22 Ақпан, 2017

Өрелі сөзге тоқтай білейік

363 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жаһандық бәсекеге қабі­леттілік жөніндегі қазақ­стандық үшінші жаңғыру баспалдағын­да біз әлемде кезекті, төртінші өнер­кәсіптік революция басталып кеткенін бағамдап отырмыз. Бұл жағдайда, экономиканы, әсіресе, шикізат өндірумен айна­лы­сатын салаларды жаппай қайта құрылымдау қажеттігі біз­дің Маң­ғыстау өңіріндегілерді де қатты ой­лан­­дырады. Елдің бәсекеге қабі­лет­тілігін қамтамасыз ететін эконо­микалық өсімнің жаңа моде­лін құру қажет деген Елбасы бай­ламы маңғыстаулықтарды да бола­шаққа сенімді ете түседі. Оған міндетті түрде ақылмен іс жасауды, өңірдің өндіргіш күш­терін шикізат емес салаларға бейім­деп, шағын және орта биз­нес салаларын, мемлекет-жеке­­меншік әріптестігі әдісін өмір­­ге батыл әрі кең көлемде ен­гі­зуге бағыт ұстауды аймақ хал­­қы да қалап отыр. Сондықтан біз, маң­ғыс­­таулықтар, Елбасы Жол­дауы­­ның барлық талаптарын қолдаймыз. Сонымен бірге, Конститу­циямызға өзгерістер енгізу сәті туындаған бүгінгі уақытты жер­лес­терімнің тиімді де белсенді пай­даланулары қажеттігін айт­қым келеді. Мен бастапқыда Конститу­цияның 26-бабының 1-тармағын жаңа редакцияда: «Әркiм заңды түр­де алған қандай да бол­сын мүлкiн жеке меншiгiнде ұс­тай алады», деп жазуға қар­сы бол­ған едім. Сондықтан да, Конс­ти­ту­цияның 26-бабы 1-тар­мағы­ның бұрынғыша, ешқан­дай өз­геріссіз қалуын қолдаған­­мын. Оның үстіне, жақында осы өз­герістерді халық арасында түсін­діру мақсатында келген бір топ Парламент депутаттарымен кез­десулерде де азаматтық қоғам өкіл­дері Ата Заңның осы бабын өзгеріссіз қалдыруды талап етіп жатты. Сондай-ақ, бұл баптың жер­ге жеке меншікті ресімдеуге еш­қан­дай қатысы жоқ екендігін тү­сін­діріп жатқан екінші жақ та бар. Олардың қатарына республикадағы заңгер ғалым­дар мен өзгерістер жобасының авторларын жатқызуға бола­ды. Мен осы пікірлерді саралай және Конституциямызды тағы да бірнеше рет оқып, ой елегі­нен өткізе келе, 26-бап жөніндегі өзімнің әуелгі ұстанымым­ды өзгерткенімді айтқым келе­ді. Оған негіз болған себеп, Конс­титуцияның 6-бабының 3-тар­мағында: «Жер және оның қой­науы, су көздерi, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншiгiнде болады. Жер, сондай-ақ, заңда белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте де болуы мүмкiн», деп жазылғандығы және оның өзге­ріссіз қалғалы отырғандығы. Сонымен қатар, белгілі заң­герлердің 26-бап арқылы рес­пуб­ликадағы кез келген азаматтың, оның ішінде шет ел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар­дың тек қана заңды түрде иелен­ген зауыттары мен фабрика­лары­­на, басқа да жылжымайтын және жылжымалы мүліктері­не, соны­мен бірге, материал­дық емес игіліктеріне меншік құқы­ғы ресімделетіндігі тура­лы уәж­дері әуелгі үзілді-кесіл­ді шеші­мім­ді өзгертуіме негіз бол­ды. Ер­дің екі сөйлегені өлгені деген ата-баба ұстанымын ардақ тұт­қан ұр­пақпыз. Сонымен бірге, жүйе­лі сөзге тоқтамағаннан без деген қағидамен де сәбиімізден ауыз­данғанбыз. Мен ойлана келе, осы екінші байламға ат басын тіредім. Осы жерде, әңгіме бо­лып отыр­ған 26-баптың консти­ту­циял­ық реформадағы билік тар­мақтарының арасында өкілет­тіктерді қайта бөлуге ешқандай да қатысы жоқ екенін еске сала кеткім келеді. Мұханбет МҰРАТБАЙҰЛЫ, Маңғыстау облыстық Қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі АҚТАУ