Небәрі 24 жасында комсомолдық жолдамамен Қазақстандағы тың жерді игеруге келген талдырмаш орыс қызы еңбектегі де, өмірдегі де бақытын Қазақ елімен байланыстырамын деп кезінде ойламаған шығар. Алғаш совхозда агроном, кейін комсомол және партия қызметінде болды. Жиырма жыл аупарткомның бірінші, обкомның екінші хатшысы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы Төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Социалистік Еңбек Ері. Екі рет Ленин, үш рет Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері атанды. Жоғарғы Кеңестің депутаты болды. Жуырда әлемдегі ең көрнекті жүз әйелдің тізіміне енді. Таяуда сол аяулы апамыз Вера Васильевна Сидоровамен жолығып, сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Вера Васильевна, сайлауда қай үміткерге дауыс бердіңіз?
– Әрине, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа.
– Ол кісіге не мақсатпен дауыс бергеніңізді білуге бола ма?
– Нұрсұлтан Назарбаев – ең сенімді үміткер болды. Сол көңіл-күйімді, өзімнің ықылас-ниетімді білдіріп, Елбасына жеделхат та жолдадым. Соны оқып берейін бе?
– Әрине.
«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Барша қазақстандықтар үшін осынау есте қаларлық айтулы күнде Сізді барынша лайықты жеңісіңізбен, егеменді Қазақстанның Президенті болып бірауыздан сайлануыңызбен құттықтау мүмкіндігі туғанын өзіме үлкен абырой санаймын. Сіздің бар өміріңіз, еңбек жолыңыз республикаға және оның халқына шексіз берілгендікпен қызмет етудің өнегесі болып табылады. Мен өзімді Сіздің, сүйкімді де жүрегі жұмсақ адамның, Қазақстан халқының лайықты көшбасшысының, бүкіл планетадағы беделді тұлғаның қарамағында жұмыс істегенім үшін бақытты сезінемін. Халықтың өмірін жақсартуға, елдің қоғамдық, саяси өмірін жаңартуға бағытталған Сіздің сара жолыңызды жоғары бағалаймын. Сіз ұзақ ғұмыр кешуге, денсаулығыңыздың мықты болуына лайықтысыз. Сәлеммен, құрметпен Вера Васильевна Сидорова».
– Енді әңгімемізді әріден тарқатсақ. Елбасымен қай кезден таныссыз, алғаш көргендегі пікіріңіз дегендей...
– Нұрсұлтан Әбішұлын сонау 1961 жылдан білемін. Қаншама уақыт десеңізші! Ол – металлург, мен – агроном едім. Қазан қаласындағы ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, қазақ топырағына жолдамамен келіп, алғаш агроном, сосын экономист, кейін комсомол, партия қызметінде өткен өмір жолымды әр кезеңге бөлер болсам, онда Елбасының жарқын бейнесі бірге қосақталып жүреді. Нұрсұлтан Әбішұлы жайында 1961 жылы алғаш рет шопандардың республикалық бірінші слетінде естіп, білдік. Слетте баяндама жасаған сол кездегі Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков малшылар жайлы айта келе: «Республикада үздік, айтулы адамдар тек мал мен ауыл шаруашылығында ғана емес, құрылыста да, саясатта да бар. Бұл жолы жас металлург Нұрсұлтан Назарбаевқа тоқталғым келеді», деп, оның үлкен фотосуретін көрсетіп, қол жеткізген жетістігіне тоқталды. Нұрекең домна пешінің жанында тұр. Жас, жігерлі, әдемі, жанарынан от шашады. Біздің де жас, албырт кезіміз ғой, суретке қызыға қарап, сол жас металлургтің өмірбаянын, оның жеткен жетістігін қайталағымыз, соған ұқсағымыз келді. Өмір де, уақыт та өтіп жатты. Нұрсұлтан Әбішұлы келе-келе Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы болды. Сөйтіп, даңқы бүкіл республикаға тарап кетті.
Қостанай облысында аудандық партия комитетін басқарып тұрғанымда Нұрекең біздің өңірге Димаш Ахметұлымен бірге дала қосына, егіс даласына келіп, халықпен жүздескені бар. Ол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы. Димекеңе де, Нұрекеңе де еңбеккерлердің ықыласы ерекше. Дала ерлерінің екі езулері құлақтарына жетіп, соншалықты мейіріммен қол беріп амандасып, емін-еркін сөйлесіп жатты. Әрине, өкінішке қарай, бүгінде Димекең арамызда жоқ, ал халық өздерінің сол риясыз көңілін, күлкісін Нұрекеңе әлі сыйлап келеді.
– Вера Васильевна! Көпті көрдіңіз, ел басқаруда да біраз тәжірибе жинақтадыңыз, бұйырған жоғары лауазымды қызметтерді де атқардыңыз. Соның арқасында сізге кезінде Мемлекет басшысымен бірге жұмыс жасап, іс барысында араласуға мүмкіндік туды. Сол сәттерді еске ала отырсаңыз...
– Нұрекеңмен Орал облыстық партия комитетінің екінші хатшысы кезімде етене жұмыс жасадық. Облыста құрылыс материалдары, сметалық жобаның құжаттары, сонау соғыс жылдары көшіріліп әкелінген ескі зауыттарды күрделі жөндеуден өткізу сияқты мәселелер толып жатты. Әрине, сондай істерді шешу үшін кімге баруым керек еді? Әрине, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы Нұрсұлтан Әбішұлына бардым. Ол кісі аман-саулықтан соң бірден: «Қандай мәселемен келдіңіз?» деп жөн сұрасты. Мән-жайды айтып бердім. Нұрекең бар ынтасын салып тыңдаумен қатар, оны қағазға түсіріп отырды. Сосын қолдан келген көмегін жасайтынын жеткізді. Кейін осы мәселе жөнінде ол кісіден жақсы қолдау көрдім. Екінші рет Министрлер Кеңесінің Төрағасы кезінде тағы да жолықтым. Мамандығым агроном, ауыл шаруашылығы қызметкері болғандықтан, байқаймын, Орал облысы бойынша соңғы он жылдың астық жөніндегі көрсеткішін қараған кезде, мемлекетке астық өткізу жоспары бір-ақ жылда ғана орындалыпты. Қалған уақытта астық өткізу жоспары орындалмай, шаруашылықтар шығынға батқан. Ал оның себебі, жердің құнарлылығы, ауа райы сияқты себеп-салдарлар дұрыс есептелмей, жоспарды артығымен беріп отырғандықтан. Ал мен маман ретінде осының бәріне талдау жасап, жоғары жаққа дәлелдеу үшін тағы да Нұрсұлтан Әбішұлына бардым. Келісті де сүйкімді жас жігіт отырған орнынан тұрып, сыпайы қарсы алды да, ықылас қоя тыңдады. «Сіздің баяндама хатыңызды жіті қарап, мүмкіндігінше көмектесуге тырысамыз», деп жылы шыраймен шығарып салды. Нұрекең айтқан сөзінде тұрды. Келесі жылы облыстағы егін шаруашылығына қатысты жоспардың көлемі қысқарды, бірақ мен республикаға жұмысқа шақырылып, Жоғарғы Кеңес Президиумы Төрағасының орынбасары болып тағайындалып, Алматыға келдім.
Не нәрсе де салыстырмалы түрде бағаланып жатады емес пе? Соған қатысты мына бір жайтты айта кеткенді жөн көріп отырмын. Қазақстанды Колбин басқарып тұрғанда миға қонбайтын тапсырмаларды беретін. Бірде маған 1987 жылдың көктеміне дейін республика бойынша барлық тұрғын үйлерді жөндеуден өткізу керек деген тапсырма жүктелді. Ойлаңызшы, заң шығарушы өкімет қалайша республиканың барлық тұрғын үй қорына жөндеу жүргізе алсын. Содан бірден Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары А.Ф.Башмаковқа барып, жағдайды айтып түсіндірейін дедім. Ол кісі аздап тәкаппар адам еді. Берілген тапсырмаға соншалықты жауапкершілікпен қарайтын маған, Башмаков тұрды да: «Онда тұрған не бар екен? Сонша бір шешілмейтін проблема деп тұрсыз ба?» деп даусын көтеріп сөйлегені сол екен, өзім де түсінбей қалдым, есімнен танып құлап түсіппін. Бір кезде көзімді ашсам Башмаков: «Не болды сізге?» деп мені түрткілеп жатыр. Есімді жиған соң ыңғайсызданып «өзім кетем» деп есікке қарай беттедім бе десем, басқа жаққа кетіп бара жатсам керек, ол кісі жөн сілтеп, көмекшілерін шақырып, шығарып салды.
Осылай Башмаковтан көңіл қалды. Енді не істеймін? Денсаулығым түзелген соң, осы мәселемен Нұрсұлтан Әбішұлына кірдім. Ол кісі болса: «Вера Васильевна, тапсырма түсінікті, мен бұрынғы өндірісші ретінде құрылыс мәселесін, оның көлемін жақсы білемін, сондықтан бір нәрсе ойлап табармыз. Ал сіз тұрақты комиссиямен жұмыс жасап, бүкіл республикадағы барлық тұрғын үй қорын аралап шығуға тапсырма беріңіз. Әзірге қалаларды қозғамай-ақ қойыңыз. Селодағы барлық тұрғын үйлердің іші де, сырты да жөнделетін болсын. Ол үшін не істеу керек екенін, біз де қарап отырмай ойластырамыз», деді. Міне, көрдіңіз бе, Назарбаевтың қабылдауынан тіптен өзгеше көңіл-күйде шықтым. Нұрсұлтан Әбішұлы қашанда маған қолдау көрсетіп отырды.
Тағы бір оқиғаның еске түсіп отырғаны. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюросы өтіп жатты. Колбин қолына бір уыс қарындаш алып, аударыстырып отырған. Оны ермек етіп отырғаны аздай, ұйықтап кетіп қолындағы қарындашын шашып алды. Президиумдағылар оны көрмегенсіп, төмен қарап отырысты. Ал маған басшы адамның бұл әрекеті соншалықты ерсі, ұят көрініп, өз сезімімді жасыра алмай, сондай бір жаман, кінәлаған көзқараспен жалт қарадым. Сол кезде екеуіміздің көзіміз түйісіп қалды. Әрине, оған бұл қылығым ұнай қоймағанын білдім. Мен Димаш Ахметұлының, одан кейін Нұрекеңнің бюроны қалай өткізетінін білемін. Тыңдай да білетін, керек жерінде ескертуін де жасап отыратын. Ал Колбин кімнің қалай есеп бергенінде шаруасы жоқ, ойнап отырған қолындағы қарындашына ие болмай, масқара болды. Сол бюродан шығып Жоғарғы Кеңестің ғимаратына жетпей жатып Орталық Комитеттен телефонограмма келіпті. Онда Жоғарғы Кеңес Президиумы Төрағасының орынбасары мен Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасарлары ендігі жерде бюроға шақырылмайтыны, олар тек өздеріне қатысты мәселелер қаралғанда ғана қатыстырылатыны айтылған.
Тағы бір айтарым, біздер сессия отырыстарын, мәжілістерді өткізгенде оған қатысатын барлық облыстық атқару комитеттерінің төрағаларын шақырып, Орталық Комитеттің жоспарымен сәйкестендіріп отыруымыз керек. Бұл мәселені Колбинмен келісу қашанда қиындық туғызатын. «Көреміз, күте тұрыңдар», десе, Назарбаев: «Жақсы, қазір отырыс бітсін, сосын сізбен ол мәселені қарастырамыз», дейтін. Көрдіңіз бе, ол кісімен жұмыс істеу жеңіл, еркін, бар мәселе шешіліп, жұмыс бейбіт, бірқалыпта жүретін.
– Елбасының қандай қасиеттерін бөле-жара айтар едіңіз?
– Нұрсұлтан Әбішұлы – өте жігерлі, батыл, табанды, жанкешті. Ол – ақылды. Ол – дана. Сондықтан да жиырма жыл үздіксіз тәуелсіз Қазақстанға басшылық жасап отыр. Оның есімі сонау комсомол кезінен республикаға белгілі еді дедім ғой. Бүкіл ел Назарбаевтың бар екенін білді. Және де республика басшылары оның болашағынан үлкен үміт күтетін. Оны бүгінгі күні дәлелдеп отыр. Өзіңіз ойлаңызшы, егер ол көреген, ерік-жігері мықты, өз ісіне сенімді болмаса, Арқаның төсіне сондай көркем қала салар ма еді?!. Тек қазақстандықтарды ғана емес, бар әлемді таңғалдырып отыр емес пе?! Ал кезінде қандай сөздер айтылмады? Бүгінде Астана күннен күнге құлпыруда, халқының саны да өсу үстінде. Қазір елордамызды төрткүл дүние біледі. Сондықтан кешегі өткен сайлауда қазақстандықтар өз даусын, өз таңдауын жасады. Нұрекең еңбегінің лайықты бағасын алды.
– Вера Васильевна, жылда жілік, айда аяқ жоқ деген. Байқап отырсаңыз біраз уақыт артта қалған сияқты. Кейде өз уақытын күтіп жатып айтылатын әңгімелер болады. Соған бір зер салып көріңізші...
– Оныңыз рас. Бір жәйтті Нұрекеңнің маған жасаған жақсылығымен қабыстырып айтайын. Колбин Қазақстанға бірінші басшы болып тағайындалған соң, көп кешікпей Жоғарғы Кеңестің Төрағасы болуға үміттенеді. Өйткені, ол кезде елімізде де, одақтас республикаларда да екі жоғары лауазымды бір адам иелену сәнге айналған кез. М.Горбачев та екі қызмет алып отырды емес пе. Міне, Колбин де солай жасағысы келді. Бірде маған М.И.Есенәлиев келіп: «Вера Васильевна, ешқайда кетіп қалмаңыз, Сізбен Орталық Комитеттен сөйлеседі», деді. Сөйтті де өзін Колбин шақырып алып: «Сидорованы ертерек зейнетке шығарайық, сен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төрағасының орынбасары, ал мен Төраға боламын» дейді. Есенәлиев болса: «Геннадий Васильевич, мұның қажеті қанша. Екеуміздің де шашымызға ақ түсті. Ал Сидорова демалысқа жіберетіндей зейнет жасына жеткен жоқ. Ол бізден жиырма жас кіші. Екіншіден, Қазақстан халқы, оның ішінде зиялы қауым қазақ емес ұлттың Жоғарғы Кеңестің Төрағасы болуын көтере алмайды. Оның шет жағын өзіңіз желтоқсан оқиғасынан байқадыңыз. Конституцияда да солай жазылған», дейді.
Содан мені Орталық Комитетке шақырып: «Денсаулығыңызға байланысты қызметтен кетуге өтінішіңізбен қоса, республика басшылығына, бюроға осындай лауазымды орынға қойып, сенім білдіргендеріне ризашылығыңызды білдіріп жазыңыз», деді. Ал мен денсаулығыма байланысты қызметтен кетуге еш себеп көріп тұрғаным жоқ едім. Сосын: «Өтініш жазамын, бірақ басымды иіп, ешкімге рахмет айтпаймын. Өйткені, лауазымды қызметке қойған сайын, қашанда қарсылық білдіріп келдім. Маған өз мамандығым агроном болу ұнайтын. Жаныма ауыл шаруашылығы жұмыстары жақын еді. Қашанда сайын даланы аңсайтынмын. Ең бастысы, мен орынтаққа соншалықты әуестігім жоқ адаммын. «Дінмұхамед Ахметұлына мені Қостанай облысында қалдырыңызшы», деп қанша рет өтіндім. Тіпті: «Осы өтінішімді әкем ретінде сұраймын», дегенде де, ол кісі: «Ал мен сенен қызым ретінде өтініп тұрмын, қарсы болмаңыз», деп әкелген еді. Сондықтан мені қашанда жоғары қызметтерге міндеттеп, еркімнен тыс қоятын. Өз басым ешқашан қызмет, марапат армандаған адам емеспін. Егер бұл мәселені Қонаев немесе Назарбаев сұрағанда, жазар едім, ал Колбинге жазғым келмейді», дедім. Содан өтінішті Колбиннің де атына емес: «Орталық Комитеттің бюросына» деп бұрыштама жазып: «Мені жұмыстан босатуларыңызды сұраймын», деп нүкте қойдым.
Колбин оған дейін телефондап: «Вера Васильевна, біздер бір-бірімізге кедергі жасап жүрген сияқты емеспіз бе?» дегені. «Мен сізді түсінбедім. Егер мен сізге кедергі келтіріп жүрген болсам, қазір-ақ кетейін. Ал сіз маған қалай кедергі келтіруіңіз мүмкін, оны түсінбедім. Ұнау, ұнатпау – ол басқа мәселе», дедім. Онысы Жоғарғы Кеңестің төрағалығын алса, орынбасары да орыс ұлтынан болып, сол жағынан қинап, кедергі келтірсем керек.
Үйге келіп, көлігімді жібергенім сол еді, маған Орталық Комитеттің екінші хатшысы М.Меңдібаев телефон соғып: «Вера Васильевна, дереу жұмысқа қайтып келіңіз», деді. Ал мен: «Өтінішімді жазып кеттім, енді қайта бара алмаймын», дедім. «КОКП Орталық Комитеті сіздің кетуіңізбен келіспепті, келгеніңіз жөн. Қазір көлігімді жіберейін, сізге Орталық Комитеттен телефон соғуы мүмкін», деді. Көлік келіп тұрған соң амалсыз бардым. Кабинетті ашқанмен, жарықты жақпай, есіктің алдында арлы-берлі жүрдім де қойдым. Шамалы уақыттан соң есікті жауып, кетіп қалдым. Келесі күні жұмысқа келдім. Кейіннен естідім, бұл іске Н.Назарбаев араласыпты. Бірақ ол кісі маған осы жасаған жақсылығын айтқан емес. Нұрекең менің Геннадий Василевичке деген принципшілдігімді байқап, кейде жылы көзқарасымен, кейде жымиған күлкісімен, кейде қолымды алып, қысып, ал кейбірде «мықты бол» деп сөзімен қолдап отырды.
– Вера Васильевна, кейін Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы болып Нұрсұлтан Назарбаев тағайындалды. Сол кезде жиі араласқан болуларыңыз керек...
– Оныңыз рас. Нұрсұлтан Әбішұлы бірінші хатшы кезінде жеті ай Жоғарғы Кеңесте төрағасыз қызмет атқарып, ол кісімен тікелей араласуыма, көптеген жағдайларды ақылдасып шешуге тура келді. Міне, сол уақыттарда ешқандай қолайсыздық, ыңғайсыздық сезінген емеспін. «Нұрсұлтан Әбішұлы, әрі қарай не болады? Төраға сайламайсыздар ма? Маған мәселелерді шешу қиындап барады», дегенде: «Вера Васильевна, берілмеңіз», дейтін күліп. Тек жеті айдан кейін Мақтай Сағдиевті Төраға етіп сайлады.
Жуырда бір нәрсеге таңғалдым. Мысалы, сол кездері менің республикада төрағасыз жұмыс істегенімді ешкім байқаған жоқ. 2008 жылы 12 қаңтарда БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі Норвегиядан хат әкеліп берді. Онда менің өмірбаянымнан өздеріне қажетті бірнеше мәліметтер жазып жіберуімді өтініпті. Оны не мақсатпен сұратқанын білсем, әлемдегі ең көрнекті әйелдер жайында мәліметтер жинастыруда екен. Сонда олар менің сол жеті ай төрағасыз жалғыз жұмыс істеген қызметімді басшылыққа алыпты. Көрдіңіз бе, сырт көз қалай байқап, бақылап отырады. Ал биылғы жылдың наурыз айында мені БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі шақырып, «Сіздің есіміңіз әлемдегі жүз ең көрнекті әйелдер тізіміне кірді» деп мені ресми түрде қабылдап, құттықтады.
– Вера Васильевна, 8 сәуір күні елімізде тағы бір тарихи оқиға өткелі тұр. Сол күні Астанада инаугурация – ұлықтау рәсімі болып, Елбасы ант береді. Сіздің тілегіңіз?
– Бұл жеңіс Назарбаевтың таза өз жеңісі. Халыққа жасаған еңбектің, төккен маңдайтердің қайтарымы. Бір айтарым, алдағы уақытта осы жігермен елді басқарса, онда халық та бақытты болар еді деп ойлаймын. Әрине, қиындықтар әр жерде бар. Тіл жөнінде де. Зейнетақыны өсіргенмен, баға жеп қойып жатыр. Ал салыстыстырмалы түрде қарасақ, бұрынғы ТМД елдері арасында Қазақстанның шоқтығы биік. Прибалтика зейнетақыны мүлдем алып тастамақ, Ұлыбритания зейнетақыны қысқартуда. Ал бізде жыл сайын өсуде.
Жылдар қалай жылжып өтуде. Біраз жасқа келіп, артқа қарағанда мен, мен сияқты аға буын өкілдері өмір сүрген кездер бүгінгі уақыттан күн санап алшақтап барады. Маған сол жылдарыммен тыныштықта отырып, тек естеліктермен ғана өмір сүрмей, қазіргі ұрпақтың жетістігіне, жеңісіне куә болып, қуануға тағдыр қосқанына да тәубе деймін. Менің өмір жолымды, Қазақ елімен, оның бүгінгі Президентімен байланыстырған тағдырыма ризамын. Іске сәт, Нұреке!
– Әңгімеңізге көп рахмет. Сізге де мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Тәуелсіз Қазақстанның жемісін де, жеңісін де көруге нәсіп етсін.
Сұхбаттасқан Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, Алматы.