Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында еліміздің аса ірі зияткерлік орталығы, өркенді өзгерістердің бастауында тұрған Ұлттық ғылым академиясының 70 жылдық мерейтойына байланысты салтанатты жиын болып өтті. Оған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ айтулы ғалымдар, жоғары оқу орындарының ректорлары, шығармашылық зиялы қауым, интеллектуалдық орта өкілдері қатысты.
Сонау соғыс жылдарының қиыншылығына қарамастан, қазақ жерінде Ұлттық ғылым академиясын құру туралы идея көтеріп, табанды түрде қолға алып, 1947 жылы ғылым ордасын ашқан және тұңғыш президенті болған академик Қаныш Сәтбаевтың абыройлы мұратын әр жылдарда Д.Қонаев, Ш.Шокин, Ш.Есенов, А.Қонаев, М.Айтқожин, Ө.Сұлтанғазин, К.Сағадиев, В.Школьник, Н.Айтхожина, С.Дәукеев сынды көрнекті ғалымдар жалғастырып, заманға сай ғылымның дамуына зор ықпал етті. Қазақ ғылымына жанашыр болған тұлғалар басшылығы тұсында отандық ғылым қай саласында да кенже қалмай, Одақ көлемінде Ресей мен Украинадан кейінгі авангардтық алдыңғы орында алға жылжып, ғылым жетістігін ел игілігіне айналдырып отырды. Елдегі экономикалық қиындықтарға байланысты Қазақстан ғылымы да әртүрлі реформаларды бастан кешіріп, академия айналасында айтыс-тартыс көп болғанымен, әлемдік тәжірибенің озық жағына сүйене отырып, тығырықтан шығар жол тауып, алыптар қалыптастырған айтөбел атын жоғалтпай ұстап қалды. Соған сәйкес ғылым әлеуеті де сақталды. Жетпіс жылда зор табысқа жеткен Ғылым академиясының бүгінде 237 тұрақты мүшесі (135 – академик, 102 – корреспондент-мүше), 14 шетелдік және 88 құрметті мүшесі бар. Бұлардың бәрі де халықаралық деңгейде ғылыми жетістігі мойындалған ғалымдар.
Ақыл-ой парасаты еңбекқорлығымен ұштасқан ғалымдарды Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мерейлі мерекесімен құттықтап, сөз сөйледі. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын-қыстау күндерінде өзінің жанынан табылып, айтылған ұсыныстарды қабылдап, жаңашыл бастамаларын халыққа түсіндіру кезде ортақ ой қосып, қолдағаны үшін ғалымдарға алғысын білдірді. Қазақстан Ғылым академиясы күрделі кезеңде құрылғанына қарамастан, аз ғана уақытта елдің ғылыми жүрегіне айналып, ғылым әлеуетін ұйыстыра білді. Ғылымның негізгі бағытын айқындап, олардың дамуына тың қарқын берді. Ең бастысы, жастарды ғылымға тартып, интеллектісі жоғары ғалымдар шоғырының қалыптасуына ықпал етті.
Академия қабырғасында еліміздің мақтанышына айналған алыптар тобы еңбек етті. Асқаралы асу биігіне шыққан академияның қуанышы тойланып жатқан сәтте Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан есімдерін Президент айрықша атап өтті. 25 жылда ғылыми ұйымдардың қатары екі есеге көбейіп, саны 300-ден асты. Ғылымды қаржыландыру жыл өткен сайын артып келеді. Соңғы үш жылда ғана Қазақстан ғылымы үшін 10 млрд теңге бөлінген. Алдағы уақытта да бұл ұстанымнан айнымай, ғылымның қарқынды дамуы үшін барлық жағдайды жасайтын боламыз, деді Мемлекет басшысы.
Президент алға қойған мақсатқа жету үшін зымырап бара жатқан заманға сай болуды көздеген Үшінші жаңғыруға байланысты биылғы Жолдауда бес басымдықты айқындап бергенін және бұл мақсаттың қай-қайсысы да ғылым мен білімге байланысты болғандықтан, оны іске асыруда отандық ғалымдардан қажырлы еңбек, ақыл-ой игілігі талап етілетінін айтты. Өйткені, ХХІ ғасыр – ғылым мен білімнің ғасыры. Әсіресе, қолданбалы ғылымның көз ілеспес жылдамдықпен дамып келе жатқанына тоқталды. Небәрі 15 жылда болған серпінді технологиялық өзгерістер әлемді Төртінші өнеркәсіптік революцияға аяқ бастырды. Сондықтан ғалымдардан жаңа көкжиектерге көз тігіп, зерттелмеген кеңістіктерді игеруі талап етіледі. Жаңа ғасырмен бірге гендік инженерия, нано, IT технология, жаңа материалдар шығару болашақ ғылымның негізгі трендтеріне айналатыны анық. Бірен-саран ғалымның некен-саяқ шұғылданғаны болмаса, бұл салаға ғылым жаппай бет бұра қойған жоқ, сондықтан түрен түспеген тың сала қалпында тұр.
«Мен Үкіметке «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын әзірлеуді тапсырдым. Біз әлемдегі барлық озық технологияларды өзімізге бейімдеп, жаппай енгізуіміз керек. Академиктермен кездескенде айтып жүретін едім, дүниеде болмаған, ашылмаған жаңалықты ашсақ жақсы ғой, әрине, ол нағыз революцияның өзі болар еді. Бірақ, бар нәрсенің өзін Қазақстанға әкеліп, өзімізге бейімдей алсақ, ол да ғылым. Мұның бәрі өте көп ғылыми ізденісті талап етеді. Сондықтан ғалымдарымыз дәуір сұраныстарына сай өз дүниетанымын, ғылыми көзқарастарын қайта қарауы керек.
Біз өнеркәсіптік ғылымның қажеттілігін ескере отырып, гуманитарлық салаларға да ұмтылуымыз қажет. Бәріне де тиісті кадр, тиісті құзырлылық керек. Мұның бәрі мектептен басталып, университетпен, ғылыммен аяқталады. Сіздерге келіп, осы мәселені айтып кеткім келді. Мемлекет те, мен де осы шаруаға кірісіп жатырмыз», деді Президент.
Елбасы ғылымда саяси шекара болмайтынын, мемлекеттердің арасындағы қарым-қатынастың қандай болғанына қарамастан, ғылым достық байланыстарды жоғалтпауы керектігін айтқанда, бұл сөзі тұтас ғалымдардың, әсіресе, шетелдік меймандардың көңілінен шықты. Әлемдік тәжірибе ғылым саласын орталықтандырудың, монополияландырудың тиімсіз екенін көрсетіп отыр. Дамыған елдердің көпшілігінде ғылымды ғылыми институттар ғана емес, жоғары оқу орындары, корпорациялар, қауымдастықтар, жеке фирмалар мен жекелеген ғалымдар дамытатыны да кездейсоқ емес. Шет жұрттардың тәжірибесінде мемлекет қолданбалы ғылымды қаржыландырмайды, керісінше, оған көмектесетін жеке секторға қолдау көрсетеді.
«Еңбек өнімділігі артуы үшін оған ғылым араласпаса, ол әрі қарай дамымайды. Бұл жерде ғылымды кәсіпорындарға араластыру мәселесі бар. Бұл тетік жеке бизнестің міндетті қаржыландыруы арқылы жүзеге асырылуы керек. Мысалы, Сингапурде ғалым бизнеске қанша қаржы алып келсе, оған сонша қаржы беретін ереже бар. Осындай жолмен ғана патенттеудің үлесін арттырып, ғылымға құйылатын жеке инвестицияны көбейтуге болады. Қолданбалы ғылымның негізгі табыс көзі жеке сектор болуы керек. Біздің алдымызда импортты алмастырып, экспортты өндірісті дамыту міндеті тұр», деді Президент.
Н.Назарбаев бұл тұрғыда ғалымдарға Алматы іргесіндегі Темірхан Досмұхамбетов жетекшілік жасайтын, кілең академиктер жұмыс істейтін шағын ғана «Байсерке» қожалығының ірілене келіп, гектарынан 50 центнер бидай өнімін алып, таңғаларлық іс тындырып отырған мысалын алға тартты.
Сессияда Елбасы ғылыми қызметті жаңаша үйлестіруге байланысты бірнеше өзекті мәселеге тоқталды. Отандық ғылым орталықсыздандырылды, қызметінің едәуір бөлігі жоғары оқу орындарына берілді, алайда, ол инновациялық орталыққа айнала алмады. Ғалымдар ғылыми еңбегін патенттегенімен, оларға сұраныс болмай тұр. Мемлекет есебінен қаржыландырылып отырған Қазақстан ғылымына жеке сектордан сұраныс түспейді. Ал ғылыми жұмыстарда плагиаттықтың көп екені Президентке де белгілі жайт болып шықты. Осыған орай Н.Назарбаев отандық ғылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды түбегейлі өзгертуді тапсырып, тиісті орындар үшін бірқатар міндеттер белгіледі.
Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрлігіне академиямен және жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, отандық ғылыми басылымдарды халықаралық рейтингі жоғары базаларда ілгерілету жұмыстарын жүзеге асыруды тапсырды. Бұған қоса, әлемдік деңгейдегі ғылыми орталықтарда тәжірибеден өту үшін жас ғалымдарға қосымша гранттар бөлуді міндеттеді. Сондай-ақ, Президент ғылымды басқарудың, оны қаржыландырудың жаңа пішімі енгізілетінін және оны іске асырудың жаңа жүйесі болатынын айтты. Ең бастысы, Ғылым академиясы жанынан әдеп жөніндегі алқалы орган құруды ұсынды.
«Ол Ғалымдар кодексі мен Жарияланымдар жөніндегі кодексті дайындап шыға алар еді», деп атап өтті Н.Назарбаев.
Ғылым жаңа технологияны енгізуге бағытталуы керек. Заманауи экономика бұрынғыға қарағанда технологияланып, инновациялану үстінде. Ал мұнда ғылымның алатын үлесі зор. Сондықтан, жоғары білікті, кәсіби жағынан жетілген маманның алатын орны айрықша. Қазақстанда 1700 мектеп салынды, тек дарынды балалар ғана шоғырланған 20-дан аса мектеп тағы бар, мұнда оқитын әр бала әлемнің кез келген университетіне қабылдана алады. Кей ғалымдардың қызылкеңірдек болып айтысып, талас-тартысқа бейім тұратынын меңзеген болуы керек, Президент: «Біз өткен шаққа қарайлай беруді емес, баянды болашаққа ұмтылған елдің ұмытылмас ұстанымын алуымыз керек. Кейде «Томирис қазақ екен», «Шыңғыс хан қазақ екен» дегенде менің ішім пысып қалады. Басымызды артқа бұрып, алға қарай қалай жүреміз? Алға қарайтын кез келді. Ұлыбританияның экс-премьері Тони Блэрдің парламентте тұрып: Ұлыбританияның бай тарихы бар. Бірақ біз музейде өмір сүрмейміз ғой», деп айтқаны бар еді. Сіздерден, зиялы қауым, білімді, дуалы ауызды адамдардан шығатын сөз дұрыс болуы керек. Болашақты ойлауымыз керек», деген сөзі ғалымдарды ойландырып тастағандай болды.
ҰҒА президенті Мұрат Жұрыновтың «Қазақстанның ғылымы, мәдениеті және экономикасының дамуындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының рөлі» атты баяндамасында да бүгінгі Қазақстан ғылымының қол жеткен табысы мен жетістігі сараланып, білім мен ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жаһан талабына сәйкес ғылымды халықаралық деңгейге көтеру мәселесі қамтылды. Сондай-ақ, алыс-жақын шет елдерден келген қонақтар атынан Ресей Ғылым академиясының президенті, академик В.Фортов пен Молдова Ғылым академиясының президенті, академик Георгий Дука құттықтап, Қазақстан ғылымына лайықты баға беріп, өз елдеріндегі ғылымның даму үрдісі туралы әңгімеледі.
М.Жұрынов мерекелік салтанатты ұйымдастыруда көрсеткен көмегі үшін Президент Әкімшілігіне, Білім және ғылым министрлігіне, Мәдениет және спорт министрлігіне, Алматы қаласы әкімдігіне ризашылығын білдірді.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды