Мемлекет басшысы алдымызға жаһандық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру жөнінде іргелі міндеттер қойды, деп бастады тұрғындар алдындағы есебін облыс әкімі Ерік Сұлтанов. Ол өткен жылдың қорытындылары бойынша макроэкономикалық көрсеткіштердің оң өсіміне қол жеткізілгенін атап өтіп, атқарылатын жұмыстар ауқымын белгіледі.
Өңірде инвестиция тартуға үлкен басымдық берілген. Оның негізгі бөлігі ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік салаларына бағытталған. Инвестициялық жобаларды қолдау мен жүргізу, келісімшарттарға қол қою әлеуеті кеңінен пайдаланылып келеді. Оның бір мысалына былтыр Астана қаласында 33 дипломатиялық миссияның жетекшілерімен бизнес-ланч ұйымдастырылғанын айтуға болады. Осы кездесуден кейін Эстонияның, Германияның, Малайзияның, Швецияның, Қытайдың, Ресейдің және басқа да елдердің іскер топтары арнайы келіп, ынтымақтастықты нығайтудың жолдарын талқылады. Екінші халықаралық «Kyzylzhar Invest» инвестициялық форумы шеңберінде 22 меморандумға қол қойылып, жүзеге асырылуда.
Баяндамашы астықты аймақтың басты дамуын айқындайтын агроөнеркәсіптік кешен жайына жан-жақты тоқталып өтті. Былтыр ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі 1,8 пайызға өсіп, 416,7 миллиард теңгені құраған. Гектар берекелілігі 17,2 центнерден айналып, Отан қамбасына 5,5 миллион тонна астық құйылған. Алыс, жақын шет елдерге 1,5 миллион тонна астық, 250 мың тонна ұн, 150 мың тонна майлы дақылдардың тұқымы жөнелтіледі. Алдағы басты міндеттердің бірі – егіншіліктің саласын әртараптандыру, теріскейдің тәуекелді климатына төзімді бидай сорттарын өсіруге бейімделу. Жаңа элеваторлар, астық кептіргіштер салу жұмыстары жалғасын табады. Жергілікті жерлердегі қоймаларды есептегенде, жалпы астық қабылдау сыйымдылығы 6,6 миллион тоннаға жетеғабыл.
Агроқұрылымдарға егіншілікпен қатар, мал шаруашылығын да табыс көзіне айналдыру жөнінде талаптар қойып отырмыз, деді өз сөзінде Ерік Хамзаұлы. Әсіресе, табындарды асыл тұқымды малдармен толықтыру, мал асылдандыру ісін жолға қою кезек күтпес шаралар болып табылады. Былтыр 20 мың бас ірі қара малы сатып алынды. Тиісті орындарға елді мекендерде кооперативтер құру, ауылдықтарды тұрақты жұмыстарға орналастыру, қосалқы шаруашылықтар әлеуетін тиімді пайдалану талаптарын ұтымды жүргізу тапсырмалары жүктелді.
Ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу маңызды бағыттардың бірі саналады. Оның өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 60 пайыз. Тамақ өнімдерінің өндірісі 83,6 миллиард теңгеге жеткен. Оның ішінде сары май өндірісі – 1,6, ұн – 32,7, ірімшік пен сүзбе – 6,6, кондитерлік өнімдер 12 пайызға өскен. Келешекте ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі картасы шеңберінде 3,4 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 191 миллиард теңгенің 64 инвестициялық жобасын жүзеге асыру көзделген.
Өңірлік дамуды қалыптастырушы саланың бірі – өнеркәсіп. Былтыр 192 миллиард теңгенің өнімдері шығарылды. Тау-кен, жеңіл, химия, өнеркәсібін дамытуға үлкен екпін түсірілген. Машина жасау кәсіпорындары арасында «ЗИКСТО»АҚ жетекші орынға ие. Өнім шығаруды 1,7 есеге арттыра білді.
Жиында тапсырыстар портфелін қалыптастыру және келісімдер жасау бойынша көп жұмыстар атқарылуы керектігі айтылды. Былтырғыға қарағанда бұл көрсеткіш 2 есе өсіп, 15 миллиард теңгені құрады. Олардың 83 пайызы темір жол кешеніне,
12 пайызы мұнай-газ саласына тиесілі. Өнеркәсіпте жаңа жоғары технологиялық өндіріс құру бойынша іргелі міндеттер тұр. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында екінші бесжылдықта экономиканың басым секторларында жүзеге асырылатын жобаларды екі есеге дейін көбейту қажет. Ол үшін 100 миллиард теңге болатын 60-тан астам жобаның 41-і жүзеге асырылуда. Былтыр 9 жоба пайдалануға беріліп, 300 жаңа жұмыс орны құрылды. Петропавл трактор зауыты «К-704-4Р «Батыр» брендімен заманауи техникалар шығарады. Майлы дақылдар өңдейтін «Тайынша-май» ЖШС-нің бірінші кезеңі іске қосылды. Жылдық жобалық қуаты – 300 мың тонна. Сергеевка қаласында жылына 10 мың тонна қант шығаратын зауыт бой көтереді. Оған жергілікті шикізат пайдаланылады.
Соңғы бір жарым жыл ішінде
15 кәсіпорынның жұмысы қайта жанданып, 300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Былтыр 5 өндіріс орны қалпына келтірілді. Олардың ішінде «Биохим» өндірістік кешенінің қызметін қайтадан қалпына келтіру ерекше маңызға ие. Онда 2018 жылы биоэтанол шығару белгіленген.
Облыста кәсіпкерліктің 28 мыңнан астам субъектісі жұмыс істейді. Оларда экономикалық белсенді тұрғындардың үштен бір бөлігі жұмыспен қамтылған. Шағын және орта бизнестің жалпы өңір өніміндегі үлесі – 23,9 пайыз. Бұл көрсеткіш бойынша республикада алтыншы орынды иеленсек те, ішкі резерв көздері аз емес. Бұл орайда, мемлекеттік қолдау тетіктерін белсенді пайдаланудың тиімділігі зор. Сөз арасында демеуқаржы босату бойынша облыс бірінші орында тұрғанын айта кеткен жөн. Ауқымды жобаларды іске асырудың нәтижесінде 10 836 жұмыс орны сақталып қалса, биыл 800-ден астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған.
Баяндамада тұрғындарды қатты алаңдататын жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және жаңғырту мәселелері де қамтылды. Ұзындығы 143 шақырым «Астана – Петропавл» автожолын жаңарту жұмыстары аяқталды. Енді «Петропавл – Ресей Федерациясының шекарасы» Қорған қаласы бағытында жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Жергілікті маңыздағы 385 шақырым автожолды жөндеуге 6,8 миллиард теңге жұмсалған. Биыл 10,7 миллиард теңге қарастырылып, ресурс үнемдеу технологиясы қолданылады.
Есепті кездесуде тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берілді. Ұсыныс-пікірлердің бірқатары сол жерде шешімін тапты. Ал қордалы проблемалар жинақталып, бақылауға алынатын болды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы