Баршаңызға белгілі, биылғы жылдың 25 қаңтарында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің өкілеттігін мемлекеттік билік тармақтары арасында қайта бөлу мәселесі бойынша арнайы Үндеу жолдаған болатын. Елбасы өз сөзінде Президенттің кейбір өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке берудің екі негізгі бағыты бойынша тапсырма берді.
Мемлекет басшысының заң жүзінде бекітілген өкілеттігін қайта бөлу мәселесі бойынша Әділет министрлігінің жүзеге асырып жатқан жұмыстары жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен ақпарат алмасу алаңында заңнама департаментінің директоры Дархан Игембаев айтып берді.
Ол мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жұмыстарын тиісті деңгейде атқару үшін Елбасының Өкімімен арнайы жұмыс тобы құрылғанын атап өтті. Оның құрамына мемлекеттік органдар өкілдері, мемлекет және қоғам қайрат керлері кірді.
Президент өкілеттігін қайта бөлу жұмысы екі бағыт бойынша жүзеге асырылады: бірінші бағыт – конституциялық деңгейде билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастарды теңдестіру; екіншісі – Үкімет пен басқа атқарушы органдарға Президенттің заңмен белгіленген әлеуметтік-экономикалық үдерістерді реттеу жөніндегі өкілеттігінің бөлігін беру.
Осы орайда, департамент директоры екінші бағыт бойынша жұмыстарды атқару Әділет министрлігіне тапсырылғанын атап өтті. «Әділет министрлігінің жанынан жұмыс тобы құрылып, олар 298 заң, 11 Конституциялық заң мен 20 кодекстің мәтіндеріне талдау жасады. Нәтижесінде, Президенттің заңмен белгіленген әлеуметтік-экономикалық үдерістерді реттеу мәселелері бойынша екі заң жобасының тұжырымдамасы әзірленді. Олар: «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасы және «Қазақстан Республикасының кейбір Конституциялық заңдарына мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасының тұжырымдасы», деп атап өтті спикер.
Айта кетейік, бүгінгі таңда аталған екі заң жобасы Ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында жарияланған.
Айдар ӨРІСБАЕВ, «Егемен Қазақстан»
АСТАНА