«Осы біздің аудандағы атышулы бір ауылдың адамдарының көбісі мүгедек. Олар өздерінің ұлттық ерекшелігіне байланысты бір анадан тумаса болды, ағайындылар өзара бір-бірімен қыз алысып, құдаласуға құмарлығынан қан тазалығы сақталмай, кемтар жандар тым көбейіп кеткен деген де пікір бар көпшілік арасында. Кім білсін?! Кейде солар әлеуметтік жәрдемақыны күнкөрісіне қосымша табыс ету үшін де жолын тауып, мүгедектік ала ма деген ой келеді.
Әй, бірақ құдайдан қорқатын шығар», дейді Мақтаарал ауданында тұратын белгілі журналист Жолбарыс Тілеуұлы қайбір жолы пікірлесіп отырып. Ойға қалдырған сөз болды мұнысы. Адамзат баласының мүмкіндігін шектейтін қандай да бір ауру немесе жазатайым оқиғаның салдары ұлт, жыныс, өңір таңдамайтыны аян. Дегенмен, мақтааралдық әріптесіміздің сөзінен ұлт пен этностардың жаратылысындағы биологиялық, тұрмыстық, өмір сүру сынды ерекшеліктердің денсаулыққа әсері болатынын меңзегенін сездік.
Өкінішке қарай, соңғы жылдары оңтүстікте мүмкіндігі шектеулі азаматтар саны көбейе түсуде. Оңтүстік Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының деректеріне қарағанда, 2017 жылдың 1 қаңтарына облыста 117 мыңнан астам мүгедек есепте тұрған (облыс халқының – 4 пайызы, ал республикада тұратын мүгедектердің 17,6 пайызы). Яғни, 2012 жылмен салыстырғанда 12,5 пайызға, 2015 жылмен салыстырғанда 7,8 пайызға өскен. Аудандар бойынша аталған көрсеткіштің төмендеу динамикасы Отырарда (99,3%), Сайрамда (88,6%), Арыста (81,9%) байқалса, қалған аймақтарда керісінше өсуде екен.
Өткен жыл бойынша жасалған талдау нәтижесіне сүйенсек, қан айналымы жүйесі ауруынан мүгедек болып танылғандар көп. Нақтырақ айтсақ, ересектердің 27 пайызы қан айналымы жүйесінің, 13 пайызы жарақат алу салдарынан, 13 пайызы қатерлі ісіктер, 11%-ы туберкулез бен эндокринді жүйесінің, ал 36%-ы басқа соматикалық аурулардың салдарынан мүгедек болған. Ал балалар арасында 35% туа біткен кемістік, хромосомдық бұзылу ауруларына, 34% жүйке және психикалық ауруларға, 27% жарақат алғандар мен басқа да соматикалық ауруларға келіп отыр. Медициналық әлеуметтік сараптама бөлімінің мәліметіне сәйкес, жалпы 117 389 мүгедектің 64,6%-ы (75 845 адам) қазақ, 16,5%-ы (19327 адам) өзбек, 5,2%-ы (6011 адам) орыс, 1,0%-ы (1217 адам) тәжік және 12,8%-ы (14989 адам) басқа да этнос өкілдері, дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Мәдина Есімова. Сондай-ақ, өткен жылы мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламаларына сәйкес оңалту шаралары мен әлеуметтік қызметтер көрсету үшін барлық бюджеттер есебінен 6,7 млрд теңге қаралыпты, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 28,8%-ға артқан.
Мәліметтерден аңғарғанымыздай, ересектерді көбінесе қан айналымы жүйесінің бұзылуы мүгедектікке мәжбүрлеп отырса, балалар арасында туа біткен кемістік пен хромосомдық аурулар көп. Жеті атаға дейін қыз алыспауды қанды бұзбау, тазалықтың белгісі, ұрпақ сапасының қамы деп білген дана қазақтың балалары мұндай аурулардан аман деген ойдамыз. Десек те, ауылдағы ахуалды жетік білетін маманның мәселеге байланысты пікірін білгеніміз артық емес.
– Тұқым қуалайтын аурулар, қан тазалығы туралы ғылыми негізде кеңінен таратып айтуға болады. Ал жергілікті жермен байланыстыра, қарапайым мысалмен айтар болсақ, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сайрам ауданы халқының менталитеті басқа аудандарға қарағанда өзгешелеу. Халық арасында жақын туыстарымен қыз алысу, қаны жақын жастардың бір-біріне үйленуінің салдары жатырдағы балада ақаулардың пайда болуына себеп болып табылады. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей, ұрпақ сабақтастығына кесірін тигізіп отырған мұндай дәстүрден бас тартатын кез келген секілді. Осы мәселені көтеріп, үш тілде жарық көретін аудандық газетте бірнеше рет мақала жаздым. Халық арасында және емделушілерге де мамандарымыз «қандасына үйленудің» қаншалықты қатерлі екенін аула аралау жұмыстарын атқарған кезінде барынша түсіндіруде. Баланың денсаулығына алаңдайтын тағы бір мәселе – аналардың жүктілікке жауапкершілікпен қарамауы. Аталмыш проблема қайтадан ұлттық менталитетке тіреліп тұр. Бізде «жас кезінде туып алсын» деген көзқарас қалыптасып қалған. Үлкендердің ақылына құлақ асқан жас аналар кейде бір жылда екі рет босанып жатады. Бұл дұрыс емес. Себебі, әйел босанғаннан кейін кем дегенде екі жыл демалуы керек. Оның ағзасы толықтай қалпына келіп, әл-қуатын жинап алғаны абзал. Оның үстіне, баланы екі жасқа дейін емізсе дені сау болады. Ал бірінші баланы босанып, бір жылға жетпей екінші рет нәрестелі болған әйелдің денсаулығы сыр бере бастайды. Дүниеге жаңадан перзент әкелген әйелді «жарты адам» деуге болады. Яғни, ол қуатының жартысын балаға беріп отырған адам. Ал кейінгі сәби арада екі жыл өтпей жатып туса, көп жағдайда әлсіз, аурушаң болып келеді. Себебі, әлі қалпына келіп үлгермеген жатырда өскен бала жарымжан болады. Әр перзенттің арасы үш-төрт жылдан кем болмаса ол балалардың ақыл-есі дұрыс, денсаулығы мықты болмақ, – дейді медицина ғылымдарының кандидаты, Сайрам аудандық Ақсукент емханасының бас дәрігері Қалдыбай Ыдырысов.
Білікті маман айтып отырған жақын туыстарымен қыз алысу, қаны жақын жастардың бір-біріне үйленуі Мақтаарал ауданындағы кей ұлыстар арасында да кездеседі. Әңгімеміздің басында айтқан мақтааралдық тұрғынның алаңдаушылығы бекер емес секілді. Ресми дерекке жүгінсек, мүгедектер қатарындағы 1217 тәжік этносы өкілдерінің 80 %-ынан астамы Мақтаарал ауданында тұрады екен. Демек, дәрігер айтқандай, өңір тұрғындарына ұрпақ сабақтастығына кесірін тигізетін дәстүрден бас тартатын кез келген секілді.
Ағайынға ақыл айтудан аулақпыз, біздікі «ауруын жасырған өледі» деген тұрғыдағы жанашырлық. Ұлт саулығы экономиканың дамуы үшін маңызды рөл атқаратыны бәрімізге мәлім. Денсаулығы жақсы адамдардың еңбек өнімділігі жоғары болатынын, экономика және қоғам дамуына үлкен үлес қосатынын әрбір қазақстандық біледі. Ал дамыған экономика әлеуметтік ортаны жақсарту арқылы өмір сүру сапасын жоғарылататыны және мәлім. Сондықтан да, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың саны артпай, экономикалық белсенді, еңбекке қабілетті халықтың анағұрлым көп болғанын бәріміз де қалаймыз.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы