16 Ақпан, 2017

«Шыңырау шырғалаңы»

492 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
2010 жылы күзде Үкімет отырысында «Қазақмыстың» басқарма төрағасы (қазір директорлар кеңесінің төрағасы — авт.) Эдуард Огай кен қорының кенжелеуінен жуықтағы 10-15 жылда кейбір қаланы жұмыссыздық жайлауы мүмкін екенін мәлімдеді. «Болашағы беймәлім» дегенді мегзеді. «Тағдыры таразы басында тұрғанын» тұспалдады... 2013 жылы желтоқсанда өткен Үкімет отырысында Жезқазған жайлы жайсыз әңгіме ашық айтылды. Сол кездегі Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев былай деді: «Жезқазған қазба орнында қазіргі технологияны одан әрі қолдану, «Қазақмыс» мамандарының ойынша, өндіріс тиімділігін қамтамасыз етпейді. Кен-металлургия кешенінің 13-15 жылдай ғана жұмыс істейтін мүмкіндігі бар». Мұндай мәлімдеме жезқазған­дық­тарға жайсыз тиді. Компания бас­шы­лы­ғы ғана емес, қайлаға қараған кенші де, кенді келешегіне балаған ауыл-аймақ адамы да алаңдады. Себебі, қазір кенішке «кіндігі байланбаған» отбасы кемде-кем. Тіпті, ауылдағы малшының баласы да бүгінде шахтаның «шаңын қағып» жүр. Содан да шығар, елеңдеген ел аузында бұл жағдай «Шыңырау шырғалаңы» атанып шыға келді. Сонда Қаныштың қазақты қарық қылған батыл болжамы қиял болып қалғаны ма? Бірден айтайық, «Жоқ!». Ендеше «жұт» қайдан жетті? Қысқа қайырсақ, оның «құпиясы» мынада: шетелдік инвестор – ешкімнің нағашысы емес. Қаржы құйғанымен, бас пайдасын да ұмытпайды. 1995 жылы күзде Жезқазған комбинаты сенімді басқаруға берілген «Самсунг» фирмасы да бірден кенішті қуатты техникамен нығайтуды қолға алды. Сонау 60-жылдардың аяғында өндіріске енгізіліп, сан сыннан сүрін­беген, талай торабы жетілдіріліп, 1975 жы­лы жаппай пайдалануға көшкен «МоАЗ» автоқотарғышының да басынан жиырма жылдан кейін «бақ» тайды. Қазір оны қосалқы шаруадан болмаса, өндірістің өзінен көрмейсің. Есесіне шахта шыңырауын қуаты одан бірнеше есе артық шетелдік техника шиырлап жүр. «Қазақмыстың» фин-шведтік «Сандвик-Тамрок», финдік «Нормет», шведтік «Атлас-Капко», әлемге әйгілі «Катерпиллар», польшалық «Бумар» фирмасымен берік байланысы бар. Әрине, кенішті қуатты техника­мен жарақтандыру қуанатын-ақ жағдай. Тек кен қорын нығайту жағы назардан тыс қалып, жұмыстың біржақты жүргізілуі жайсыз жағдайға ұрындырды. Өкінішке қарай, шетелдік инвестор кеткесін де «Қазақмыс» бұл маңызды мәселеге он жылдай мойын бұра қоймады. Соның салдарынан кеніш қатары кеміді, бірнеше дүркін өндірісте оңтайландыру жүргізілді, тіпті, қолына «қайладан» басқа құрал ұстап көрмеген кеншіге күрек пен шелек беріп Кеңгір су қоймасының жағасына ағаш ектіріп қойғанды да көрдік. «Қазақмыстың» басқарма төрағасы Бақтияр Қырықпышев былтыр тамызда Алматыда журналистермен жүздескенде былай деп ағынан жарылды: «Елде ұзақ уақыт геологиялық барлау жүргізілмеді. Барлығы өткен ғасырдың ортасында алынған кеңестік деректі қолданды. 2012 жылы біздің компания геологиялық жабдықтар сатып алуды, мамандар тартуды бастады. Бүгінде барлау мәліметіне сүйеніп, құрамында мысы мол «Сарыоба» кенішінің кені – 40 жылға, «Жаман-Айбат-2» кенішінікі 30 жылға жететінін сенімді түрде айта аламыз». Бұған біздің қосарымыз, Жезқазған қазба орнын пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында 2013 жылдың қаңтарынан бастап компанияның бас жобалау институты құрамында кен қорын дамыту бас жоспарының техникалық-экономикалық негіздемесін жасаумен айналысатын арнайы топ құрылып, жұмыс істеуде. Сол негіздеме аясында кен ісі саласында кен өндірудің озық үлгісін пайдалану мүмкіндігі қарастырылады. Оны «Қазақмыстың» бас директоры жанындағы техникалық кеңес қадағалайды. Оқырман өзі де аңғарған шығар, әңгіме Жезқазғанның «жабылуы» емес, «барланған кен қорының» түгесіліп бара жатқаны жөнінде. Әйтпесе, алаңдауға негіз жоқ. Мәселен, компания мәліметіне қарағанда, Жезқазған аймағынан күні кешеге дейін 1 миллиард тоннаға жуық кен өндірілсе, геологиялық қызмет әлі 1 миллиард тоннадай құнарсыз теңгерімнен тыс мыс кені бар екенін дәлелдеп отыр. Бірақ, оны қазіргі технологиямен өңдеу тиімсіз. Сондықтан, 2018-2021 жылдары жылына 600 мың тоннадан астам мыс концентратын өңдейтін ірі гидрометаллургиялық зауыт салынады. Қысқасы, індетіп іздестірсек, сынаманы тереңнен тартсақ, әлі талай кен қоры табылады. Осы жерде Жезқазған қойнауында елеусіз жасырынып жатқан кен қатпары мен белгісіз қазба орнын қадағалап, түбегейлі зерттеген Қаныштың қызы Мейіздің кен минералогиясы жөніндегі көп жылғы зерттеу еңбегіне жүгінген жөн. Ол Жезқазған кенінің пайда болу негізі эндогендік (тереңдегі) текке жататынын анықтап, тәптіштеп түсіндіріп берді. Беймәлім кен қатпарын Жезқазғанның тереңдегі горизонтынан іздестіруді ұсынды. Беймәлім кен қатпарын Жезқазған кенді аймағының тереңдегі горизонтынан іздестіруді меңзегенде, Мейіз Қанышқызы, ең алдымен, «Покро – Оңтүстік-Батыс» телімінің оңтүстік-шығыс бөлігін ұсынды. Сонау 1985 жылы айтылған ақыл-кеңес күні бүгінге дейін құнын жойған жоқ. Тек туындаған тосқауыл – кені алынған кеңістік арқылы бұрғылау қиындығы. Жоғарғы горизонттың кені алынып, бос кеңістік пайда болғандықтан, төменгі горизонтты бұрғылау үшін станокты жердің астына түсіру керек еді. Бұл кезінде күрделі көрінді, оның үстіне өндірісшінің барлығы бірдей қолдай қоймады, арасынан ашық қар­сы­лық танытқаны да табылды. Соның салдарынан ұзақ жыл жұмыс жүрмеді. Тек 2003 жылы шілдеде «Қазақмыс» басшылығы жер астында скважина бұрғылау арқылы кен іздестіруді бастауға нұсқау берді. Бірақ, ол үнемі күтпеген күрделі техникалық қиындыққа кездесе берді. Дегенмен, кен қатпары болуы ықтимал деп Мейіз Сәтбаева жорамалдаған жобаның солтүстік-батыс беткейінен бұрын беймәлім болып келген жаңа кенді аймақ табылды. Мұндай кенді аймақтың жалғасы солтүстік-батысқа қарай 450 метрден кейін тағы кездесті. Атқарылған азды-көпті жұмыстың нәтижесі өмірлік маңызы жағынан да, ғылыми тұрғыдан да, сөзсіз, қызығушылық тудырады. Себебі, алынған дерек Жезқазған кен қыртысының әлі де ашылмаған қыры жеткілікті екенін көрсетеді. Сондықтан, байыпты зерттеу барысында талай «тосын сыйға» тап болу әбден мүмкін. Жасырын жатқан беймәлім кен қатпарын зерттеу жобасын жүзеге асыру жұмысы жаңа ғана басталды. Қалыптасқан күрделі кен-геологиялық жағдайға қарамастан оны жеріне жеткізу көзделген. Таяуда тұрғындар алдында Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов есеп берді. Қала басшысы былай деді: «Былтыр кен қорының Жыланды жүлгесі қатарға қосылды. «Шығыс Сарыоба» мен «Қарашошақ» кен орны­ның қуаты артып келеді. Нә­тижесінде өткен жылы 16,8 миллион тонна кен өндірілді, бұл – 2015 жыл­ғы көрсеткішпен салыстырғанда 4% артық. Былтыр желтоқсанда шоғыр­лан­дырып шаю тәсілімен тотыққан кеннен шақпақ мыс алатын тәжірибелік зауыт кешенінің құрылысы аяқталды. Биыл қаңтарда шақпақ мыстың алғашқы легі алынды. Наурызда бұл өндірістің экономикалық тиімділігі нақты екшеледі, сосын жылына 846 мың тонна кен өңдеп, 5000 тонна шақпақ мыс шығаратын зауыт салынады». Бұл жағымды жаңалық жиналған жамағатты бір желпіндіріп тастады. Қуатты кен қоры – кемел келешек­тің сенімді кепілі. Бұл бағытта қазір «Қазақмыс» жүйелі жұмыс жүргізуде. Біз соның бір парасына ғана тоқталдық. Әлібек ӘБДІРАШ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты
Соңғы жаңалықтар