Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт МЕЛДЕШОВПЕН сұхбат
– Бақыт Сәрсенбайұлы, Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауы мәресіне жетіп, қорытындысы да жария етілді. Сайлаушылар дауыс беруде аса белсенділік танытқанына куә болдық. Мұны аса бір қуанышты жәйт деп бағаласақ керек.
– Өзіңіз айтып өткендей, Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауы аяқталды. Республика бойынша тізімге енгізілген сайлаушылардың дауыс беруге келуі 89, 99 пайызды құрады. Бұл – аса жоғары көрсеткіш. Осылайша сайлаушылар дауыс беруге белсене қатысып, өз таңдауларын жасады. Электораттың аса белсенділік танытуы, менің ойымша, мына факторларға байланысты. Біріншіден, еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі 20 жылға жуық уақыт ішінде біздің халқымыз сайлау институттары арқылы мемлекеттік билікті жүзеге асыруға қатысу барысында үлкен тәжірибелер жинақтады. Екіншіден, жыл өткен сайын тұрғындардың саяси сана-сезімі мен саяси мәдениетінің деңгейі өсе түсті.
Үшіншіден, президенттікке кандидаттар және олардың сайлауалды штабтары бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өздерінің үгіт жұмыстарын өркениетті түрде жүргізді. Олар сондай-ақ сайлаушылармен көптеген кездесулер өткізді. Міне, осы жайлар сайлаушылардың дауыс беруге белсенді қатысуына оң әсер етті. Төртіншіден, Орталық сайлау комиссиясы озық ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, көпшілік ақпараттық және жұмылдыру жұмыстарын ойдағыдай жүзеге асырды. Бұл жерде біздің тарапымыздан жастарды сайлауға көптеп тартуға ерекше назар аударылғанын атап өтпекпін.
Сонымен қатар, ұйымдастыру және жұмылдыру шаралары жергілікті жерлердегі аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларында да табысты жүргізілді. Бесіншіден, сайлаушылардың белсенділігінің жоғары деңгейде болуы тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңдерде халқымыздың өз елінің болашақта өркендеуіне деген шынайы сенімділігі берік орныққанында жатыр. Өйткені, ел Конституциясында атап көрсетілгеніндей, Президент – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, азаматтар құқығы мен бостандығының кепілі және символы болып табылады.
– Ал шет мемлекеттердегі Қазақстан азаматтарының дауыс беруге келуі қандай деңгейде болды?
– Шет елдердегі Қазақстан азаматтарының кезектен тыс президенттік сайлауға дауыс беру үдерісі 35 шет елде жүзеге асырылды. Олардың да дауыс беруге келу нәтижесі жалпы республикадағыдай жоғары болды.
– Сайлау күні дауыс беру үдерістерін бақылауға еліміздегі саяси партиялардың барлығынан байқаушылар қатысты ма?
– Сайлау учаскелерінде дауыс беру мен дауыстарды санау барысын байқауды жалпы саны 30 266 адам жүргізді. Оның ішінде кандидаттардың сенім білдірілген адамдары – 9 417, шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары мен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері – 1 212 саяси партиялардың байқаушылары – 12 828, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың байқаушылары – 6 212, ал республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының 597 өкілі бар.
Сайлауды байқауға еліміздегі саяси партиялардың байқаушылары да белсене қатысты. Мысалы, «Ақ жол» демократиялық партиясының – 46, «Нұр Отан» ХДП-ның – 9 774, Қазақстан Коммунистік партиясының – 291, Қазақстан Патриоттары партиясының – 1 073, «Ауыл» партиясының – 224, «Руханият» партиясының – 168, Қазақстан Коммунистік халық партиясының – 372, «Әділет» демократиялық партиясының – 60, «Азат» демократиялық партиясының – 168 және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының – 652 байқаушысы еліміздің барлық аймақтарында сайлау күнгі үдерістерді бақылап отырды.
– Бақыт Сәрсенбайұлы, дауыс берген күн – 3 сәуірде сайлаушылардан бірқатар шағым түскенінен хабардармыз. Бұл шағымдар не жайында болды?
– Орталық сайлау комиссиясы, сондай-ақ облыстық, Астана мен Алматы қалалық сайлау комиссиялары кезектен тыс президент сайлауын «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң нормаларына сәйкес өткізуді қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдады. Орталық сайлау комиссиясына 3 сәуір күні жеке және заңды тұлғалардан шағым түскен жоқ. Ал облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларына дауыс беру рәсімдерін байқауды ұйымдастыруға қатысты 8 шағым түскен еді. Олардың барлығы да жедел түрде және қолданыстағы заңнамалар аясында қаралды.
– ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның байқаушылары кейбір кемшіліктердің орын алғанын айтып қалды.
– ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның Қазақстанда бұған дейін өткізілген, яғни 1999 және 2005 жылдардағы президенттік сайлауларды, сондай-ақ 1999, 2004 және 2007 жылдардағы парламенттік сайлауларды байқау қорытындылары бойынша 6 түпкілікті есебі бар. Бұл құжаттар 161 ұсынымнан тұрады. Олардың 54-і бірін-бірі қайталаған. Қалған 107 ұсынымның 68-і жүзеге асырылды. Қазақстан тарабы бүгінде 19 құжатты жүзеге асырудың мүмкіндіктерін талқылауда. Ал 20 ұсынымның қабылдануы мүмкін емес. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның осы сайлау бойынша да бірқатар ескертпелері мен ұсыныстары болары хақ. Сайлау өткізу – өте күрделі жұмыс. Сондықтан ішінара кемшіліктер болуы мүмкін. Алайда, олар жалпы сайлауды өткізу деңгейіне және оның қорытындыларына кері әсер ете алмайды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.