23 Ақпан, 2017

Сынақ полигоны жалдаудан шығарылды

176 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Кеше Парламент Мәжілісінің басшысы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы болып, онда бес мәселе қаралды. Соның ішінде 1995 және 1996 жылдарда Ембі сынақ полигонын пайдалану және жал­ға беру туралы Қазақстан мен Ресей арасын­да жа­салған халықаралық шарттардың қол­да­ны­сын тоқтатуға арналған шаралар жө­ніндегі Хат­тама туралы заң жобасы бас­қа­ларға қа­рағанда ұзағырақ талқыланып, көп­теген сұрақ қойылды. Баяндаманы Қорғаныс ми­нистрінің орын­ба­­сары Талғат Мұхтаров жасады. Хат­тамаға был­тырғы 20 қазанда Мәскеуде қол қойылған екен. Оның шарты бойынша сы­нақ полигонын Ресей тарапының пайдалануы мен жалдауы тоқ­татылып, жер мен он­дағы мүліктер еліміз­ге қай­тарылады. Жал­даудан шығарылған жер елі­міздің ауыл ша­руашылығы мақсатына пай­даланылып, экономикалық дамуымызға қо­­лайлы әсер етер деген үміттеміз, деді баян­да­­машы. Сұрақ беру рәсімі бастал­ғанда алғашқы сөз­ді депутат Сапар Ахметов алып, баянда­м­ашы­дан Ресейге жалға беріл­ген тағы қанша сы­нақ поли­гоны бар екенін сұрады. Оған Қара­ғанды облысындағы Сары­шаған, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында орна­лас­қан аумағы 1 млн 300 мың гектарлық 929-шы және 4-ші полигон бар деген жауап бе­ріл­ді. Алайда, 2015 жылы осы, соңғы екі по­лигон аумағының тең жартысы өзіміздің мем­лекетіміздің аумағына қайтарылғаны да көл­денең тартылды. Депутат Айгүл Нұркина қай­тарылған жер­лер­дің эко­логиялық жағдайына сарап­та­ма жасалып, зияндылығы тек­серілді ме деп сұрады. Бұл мәсе­леге министрліктің мұ­қия­т қарағаны жет­кізіліп, Эко­логия ко­ми­тетімен бірлесе оты­­рып, топырақтың құ­ра­мы тек­серілгені айтыл­ды. Депутат Зәуреш Жұманәліқызы Ембі поли­гонына жақын орналасқан Жем қаласына по­лигонның экологиялық зардап тигізгенін немесе тигізбегенін білгісі келді. Оған вице-министр сы­нақ полигонында 2008 жылдан бері ешқандай қарудың сынал­мағанын айта келіп, осы жылдары жүргізілген экологиялық сараптама адамдар мен жан-жануарлардың денсаулығына зиян келтірді деген мәлімет бермегенін атап көрсетті. Депутат Александр Суслов полигон 2008­ жылдан бері қолданылмаған болса, онда­ғы нысандардың несі қалды, Приозерск қа­ла­сындағы нысандар сияқты олардың да қо­қыс­­тары қалмасына кім кепіл деді. Оған Т.Мұхтаров полигондағы 16 ғимаратты 2010 жыл­ға дейін Ресей тарапы күзеткенін, ал 2010 жыл­дан олар Қазақстан жағына беріліп, 15-і Ақтөбе облысының коммуналдық мен­шіктер қа­тарына, ал біреуі Қорғаныс министрлігінің мен­шігіне алынғанын айтты. Депутат Кәрібай Мұсырман енді полигонды өзіміздің қаруларды сынау үшін пайдалану жоспарланды ма деп сұрады. Оған полигон алаңы Ақтөбе облысына ауыл шаруашылығы үшін пайдалануға берілгені, енді оның әскери мақ­­сатта қолданылмайтыны жеткізілді. Ал де­путат Серік Құсайынов отырысқа қа­ты­сып отырған Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұловтан Ембі полигонын жалдағаны үшін Ресей тарапы жыл сайын төлеп келген 718 мың АҚШ долларына тең қаражаттың қай­да жұмсалғанын сұрады. Б.Шолпанқұлов тең­геге аударылғанда 6 млрд 900 млн теңге бо­латын бұл сома ре­спуб­ликалық бюджеттің кіріс бөлі­гіне енгізіліп, жалпы түсім ретінде қа­ралғанын көлденең тартты. Осынша сұрақтан кейін қосымша баяндаманы Халық­аралық істер, қорғаныс және ­­қауіпсіздік комитетінің мүшесі депутат Б­а­қыт­­жан Ертаев жасап, Мәжіліс комитеттері осы келісімді қарап оң бағаларын бергенін жет­­кізді және енді оны Сенаттың қарауына жі­беру туралы ұсыныс енгізетінін мәлімдеді. Сөй­тіп, заң жобасы тұтастай мақұлданды. Сонымен қатар, кеше отырыс коллек­тор­лық қызмет туралы заң жобасы мен оған ілес­пе заң жобасын екінші оқылымда ма­құл­­дады. Заң жобалары коллекторлық қыз­мет­ті жүзеге асыру барысында туындайтын қо­ғамдық қатынастарды реттейді. Мәселен, бе­решекті өндіріп алу бойынша тиімділікті жә­не қауіп­сіз­дікті арттыру, борышкерлердің құ­қық­та­ры мен мүдделерін коллекторлық агент­тік­тер­дің тарапынан заңсыз әрекеттерден қорғау, ко­л­лек­торлық қызметтің ашық­тығын арттыру жә­не реттеу, тұр­ғындардың сенімін арттыру жә­не әлеуметтік шиеленісті төмен­дету заң жо­басының бас­ты мақсаты болып табылады. Заң жобасында борыш­кердің өз берешегін сот­қа дейінгі тәртіппен реттеу құ­қығы бел­гі­ле­ніп, борышкермен өзара іс-қимыл жасауға жұ­­мыс күндері тек 8.00-ден 21.00 сағатқа дей­ін ғана рұқсат беріледі, ал демалыс және мей­рам күндері өзара іс-қимылға тыйым салынып отыр. Осы күні әуе кеңістігін пайдалану және авиа­ция қызметі бойынша түзетулерге ба­ғыт­­талған заң жобасы депутат­тар тарапы­нан екінші оқылымда қолдау тапты. Аталған заң жобасы өткен жылы бірін­ші оқылымда ма­құлданған болатын. Жұмыс барысында депутаттар әуе кемесінің бортында темекі бұй­ым­дарын тұтынуды ұшу қауіпсіздігіне қа­тер төндіретін жағдай­лар­ға жатқызуға, кіші авиация ұшқыштары үшін медициналық куә­ландырудан авиациялық медициналық орталықта өтуін немесе авиациялық меди­ци­­налық сарапшының өткізуін таңдау құ­қы­­ғын белгілеуге, ұшқышсыз ұшу аппарат­тарын, оларды есепке алуды жүргізу жә­не пайдаланушыларға нақты талаптар белгі­леу арқылы пайдалануды заңнамалық тұр­ғы­дан бекітуге, жылына 300 мың адамнан аз жолаушыларға қызмет көрсететін әуе­жай­лар­ды табиғи монополиялар саласындағы қуа­т­тылығы аз субъектілерге жатқызуға ба­ғыт­талған түзетулер енгізді. Сонымен қатар, Азия Даму Банкімен қа­рыз туралы келісімді және 2015 жылғы 8 қыр­күйектегі табиғи теріден жасалған киім зат­тары, киімге керек-жарақтар және өзге де бұйымдар тауар позициясы бойынша тауар­ларды бақылау белгілерімен таңбалауды ен­гі­з­у жөніндегі қанатқақты жобаны 2015-2016 жыл­дары іске асыру бойынша келісімнің қол­да­нылу мерзімін ұзарту жөніндегі хаттаманы ра­тификациялау туралы заң жобалары бойынша бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мер­зімі белгіленді. Ал электр энергетикасы мәселелері бой­ын­ша өзгеріс­терге қатысты заң жобасы бо­йынша жұмыс одан әрі жал­ғасатын болды. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»