[caption id="attachment_103060" align="aligncenter" width="800"]
n[/caption]
Олар өздерін мүгедекпін деп санамайды. Ел қатарлы еңбек етіп, қоғамға өз үлесімізді қоссақ дейді. «Көз қорқақ, қол батыр» дегендей, шамасы жеткен шаруаға кірісіп, білмегенін үйренуге тырысып жүрген жандар.
Жақында осындай мүмкіндігі шектеулі жандардың бос уақытын тиімді өткізіп, ебі келетін еңбекпен айналысуына жағдай тудырып отырған «Дос» тәуелсіз өмір орталығының жұмысымен танысып, директоры Дина ИСЛАМҚЫЗЫМЕН әңгімелескен едік.
– Бұл орталық қай жылы, қандай мақсатпен құрылды?
– Кез келген адамның өмірден алатын еншісі бар. Ол мүгедек болса да, он екі мүшесі сау болса да маңдайына жазғанын көреді, бұйырған несібесін алады. Орталық 2006 жылы құрылып, содан бері үзіліссіз жұмыс істеп келеді. Осы уақытқа дейін әртүрлі қайырымдылық шараларын өткіздік. Үйде отырмай, үйренем деп келген жандарға қолымыздан келетін көмекті көрсетіп келеміз. Біздің мақсатымыз – арбаға танылған адамдардың арманын орындау, жігерін жану, қоғамда өзіндік орны бар екенін көрсету. 2005 жылы республикалық форум өтті. Сол кезде өзімнің әріптестеріммен ақылдасып, осындай орталық құру жөнінде ой туды. Содан соң 10 адам бірігіп, бұл жұмысты бастап кеттік. Біздің ойымызды құптаған әкімдік осындай ғимарат беріп, жағдай жасады.
– Негізінен қай бағытта жұмыс жүргізесіздер? Келушілер сіздерден не үйренеді? Оларға қай жағынан көмек бересіздер?
– Мен 20 жылдан бері арбада отырғандықтан, мүгедек жандардың жағдайын жақсы түсінемін. Себебі, олар арбаға танылған алғашқы күннен бастап енді не істеймін, әрі қарай өмірім қалай болады деген сұрақтың шырмауында күн кешеді. Міне, осы кезде олардың жан сырын жақсы түсінетін адамдар қасынан табылу керек. Біз келушілерге құқықтық, психологиялық көмек көрсетеміз. Сонымен қатар, қолөнер бұйымдарын жасауды үйретеміз. Бізге келген адамдар еңбек етуді үйреніп қана қоймайды, өмір сүруді де үйренеді. Бір-бірімен танысып, сырласып, өздеріне жақсы дос табады. Қазіргі уақытта Алтынай есімді жеке кәсіпкер қыз-келіншектерге маникюр, педикюр іспетті сән салонының түрлі қызметтерін үйретіп жатыр. Ол болашақта өзінің жеке сән салонын ашып, оған осы жерден үйренген адамдарды жұмысқа алуды көздеп отыр. Біз үйренушілерден ақша алмаймыз. Олардың өмір сүруге деген талпынысын арттырып, қоғамның бір мүшесі екенін сезіндіре алсақ, еңбегіміздің жанғаны.
Менің ойымша, мүгедек жандарға шарасыз деп қарамау керек. Себебі, былтыр Риода өткен паралимпиада ойындарында қазақстандық Раушан Қойшыбаева пауэрлифтингтен әйелдер арасында 67 кило салмақ дәрежесінде күміс медаль иеленді. Ал 100 метрге еркін әдіспен жүзуде Зүлфия Ғабидуллина алтын алды. Осыған қарап, олардың мүмкіндігі шектеулі деп қалай айтасыз?!
Біздің орталықта Ардақ Отарбаев атты талантты жігіт бар. Ол теннистен 2009-2012 жылдар аралығында өткен республикалық чемпионаттардың бірнеше дүркін жүлдегері, арбамен билеуден 2013 жылы Мәскеуде өткен «Континенттер кубогының» күміс және қола медалінің иегері. Бірнеше халықаралық жарыстың жеңімпазы. 2013 жылы Токиода ұйымдастырылған әлем чемпионатының қола медалін жеңіп алды. Арбамен билеуден 2014 жылы Азия рейтингі бойынша бірінші орын алып, Оңтүстік Кореяда өткен ІІ Пара Азия ойындарынан 2 күміс, 1 қола медальмен оралды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. «Жаншуақ-2015», «Қайсар тұлға-2014» сыйлықтарының иегері. Осыдан он жыл бұрын жол апатына түсіп, мүгедектер қатарына қосылса да арманы асқақ, мақсаты мығым. Біреуге деген іштарлығы емес, өмірге деген құштарлығы биік. Орталыққа келген адамдар осы Ардаққа қарап қуат алады десем де болады.
– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
– Бізде қазір «Инвосто» атты жоба бар. Осы ретте бұл жоба не үшін керек, атқаратын қызметі қандай деген сұрақтың туындауы заңды. Негізінен, мүгедектерге арналған арба мемлекет тарапынан 4 жылға беріледі. Бірақ оның кейбірі 1-2 жылда сынып қалып, жарамсыз болып жатады. Мемлекет тарапынан қойылған межеге жеткізу үшін оны әрі қарай жөндеп, сынған жерін дұрыстау осы «Инвосто» жобасының аясында жүзеге асады.
Сонымен бірге, алдағы уақытта мүгедектерге арналған әлеуметтік такси жобасын іске асырсақ деген жоспарымыз бар.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»