17 Ақпан, 2017

Уақыт – алтын, білім – бақ

1037 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі күні білім саласын рефор­малау ісіне әлемнің алдыңғы қатар­лы елдерінің бәрі кірісті десек, артық айт­қандық емес. Өйткені, әлемдік ғы­лым­ның жедел дамуы, осыған сәй­кес инновациялық үдерістердің үдеуі ғасырлар бойы қалыптасқан еңб­ек нарығын құбылмалы күйге түсірді. Жылма-жыл жаңа технологиялар, осы­лар­дың есебінен жаңа маман­дық­тар пайда болып, еңбек өнімділігі қар­қын­ды өсу үстінде. Себебі, бұрын он адам, жүз адам атқаратын жұмысты енді бір немесе бірнеше адам ғана ең­се­ретін болып жүр. Мұның өзі жұ­мыс орындарына деген таласты бұ­рын­ғыға қарағанда әлдеқайда күше­йте түсті. Міне, осы тұста мектеп қабыр­ға­сын­да­ғы білім жүйесі жылдан-жылға жа­ңа­ра түскен еңбек нарығынан артта қалуда. Батыста кейбір мектептер осыны түсі­не отырып, оқу бағдарламаларына жаңа дағдылар мен пәндерді енгізу үс­тін­де. Соның ішінде, компьютерлік бағдар­ламалау көптеген мектептерде оқы­ты­латын болды. Бірақ жаңа техно­ло­гия­­лар­дың жылдам дамып келе жат­қа­н­дығы сондай, қазіргі оқу­шы­лар мек­теп қабырғасынан шығып, жұмыс із­дей бастаған кезде жаңадан пайда бол­ды деген бірқатар мамандықтардың өзі де ескіріп үлгеруі әбден мүмкін екен. Осы мәселені жан-жақты зерттеп, еңбегін жеке кітап етіп шығарған әлеу­­мет­танушы Кетти Девидсон бүгін­­гі бастауыш сыныптарда отыр­­ған оқу­­шы­лардың 65 пайызы ер­жет­кен кезде қазір өмірге келіп үлгер­меген беймәлім кәсіптермен шұғыл­данатын­дықтарын айтады. Қоғамда қалыптасып отырған бұл жағдай әлемнің алдыңғы қатар­лы елдерін мектептегі оқу бағдар­ла­ма­ларын қайтадан қарап, бола­шақ­ты болжай отырып мұқият сүзгі­ден өткізуге мәжбүрлеуде. Мәсе­лен, Фин­ляндия өзінің мектеп бағдар­ла­ма­ларын толықтай өзгертіп, «феноменді оқыту» (ерекше оқыту, ғажайып оқыту десе де болады) атты мүлдем жаңа тұрпатты модельді қабылдаған. Осы бойынша 2020 жылы Финляндияда дәстүрлі мектеп пәндерін «төрт К» (коммуникация, креативтілік (жаңа идея мен әрекетке шығармашылық бейімділік), сыни ойлау және кол­ла­бо­­рация (бір мақсат жолында бір­лесіп әрекет ету) аталатын жаңа тақы­рып­тармен алмастыратын бола­ды. «Бұл төрт пән командалық жұ­мыс­­та ор­та­лық орынға ие болуы тиіс жә­не бір желіге біріккен қазіргі әлем­ді біл­ді­ретін болады», деп жазады Singularity Hub бас редакторы Девид Хилл. Сондай-ақ, Аргентинаның аста­насы Буэнос-Айрестегі кейбір мектеп­терде де жаңа білім беру бағдар­лама­лары қабылданған. Мұнда жоғары сыныптың оқушысы бастапқы екі жылда білім алады, содан кейін үш жыл бойы кәсіпкерлікпен айналысады. Мектеп аттестаты оған содан кейін ғана беріледі. Буэнос-Айрестің кәсіпкерлермен жұмыс жөніндегі басқармасының директоры Мариано Мейер оқушыларды ерте бастан кәсіп­керлікке оқыту және үйрету олардың прогрестен кейін қалмауына, есейген шақтарында алдарынан кездесуі мүмкін кез келген жұмысқа икемді болуына ықпал ететіндігін айтқан. Давос қаласында былтыр өткен Бүкіләлемдік эконо­микалық форумда «Білім беруге жаңа көзқарас: техно­логи­ялар әлеуетін аша отырып» деген тақырыппен жарияланған Boston Consulting Group есебі бұл пікірді одан әрі қуаттай түсті. Бұл есепте ХХІ ғасырға ең қажетті білім мен дағды үш санатқа бөлінген. Олар – іргелі білім мен қабілет, біліктілік және адамның жеке басының сапасы, біздіңше айтқанда, қасиеті. «Бұл үш дағдыға адамдар өмір бойы үйренетін болады. Яғни адамның білім алуы әртүрлі жолдар арқылы өмір бойы жалғасады», дейді Бүкіләлемдік экономикалық форум сарапшылары. Міне, осы жағдайға орай Қазақ­стан­ның білім саласында қазіргі жүріп жат­қан өзгерістерге түсіністікпен қарауға бола­ды. Өйткені, Кеңес Одағы кезінде қа­лып­тас­қан білім жүйесінің күні өтіп ба­ра­ды. Ол кездегі оқушыларға бері­летін білімді көптеген пәндерге бөліп оқыту тәсілі жан-жақты кемел, саналы азамат тәрбиелеу үшін жақсы-ақ, бірақ ол оқу­шыларды жедел өз­геріс үстіндегі өмірге бейімдеу мәсе­лесін­де артта қалып кетіп отыр. Қазіргі білім беру ісінің адамға қояр басты шарт­тарының бірі – «алған біліміңді өмірің­де іске жаратып үлгір, өмір өз­геріс­терімен қабыса қимылда, ол үшін өмір бойы оқып үйрен, ал қажетіңе жара­май­тын білімге алтын уақытыңды қаза қылма» деген қағидаға келіп саяды. Өйткені, заман алға басқан сайын дамимын деген адамға уақыттың қадірі бар­ған сайын артып келеді. Қазір­гі же­ке­ле­ген пәндердің бір-біріне кірік­тірі­­луін осымен түсіндіруге болады. Қыс­қасын айтқанда, адамның жеке ба­сы­ның дамуы үшін керекті-керексіз білім­ді бойға жинай беретін уақыт өтті, оның орнына өзіңе қажеттіні ғана іздеп, өмір бойы оқып-үйренуден жалықпайтын заман келді.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»