Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ведомство алқасында биылғы жылы Қазақстанның барлық мектептерінде жүзеге асырылуы тиіс басты міндеттерді атап өтті.
«Бүгінгі таңда мектептердің 99%-ында Интернетке қолжетімділік бар. Кем дегенде секундына 4 Мбит керек болса, бізде мектептердің 40%-ға жуығы онымен қамтамасыз етілген. «Цифрлық Қазақстан» бірінші кезекте Интернетті мектептерге орнатады. Үкімет алдағы уақытта осы мәселені шешеді деп сенеміз. Алайда, мектептердегі құрылымдық кабельдік жүйе – үлкен проблема. WI-FI әрбір кабинетте болуы тиіс», – деді ҚР БҒМ басшысы. Бұл туралы strategy2050.kz жазады.
Министрдің айтуы бойынша, олар осы нарықты талдап, ол қолжетімді әрі қымбат емес деген қорытындыға келді.
«Әкімдіктерге мектептердің қаржыландырылуын қамтамасыз ету керек, ол бір мектепке 700 мың теңгеге жуық. Кабельдерді өткізу қажет. Оқу жылының басына қарай бұл мәселе Қазақстанның барлық мектептерінде шешіледі », – деп атап өтті Е. Сағадиев.
Сондай-ақ, министр мектептердегі компьютерлердің жетіспеушілігі проблемасын да айтып өтті.
«Біз әкімдіктерге компьютермен қамтамасыз етуде көмектесуіміз керек. Оны әсіресе ауылды жерлерде қамтамасыз ету қажет », – деді ол.
Е. Сағадиев сондай-ақ мұғалімдерге оларға тән емес функцияларды орындауға тыйым салуға шақырды.
«Мұғалімдерге оларға тән емес функцияларды орындауға тыйым салу – маңызды міндет. Оны қолға алу қажет. Бірінші кезекте, статистикалық деректерді жинаудан бастау қажет. Бүгінде бұл мәселе талқыланып жатыр», – деп мәлімдеді министр.
Алқа отырысында барлық мектептерде оқушылардың жеке шкафтары орнатылатыны туралы да белгілі болды.