24 Ақпан, 2017

Алматының «Көк базарында» жаңа сауда орталығы ашылды

230 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматының «Көк базарында» жаңадан сауда орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл сауда орталығы салынғанға дейін жылу берілмеген дүңгіршектерде сауда жүргізіліп, ешқандай жағдай жасалмаған болатын. 2015 жылы аталған орынға сауда орталығын салу туралы шешім шығарылды. Нысанның жалпы көлемі  19 мың шаршы метр. «Көк базардың» директоры Ерлан Қалиев жоба құрылысын жүзеге асыруға 2,5 млрд теңге бөлініп, 500 жаңа жұмыс орны ашылғанын айтты. Жаңа сауда орнында 400 көлікке арналған жерасты паркинг те бар. Сауда кешенінде өрт қауіпсіздігі, салқындату жүйесі жасалған. «Біздің базарды жаңғыртудың бір кезеңі аяқталды. Жұмыс әрі қарай жалғаса беретін болады. Қазіргі ески базар ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз, сонымен қатар, Жібек жолы көшесінен кіретін кіреберістерді жаңғыртпақпыз. Барлығы ақырындап жүзеге асады, уақыт мөлшерін нақты айта алмаймын», - деді Е.Қалиев. Журналистер арасынан базардағы баға бүгінгі ашылу салтанатына орай, әдейі төмендетіліп отырған болуы мүмкін деген сауал қойылды. «Бағаны көрсету үшін өтірік төмендетіп отырғанымыз жоқ. Бұрын қандай баға болды, сол бағамен қазір де сатып отырмыз. Мұнда қымбат емес, ештеңе қымбаттаған да жоқ», - деді базар басшысы бұл сұраққа. Базарда сауда жасаушы  Елена Климова мен Светлана Козырева бүгін базардың ашылуында көзбояушылықпен жалған төмен баға қоймағанын айтты. «Біздің тауарлардың бағасы өзгерген жоқ. Себебі, жаңадан ашылғандықтан, сатып алушылар көп келіп жатқан жоқ. Сауда орнымыздың 1 шаршы метрін 7 мың теңгеден жалдап отырмыз. Егер көлікті кіргізетін болса, бұрынғыдай, онда тіпті жақсы болар еді», - деді саудагерлер «ҚазАқпарат» тілшісімен болған әңгімеде.