24 Ақпан, 2017

Мақтааралда тасқын суға қарсы шаралар қабылданды

222 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарымен танысу мақсатында Сырдария өзені және Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішін тікұшақтан шолып өтіп, Мақтаарал ауданында тасқын зардаптарын жою жөніндегі құрылған штабтың есебін тыңдады.  Айта кетйік, 16-19 ақпан күндері облыста жауған нөсерлі жауынның салдарынан Мақтаарал ауданы тұрғындарының үй аулаларын су басқан болатын. Осыған байланысты ауданда төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша арнайы штаб құрылып, тәулік бойына үздіксіз жұмыстар жүргізді.Шұғыл атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аудан бойынша 90696 текше метр су сорылды. Ал суларды кетіру үшін 715 метр ор қазылып, ұзындығы 30 метр жағалауларда нығайту жұмыстары жүргізілді. Ауданға жасаған сапары барысында облыс әкіміне толассыз жауған жауынның салдарынан Атакент кентінің Қажымұқан, С.Мұқанов, Сейфуллин көшелері бойында орналасқансу басқан үйлердің аулаларын тазарту бойынша атқарылған жұмыстарды Мақтаарал ауданының әкімі Ғ.Исмаилов баяндады. Оның айтуынша,  су басу негізінен Атакент кентіне жақын орналасқан мақталық алқаптарда жаппай сор шаю жұмыстарының жүргізілуі мен жер асты суларының көтерілуі және иесіз қалған су арналарының тазартылмауынан орын алған. «Толассыз жауын-шашын салдарынан каналдар толып, ағын су тұрғын үйлерге тасыған. Бұған бір себеп ретінде су арналарының ішін қамыс басып, саз балшықтың тазаланбауын айтуға болады. Каналдың қорғаныс бөгеттеріндегі жағалаулардың 1-2 шақырым көлеміндегі топырағын  жергілікті тұрғындар   алып, құрылыс жұмыстарына пайдаланған»,-деді аудан әкімі. Осы ретте, аймақ басшысы су тасу қауіпсіздік шараларын сақтамаған су арналарының меншік иелеріне ескерту беруді және иесіз қалған су арналарын мемлекет меншігіне яғни, «Қазсушар» мекемесінің құзырына беруді, оны тазалау, реттеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, жер асты суларды  реттеу мақсатында барлық дренаждардың жұмыс істеу қабілетін қайта қалпына келтіріп, олардың дұрыс деңгейде күтіп ұсталуын және пайдалануын қамтамасыз етуді жүктеді. Мұнан соң, әкім Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінің бүгінгі жай күйімен танысып, жауапты сала мамандарына аяқ асты болуы мүмкін тасқын суға сақадай сай болу қажеттігін ескертті. «Қазгидромет» ауа-райын болжау орталығының мәліметіне сүйенсек, көктемде көп мөлшерде жауын-шашын күтілуде. Бүгінгі аралаудың мақсаты да осы табиғи қауіптің алдын алу болып табылады. Яғни, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою шаралары сала жетекшілерінің назарында. «Бүгін көктемде көп мөлшерде жауатын жаңбырға байланысты су тасқыны болуы мүмкін өзендерге баса назар аударып отырмыз. Сондықтан, аудан әкімдері мен тиісті сала басшыларына тұрақты мониторинг жұмыстарын жүргізіп отыруды тапсырамын. Кейде синоптиктер болжамаған жайттар орын алып жатады. Сондықтан, Сіздер, әрдайым дайын болуларыңыз қажет», - деді өңір басшысы  Ж.Түймебаев су қоймаларының жағдайымен танысу барысында. «Қазсушар» мемлекеттік мекемесінің мәлімдеуінше, Сырдария өзенінен су тасу қаупі жоқ. Жағдай тұрақты.  «Бүгінгі таңда Шардара су қоймасына тәулігіне 1500 текше метр су келуде. Одан 1200 текше метр су шығып жатыр. Ал 250 текше метр су жиналуда. Яғни, су қойманың деңгейі тәулігіне 3 см көтерілуде. Бұл қалыпты жағдай. Жалпы су қоймаға жиналған судың көлемі 4 млрд. 293 млн. текше метрді құрап отыр. Жиналған судың 400 текше метрі Арнасай су қоймасына тасталынуда. Сонымен қатар, Шардара су қоймасынан 500 т.м. су Көксарайға, ал 350 т.м. су Сырдария арқылы Қызылордаға жіберілуде»,-деді «Қазсушар» РМК ОҚО филиалының бас инженері Т.Балтиков. Көксарай су реттегіші Сырдария сағасымен жоғарыдан ағып келетін суды қанша болса да қабылдап алуға дайын. Өйткені, сыйымдылығы 3 млрд. текше метрден асатын нысанда жиналған су бүгінде  75 пайызды құрайды. Бүгінде көрші Өзбекстан мемлекетінен тәулігіне 1500 текше метр су келіп жатса, 1 наурыздан кейін бұның көлемі төмендейтін болады. Яғни, Оңтүстік Қазақстан облысындағы елді мекендерге судан келер қауіп жоқ.