20 Ақпан, 2017

Сыртқы саясатта оң имидж қалыптастырған елміз

426 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің ширек ғасырында Қазақстан өзінің сыртқы саясаттағы бей­­біт ұстанымын әлемдік қоғам­дас­­тыққа мойындатып, өзге мемле­кет­­термен тең дәрежеде қатынас ор­нат­­қан ел екендігін дәлелдеді деуге то­­лық негіз бар. Бүгінде әлемнің жетпістен астам мемлекетінде еліміздің дипломатиялық мис­­сиясы жұмыс істейді. Ресей, Қытай сын­ды іргелес орналасқан алып державалармен арада стратегиялық ынты­мақтастыққа қол жеткіздік. Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастық ең жоғары деңгейде. Осы орайда, Қазақстан Рес­пуб­ликасының 2014-2020 жыл­дар­ға ар­нал­ған сыртқы саясат тұжы­рым­дамасы та­бысты жүзеге асыры­лып жатқанын атап өткен жөн. Бұл Тұ­жы­рымдамада Ор­та­лық Азия мем­ле­кет­терімен қ­а­ты­нас орнату ту­ра­лы да жан-жақты көр­сетілген. Ал­­дағы бір­неше жылда мем­лекет бас­шы­ла­рының кездесулерін өт­­кізу, сау­да-эко­номикалық, әскери тех­­ни­ка­лық, мә­дени, рухани қарым-қа­ты­настарды арт­тыру және нығайту жос­­парланған. Қазақстан бүгінгі таңда қауіп­сіз­­дікті қамтамасыз ету, әлеу­мет­тік-эко­­номикалық мәселелерді шешу, сая­­си үнқатысу жөніндегі аса ірі ха­лық­аралық ұйымдардың мүшесі болып табылады. Атап айтар болсақ, Шан­хай ынтымақтастық ұйымының, Ұжым­дық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы­ның, Азиядағы өзара іс-қимыл және се­нім шаралары жөніндегі кеңестің мү­шесі, «Орталық Азия – Жапония» диа­логы, Орталық Азия – Корея Рес­пуб­­ликасы», «Орталық Азия – ЕО» диа­­логтарына, Орталық Азия елдерінің эко­­номикасына ар­налған БҰҰ арнайы бағ­дарламасына қа­тысушы. Құра­мы­на он мемлекет кіретін Орталық Азия ай­мақтық экономикалық ынты­мақ­тас­тық бағдарламасына қатысушы елдер­дің біріміз. Алдағы уақытта Орталық Азия ел­дерінің Ауғанстанмен арадағы қа­ты­­­настарын дамыту үшін Халық­ара­­­­лық қатынастар агенттігін құру жос­­­парланып отыр. Қазақстанның бас­­­тамасы бойынша өзара үнқатысу өт­­кізу алаңы әзірленуде. С5-1 деп ата­ла­тын үнқатысу алаңы аймақтағы 5 мемлекетті жаһандық экономикалық үдерістерге ықпалдастыру үшін тұрақ­ты түрде пікір алмасу, үнқатысу жұ­мыс­тарын үйлестіруге тиіс. Бәрімізге мәлім, ЕурАзЭҚ-тың жұ­мыс жоспары 2024 жылға дейінгі ара­лық­ты қамтиды. Осы ұйымның аясында экономикалық мәселелер бо­йынша жүз­ден астам құжат қабылданып, тиіс­ті жұмыстар жасалып жатыр. Соң­ғы бірнеше жыл ішінде Қазақстан Пре­зи­дентінің жеке бастамасымен басқа да көптеген халықаралық ке­лі­сім­дер қа­былданып, түрлі бағытта жұ­мыс­тар жол­ға қойылды. Жалпы, біздің еліміз Тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдарынан бастап-ақ өте қысқа мерзім ішінде сыртқы саясатта оң имидж қалыптастырды деп санай­мын. 1992 жылы БҰҰ мүше­лі­гіне қа­­былдануымыз сырты сая­сат­тағы дұ­­­­рыс ұстаным мен көреген ше­шім­дер­­­­­дің толымды нәтижесі болды. Со­дан бергі аралықта еліміз БҰҰ Жар­ғы­­­­сы бойынша өзіне қабылдаған мін­­­­­деттемелерді мүлтіксіз орындап, Ұйым­­ның қызметіне лайықты үлес қо­сып келе жатыр. Еліміз Жалпыға ор­тақ адам құқығы декларациясында бе­кі­тіл­­ген басымдықтарды тани оты­рып, дү­­ниежүзілік қоғамдастыққа ла­й­ықты қо­сылды. Жаһандық эко­но­ми­ка­ның ай­нымас бөлігіне айналды. Ол үшін еліміздің экономикалық әлеуеті де, табиғи ресурсы да, нарық талап­тары­на сай экономикалық құры­лым­дары да жеткілікті болатын. Жалпы, Қазақстанның маңдайына Азия мен Еуропаның, Батыс пен Шы­ғыс­тың арасында ұлы мәдениеттің алтын көпірі болу миссиясы жазылған. Елі­міз БҰҰ-ға қабылданған жылдардың ішін­де осы миссияны абыроймен орындап келе жатыр. Отанымыз өзінің бей­біт­шілікке негізделген сыртқы саясатын жүргізіп, барлық мемлекеттермен арадағы қатынастарын халықаралық құқық қағидаттары негізінде жүзеге асырады. Өткен жылдың маусым айында Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі­нің тұрақты емес мүшелігіне сайланға­ны белгілі. Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пә­терінде Бас Ассамблеяда өткен да­у­ыс беру рәсімінде 193 мемлекет­тің 138-­інің қол­дауына ие болған Қазақ­стан осы мәр­тебелі міндетті ат­қа­­­р­а­­т­ын болып ше­шілді. Бұл – елі­міз­дің әлем­дік қоғам­дас­тық тара­пы­нан мой­ын­­­дал­ғанының айқын бір көрі­ні­сі. Қа­уіп­сіздік Кеңесінің тұрақ­ты емес мү­­шелігіне Орталық Азия мем­ле­кет­те­­рінің ішінде бірінші болып сай­лан­ға­нын ескерсек, мұны Қазақ­стан­ның сырт­қы саясаттағы үлкен же­ңісі деуге бо­лады. Мұндай пікір біл­діріп отырған біз емес, халықаралық са­рап­шылар, дип­­ло­маттар, көптеген мем­лекеттердің көш­басшылары.

Еңлік НҰРҒАЛИЕВА,

заң ғылымдарының докторы