Кейінгі жылдары Солтүстік Қазақстан облысында спорт саласына жан-жақты көңіл бөлініп келеді. Соның нәтижесінде өңірде көптеген спорттық нысандар бой көтеріп, саламатты өмір салтын қалаған жұрттың игілігіне жұмыс істей бастады. Облыс спортшыларының да халықаралық, ел ішіндегі жарыстарда көрсетіп жүрген нәтижелері де ауыз толтырып айтарлықтай.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан ЕСЕНАЛИНМЕН әңгіме барысында бұған көзіміз анық жетті.
– Руслан Бақыттыұлы, бүгінде өңір тұрғындарының үштен біріне жуығы бұқаралық спорт түрлерімен айналысатын көрінеді. Бұл деңгейге қалай жеттіңіздер?
– Президентіміз 2020 жылға дейін Қазақстан халқының 30 пайызы бұқаралық спортқа тартылуы тиіс деген міндет қойды. Біз бұл межені еңсеру жолында тиянақты түрде жұмыс істеп жатырмыз. Соңғы жылдары материалдық-техникалық база, кадрлық әлеует әлдеқайда нығайды. Жаңа спорт нысандары көптеп бой көтерді. Қалпына келтірілгендері де жеткілікті. Облыста 1994 жылы 9 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі (БЖСМ), 1403 спорт ғимараты болса, қазір олардың саны, сәйкесінше 26-ға және 2816-ға жетті.
Осыдан екі жыл бұрын арнайы бағдарлама түзіліп, аудандар мен елді мекендердің жағдайына баса назар аударылды. Бескөл, Жаркен, Новоишим елді мекендерінде көпбейінді дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, жүзу бассейндері салынды. Жуырда Жаңажол, Новоникольское ауылдарында, Сергеевка кентінде жаңа үлгідегі спорт ғимараттары пайдалануға берілді. Соңғы екі жылда ғана 393 хоккей корты салынды. Мемлекет-жекеменшік әріптестік үлкен қолдау көрсетіп отыр. Есіл, Айыртау, Ақжар аудандарында демеушілердің көмегімен жабық мұз айдындары тұрғызылды. Бескөл кентінде, облыс орталығында гимнастика және олимпиялық спорт түрлеріне арналған алаңдар осы заман үлгісімен жабдықталды. 46 футбол алаңы жаңартылды. Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бері қызмет көрсетіп келе жатса да, еш жөндеу көрмеген «Қарасай батыр» стадионы қалпына келтірілді. «Нептун» аквапаркінде жүзу бассейні, жаттығу алаңы, спорт залдары жұмыс істейді.
– Облыс орталығында А.Винокуров атындағы спорт сарайының жұртшылық игілігіне берілуін басты оқиғаның біріне жатқызуға болатын шығар?
– Әрине. Кешеннің ашылуын үлкен-кішінің тағатсыздана күткені рас. Оның құрылысына 3 миллиард теңге мөлшерінде қаржы жұмсалды. Мұнда спорттың 12 түрімен еркін айналысуға болады. Жабық мұз айдыны, жеңіл атлетика манежі, велотрек алаңдары орналасқан. Енді оның жанынан әмбебап теннис орталығын ашу жоспарланған.
Бұған қосарым, суға жүзу, акробатика, бокс, ұлттық ойындар, гимнастика, ат спорты, тағы басқа спорт түлері бойынша балалар және жасөспірімдер спорт мектептерінің филиалдары молайып, ауылдық жерлерде кеңінен қанат жая түсті. Жоғары спорт шеберлігі мектебі 2009 жылдан бері 15 халықаралық дәрежегі спорт шебері мен 34 спорт шеберін дайындап шықты.
– Кәсіби спорт клубтарының аяқ алысы қалай?
– «Қызылжар СК» футбол командасы бірінші лига құрамында үшінші орынды иеленіп, жанкүйерлерін қуанышқа бөледі. Волейболшыларымыз да осал емес. Кезінде Қазақстан кубогын жеңіп алғанын, төрт мәрте екінші орын алғанын ескерсек, олардан үлкен жеңістер күтеріміз заңды. Кілең жергілікті ойыншылардан құралған «Қуаныш» қыздар командасының аяқ алысы қуантады. Азия ойындарының жүлдегері Михаил Дедов жаттықтыратын баскетболшыларымыз жоғары лигада жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүр. 2015 жылы құрылған «Құлагер» хоккей клубы туралы сөз ерекше. Сол жылы қола медальды қанжығаға байласа, былтыр ел кубогын жеңіп алды. «Vino4ever SKO» велошабандоздар клубының атағы шет елге де жақсы таныс. Қазір азиялық командалар арасында рейтинг бойынша алдыңғы орында тұр. «Үміт» мүгедектер клубының Сергей Харламов, Елена Мазуренко, Қайрат Қанафин, Владимир Эрман секілді белді мүшелері паралимпиялық ойындарға қатысып жүр.
– Олимпиада чемпионы Александр Винокуров секілді облыстың, еліміздің намысын абыроймен қорғап жүрген айбынды спортшыларымыз кімдер?
– Былтыр Бразилияда өткен байрақты бәсекеге 6 жерлесіміз қатысты. Олардың арасынан бокстан Дариға Шәкімова, облысымыздың тумасы, еркін күрес шебері Эльмира Сыздықова қола жүлдеге ие болды. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аралығында Олимпиялық ойындарға қатысқан Нұрым Дүйсенов, Роман Мелешин, Вадим Шақшақбаев, Владислав Поляков, Бақтияр Қожатаев, Маргарита Мұқашева, Екатерина Эктова, Дмитрий Бабенко, тағы басқаларының есімдері құрметпен аталады. Александрдың ізбасары Алексей Луценко өткен жылы «Тур Хайнаня» халықаралық жарысында алдына жан салмады.
Бұған жерлесіміз, кәсіпқой боксшы Жанат Жақияновтың жақында WBA /Super/ және IBO тұжырымдары бойынша жеңіл салмақта әлем чемпионы атанғанын айтсақ, табысымыздың еселене түсері анық. Яғни, бүгінгі күнде солтүстік өңірдің спортында үлкен серпіліс бар деп сеніммен айтуға болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы