кете қоймауы ұлттық аспаптарға әлі де болса жеткілікті көңіл бөлінбей отырғанын аңғартады. Қырдағы қызғалдақтың ортасына жараса жайғасқан жетігенші арулар – Марал Сахметова, Айқарагөз Мүкия, Әлия Издилюева, Мәдина Сүлейменова «Алты қаз» композиция­сын нәзік иіріммен, нақышына кел­ті­ре шебер орындады. Әуедегі ән сал­ған құстардың қанатының сусылы қан­дай әсерлі естіледі. Бұдан бөлек, сим­фониялық оркестрге шаңқобыздың үнін мінсіз ұштастырған Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтің дирижерлік шеберлігіне жұ­рт шексіз риза... Ұлттық музыкалық ас­паптарды шеттетіп, пайдаланбау­дан көп нәрседен өзіміз ұтылып, құр қалып жүр екенбіз-ау! «Қыз Жі­бек» операсы қалай қойылыпты, сіз­дер­дің көңілдеріңізден шықты ма?» деп сұраушылар көп. Бар қазақтың жү­р­егін жаулап алған «Қыз Жібек» фильмінде қасиетті қара домбыраның құйқылжыған үні құлағыңыздан кетпей, ән мен күйге әсерленетін едіңіз ғой. Сол сияқты домбыра, керней, қылқобыз, жетіген, шаңқобыз ойналмаса, ол несіне «Қыз Жібек»?! Қазақтың дәстүрлі саз аспаптарының үнін алға оздырған «Қыз Жібек» операсы арқылы халқымыздың көне музыкалық аспаптарының даңқы шартарапқа шарықтап, мәртебесі асарына шын көңілден біз де қуанулымыз.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, 

«Егемен Қазақстан»