Таяуда ғана елімізде ересен оқиға болып өтті: Қазақстан халқы кезектен тыс президенттік сайлауда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа мемлекет тізгінін алдағы бес жылға ұстатты. Тұңғыш Президентке сайлауға қатысушылардың 95,55 пайызы қолдау білдірді. Бұл – ерекше сенім, бөлекше құрмет. Бұл – біздің ұлттық санамыздың салтанаты, баршамыз бағындырған биіктік.
Бұл биікке біз қалай қол жеткіздік?
Танымал қайраткер, белгілі қаламгер Қуаныш Сұлтанов өз мақаласында осы жайында кеңінен ой толғайды.
Кеңес Одағы ыдырап, одақтық билік құлағаннан кейін бүкіл кеңістікті дағдарыс жайлады. Одан Қазақстан да шет қала алмады. Өйткені, барлық мемлекеттік құрылымдар одақтық биліктің қолында болды. Қаржы, басқа салалық министрліктер де солай болды. Қазақстандағы өнеркәсіп өнімдерін шығаратын кәсіпорындар түгелдей Одақ көлеміндегі басқа республикалардағы зауыт, фабрикалармен байланысты жүйеде болды. Олар бірінсіз бірі өнімді толық шығара алмайтын, бір-біріне тәуелді болатын. Өндіріс тоқтады. Не тұтыныс тауары жоқ, не қаржы жоқ. Ақша құнсызданып, инфляция шегіне жетті. Елді жаппай жұмыссыздық жайлады.
Міне, осындай күйреу жағдайында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жаңа дәуірдегі Жаңа Қазақстан мемлекетінің негізін қалыптастырып, іргетасын қалап, қабырғасын тұрғызу ісін қолына алып, өзіне зор жауапкершілік артты. Елімізде орныққан көп ұлттың, көп діннің басын біріктіріп, татулық орнатып, қоғамдық келісімге келтіріп, тәуелсіз мемлекет мүддесіне жұмылдыра білді. Президент өзі бастап, мемлекеттік аппаратты, дүние жүзіндегі ежелгі қуатты мемлекеттер тәжірибелерін зерттеп, олардан біздің жас мемлекетіміздің құрылысына қажет деген тұстарын жинақтатты. Көптеген мемлекеттердің конституциялары сарапталды. Жедел түрде жаңа экономикалық жүйені қалыптастыруға қажымай, талмай еңбектенді. Еуропа мемлекеттерінің, атап айтқанда, Германия, Франция, Англия, АҚШ, Түркия, Азия-Тынық мұхит өңіріндегі Сингапур, Малайзия, Корея, Жапония, Қытай елдерінде нарықтың еркін экономиканы халық тұрмысына енгізу, тағы басқа елдерде мүлік меншіктік қатынастардың заңдық негізін жасау тәжірибелері, ерекшеліктері мұқият зерттелді, біздің елімізге, тұрмысымызға сәйкес келеді деген ережелері таразы басына салынып, сынаққа түсті.
Бұрын меншік атаулы 100 пайыз тек қана мемлекет монополиясында болғаны белгілі. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен осы негізгі әлеуметтік мәселеге түбегейлі реформа жүргізілді. Жеке адамдардың меншіктік құқықтығы заңдастырылып, өмірге енгізілді. Бұл сананың, дүниетанымның өзгеруіне зор ықпалын тигізді. Қазақстан бұрынғы тарихымызда болмаған тұңғыш ұлттық теңгесін айналымға енгізіп, тұрақтандырды. Еркін экономикалық жүйе қалыптасты.
Президент алғашқы жылдары жас мемлекетіміздің туын көтеріп, оны әлемге таныта жүріп, ең дамыған елдердің назарын елімізге аударып, шетелдік инвестиция тартумен тікелей шұғылданды. Олардың біздің елде нәтижелі жұмыс істеуіне заңдық база жасалып, жағдай туғызылды. Сондай ашық саясаттың арқасында Кеңес Одағы тұсындағы орталық билікке, Мәскеуге бағынышты болған кәсіпорындар қысқа мерзімде түгелдей жаңа технологиялармен жабдықталып, модернизация бағдарламасы жүзеге асырылып, өндіріс тауарларының экспорттық мүмкіндігіне екпін берілді. Еліміздің жер асты қазба байлықтарына тұңғыш рет өзіміз қожалық ететін болдық. Мәселен, Қазақстанда мұнай өндіріле бастағанына 100 жылдан асса да оның игілігін қазақ көрген жоқ еді. Осыдан 20 жыл бұрынғы Атырау, Ақтау, Жаңаөзен, Орал, Ақтөбе, Қызылорда қалаларының жағдайы мен бүгінгі келбеті жер мен көктей. Бұрын-соңды болмаған тұрғын үйлер, ауруханалар, қонақ үйлер, мәдениет, спорт кешендері, оқу орындары, тағы басқа әлеуметтік нысандар бой көтерді.
Мұнай саласында еңбек ететіндердің құрамында қазақ жұмысшыларының үлес салмағы еселеп өсіп, мыңдаған адамдар мұнай өнімінің ықпалымен әлеуметтік тұрмысын жақсартты. Мұнайдан түскен табыс Ұлттық қорға жинақталып, бүкіл елдің экономикасына қызмет етуде. 2007 жылдың соңында басталған жаһандық қаржы дағдарысының алғашқы дауылында Қазақстан осы қордың арқасында қатты соққыға ұшырамай, өзінің бұрынғы жоспарлаған әлеуметтік бағдарламасын жүзеге асырумен алға жылжып келеді. Осы қорды тиімді пайдалану және дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүзеге асырудың нәтижесінде елімізде жаппай жұмыссыздыққа жол берілген жоқ. Зейнетақы, көп балалы аналарға, нәрестелердің тууына байланысты, тағы басқа да әлеуметтік төлемдер жыл сайын 25-30 пайызға көтеріліп келеді. Сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен қаржыланатын әлеуметтік салалар ахуалын қуаттандыру да жыл сайын шамамен 30 пайызға өсуде. Мектеп, балабақша, аурухана құрылыстарын салу жоспары да орындалуда. Президент өз Жолдауында жария еткендей, халық тұрмысы мен әл-ауқатын жақсарту бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылатынына негіз де жеткілікті, сенім де тұрақты.
Бұрын өзінің сыртқы саясаты болмаған Қазақстан Н.Назарбаевтың жүргізіп отырған әлем елдерімен тату, өзара сыйластық қарым-қатынасының нәтижесінде тәуелсіздік жылдары ғасырлар бойы мүмкін болмаған жаңа рухани, саяси, экономикалық биікке көтеріле алды. Дүние жүзіндегі ең дамыған елдермен тереземіз тең дәрежеде сөйлесе алатын болдық. Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстанның қайда екенін білмейтін елдердің басшылары Қазақстан Президентімен санасып, сөзіне құлақ асатын, құрметпен сыйлайтын болды. Оның мысалы да, көрінісі де, дәлелі де жеткілікті. 2010 жылғы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы мен сол жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада өткен Саммитке 68 мемлекет және үкімет басшылары, 7 халықаралық беделді ұйымдар басшылары қатынасып, Астана Декларациясын қабылдағанын айтсақ та жеткілікті.
Тарихымызда тұңғыш рет бабалардан қалған ұлан-байтақ жеріміздің барлық көршілес мемлекеттермен шекарасы екі жақты келісімдермен бекітіліп, заңдастырылды. Ол құжаттар БҰҰ-да мақұлданды. Бұл Президентіміздің тарихи жеңісі болды. Қазақ өз тағдырын өзі шешетін еркіндік, жасампаздық дәрежеге жетті.
Н.Назарбаев еліміздің сан-салалы өмірінде кешенді реформалар жүргізді. Тиімді реформалар нәтижесінде «Қазақстандық жол» қалыптасты. Әлеуметтік тұрмыс жақсара бастады. Қазақстан қысқа мерзімде экономикалық дағдарыстан шығып, өркениеттің өркендеу, өсу жолына түсті. Елде адамдардың орташа табысы осы жылдарда он-он екі есеге артты. Адам басына шаққанда ІЖӨ 700 АҚШ долларынан 9000 долларға дейін өсті. Қазір әрбір отбасында автокөлік болуы айрықша байлық емес, тұрмыстың күнделікті қажеттілігіне айналды. Екі миллионға жуық адам өз таңдауы бойынша орта және шағын кәсіпкерлікпен шұғылданып, ел экономикасының көтерілуіне үлес қосуда.
Жаңа Астана құрылысы Қазақстан экономикасына жаңа дем, жаңа қуат берді. Астана сәулеті мен тіршілігі барлық облыс орталықтары мен қалаларға, аудан орталықтарына оң ықпалын тигізді. Ұлттың жаңа мәдениеті бой көрсетті.
Бұрын Қазақстаннан санаулы ғана адам шет елдерге барып оқитын шектеулі мүмкіндік болатын және ол бүкіл республика үшін керемет оқиға саналатын. Бүгіндері жыл сайын әлемнің ең дамыған елдерінде қазақ балаларының оқуы әдеттегі жағдайға айналды. Жыл сайын 20 мыңға жуық жастарымыз шет елдерде білім алады. Қазақстан халқының ынтымағы артты. Ұлтаралық, дінаралық, қоғамдық келісім өмір салтына айналып, ел бірлігі барлық жетістіктің қайнар көзі болды. Дағдарыстан шыққаннан соң, әсіресе, 2000 жылдан бері он жыл көлемінде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, тағы басқа әлеуметтік салаларда көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылды. 750 мектеп, 480 аурухана, жүздеген мәдениет нысандары, мыңдаған шақырым жолдар салынып, ел игілігіне қызмет етуде.
Міне, еліміздің өркендеу жолындағы осындай жарқын табыстары мен жетістіктері елдің еңсесін көтеріп, өмірге құштарлығын күшейтті. Бұл – бәрі болды, толды, кемшілік жоқ деген сөз емес. Шешілмеген түйіндер мен қиындықтар, кемшіліктер мен проблемалар толып жатыр. Оларды еңсеру жолдарына Президент өзінің жыл сайынғы халыққа Жолдауында екпін беруде. Бұл – мемлекет өмірінің табиғи тынысы.
Жиырма жылда Қазақ жерінің, қазақ ұлтының рухы өрлеп, санасы, дүниетанымы, кескін-келбеті де, сапасы да, қуат күші де өркендеп, өзгерді. Қазақ өсті. Қазақ жасықтықтан бой жинап, әлемге ашық көз, білім сауатымен, әлемдік құбылыстарды түсінетін дәрежеде қарайтын болды. Осының бәрі ең алдымен, тәуелсіздіктің арқасы. Тәуелсіз мемлекеттіліктің жемісі. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін дұрыс бағалап, соны ұлт мүддесінде тұрақтандыру, нығайта білудің нәтижесі.
Тәуелсіздік – біз үшін ешқандай бағамен өлшенбейтін қасиетті ұғым. Ол – біздің санамыз. Сондықтан да мемлекеттік тәуелсіздігіміз, оның қауіпсіздігі санамызға ұлттық идея болып қалыптасты деп тұжырымдауға толық негізіміз бар. Тәуелсіздіктің бізге оңайлықпен келмегенін біз ешқашан ұмытпауға тиіспіз. Ол үшін тәуелсіздіктің қарсаңындағы жағдайымызды еске түсірудің де артықшылығы бола қоймас.
* * *
1991 жылдың желтоқсан айы дүниені дүр сілкіндіріп, алып империя ыдырап, оның құрамында болған он бес ел өз тәуелсіздіктерін жариялап, жас мемлекеттер шаңырақ көтерді. Балтық жағалауындағы Литва, Латвия, Эстония бұдан ертерек Кеңес Одағы құрамынан шығатындығын жария етіп, Одақ тігісін сетінетіп еді. Желтоқсанның 8-і күні Ресей, Украина, Белоруссия басшылары 1922 жылғы одақтық келісімнің өз өкілеттігін жойғандығы туралы бірлескен мәлімдеме жасады.
Сол жылғы желтоқсанның 16-сы күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қабылдады. Сол күн біздің жас мемлекетіміздің дүниеге келіп, өзінің мемлекеттік туын көтерген қасиетті күні болып тарихқа жазылды. Қазақ тарихының жаңа дәуірі басталды...
* * *
...Әрине, өз алдына тәуелсіз мемлекет болуды арман етпейтін ұлт жоқ. Оған адамзат тарихын айтпағанның өзінде, тек бұрынғы Кеңес Одағының кеңістігіндегі ұлттар мен елдік құрылымдар қатарында өз ата-бабаларымыздың тағдыры мен тарихына көз жүгіртсек те жеткілікті.
Қазақ елінің Ресей құрамына қосылуы – ХVІІІ ғасырдың орта шенінен, атап айтқанда, 1731 жылы Ресей патшасының қазақтың батыс өңіріне арнайы елші жіберуінен басталады. Академик Салық Зиманов өзінің «ХVІІІ ғасырдың соңы және ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстандағы саяси құрылыс» деген еңбегінде патша өкіметінің отаршылдық саясатының қазақ жеріне ендеуін төмендегідей тұжырымдайды: «Патша өкіметінің отаршылдық саясаты бірден және ашық түрде басып алу жолымен емес, негізінен Қазақ елін орыс мемлекетінің ықпалына бейімдеу арқылы жүргізілді. Патша өкіметінің қолында күш те, жергілікті билік өкілдерін сатып алу мүмкіндігі де болды. Қазақ жері мен Ресей арасындағы экономикалық қарым-қатынастың өсуі патшалық Ресейдің ұлы далаға тереңдеп енуіне зор мүмкіндік туғызды» (С.Зиманов. Шығармаларының толық жинағы. ІІ том. 120 бет).
Қазақ хандықтары солтүстігінде Ресей, оңтүстік-батысында Хиуа, Қоқан, шығысында Қытай әміршілерімен әртүрлі келіссөздер жүргізіп, елі мен жерін сақтау қамында болды. Алайда, алып империялар көп жағдайда өздерінің әуел баста көрсеткісі келген бейбіт пиғылдарын ұмытып, көпе-көрнеу зорлық-зомбылық әрекеттерге көшіп, қазақтың ежелгі қоныстарын билеп-төстегісі келіп, өз әмірліктерін жүргізе бастауы елдің наразылығын туғызып, әр өңірде қазақ көтерілістерін өрістетті. Бостандық үшін басын тіккен талай боздақтар қырғынға ұшыраса да қазақ жұртшылығы ешқашан еркіндік санасын жоғалтқан емес.
Қазақтың ең соңғы ханы Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық қозғалысы он жылдан астам орыс патшасының қазақ жеріндегі отаршылдық саясатына қарсы күресіп, Хан Кене 1847 жылы қастандықпен әрі жауыздықпен өлтірілгеннен кейін, қазақ хандығы жойылып, төртке бөлінген қазақ жері Ресейдің генерал-губернаторлықтарына телініп, қазақ даласы түгелдей отаршылдық шеңберіне енгізіліп тынды. Одан кейін қазақ даласының әр өңірінде әр жылдарда әр түрлі көлемде ұлт-азаттық көтерілістер жиі-жиі билеп төстеуші үстемдікке қарсы шығып, айбат шегіп тұрғанымен, олар тез арада күшпен тұншықтырылып, ұйымдастырушылар қуғын-сүргінге ұшырап, ешқандай айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алған жоқ. Бұл мақалада олардың тарихын, жеңілу себептерін сараптау мүлде көзделмейді. Оның өзі жеке тақырып. Ол көтерілістер мен қозғалыстарды еске алудағы мақсатымыз қазақ халқы қандай ауыр жағдайда жүрсе де ұлттың бостандық санасынан ажырамағандығын, керісінше, ұлттық бостандық, тәуелсіздік, дербестік ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан көксеген арманы болғанын айту. Сондықтан да әрбір қазақ азаматы үшін Тәуелсіздіктің құндылығы ешқандай өлшеммен өлшенбейтін қасиетті ұғым екендігі хақ. Яғни, тәуеліздік – ұлттың санасында қалыптасқан ұғым. Алайда, ол ұғым кезінде, белгілі саяси режімнің темір құрсауында жүргенде кез келген жерде айтыла бермегені де белгілі. Өйткені, ондай ой-пікір айтылған тұста сол кездегі билік тарапынан соққыға ұшырап отыратын. Ал, ой, арман, тілек ретінде қазақтың жүрегінен, санасынан ешқашан өшкен емес.
* * *
Жаңа дәуіріміздің ең басты ерекшелігі – қазақ жерінде тәуелсіз мемлекет құрып, оны орнықтырып, ізгілікті ішкі, сыртқы саясаты арқылы елдің әлеуметтік жағдайын, халықтың әл-ауқатын, тұрмысын жақсартуды қалыптастырып, әлемдік озық бәсекеге қабілетті ұлт өсіріп, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орынға ие болуын қамтамасыз ету міндеттерін жүзеге асыру.
Мемлекет құру – кез келген ұрпақтың, дәуірдің, тіпті бірнеше ғасырлардың үлесіне тие бермейтін тарихи құбылыс. Бұл тұрғыдан қарағанда, біздің Ұлы Даланың қойнауы да толған қазына мен шежіре. Талай жорық, арпалыс, жасампаздыққа толы кеңістіктің, өркениет өріне ұмтылысы мен талпынысы осынау ендікте мемлекет шаңырағын көтеріп, адамзат қоғамының рухани мәдениетіне өзіндік үлес қосуымен айшықталады.
Жаңа дәуірдегі жаңа мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздігіміздің бес жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде бұл туралы: «Осыдан 1,5 мың жыл бұрын түркілер Еуразияның көптеген мемлекеттері, оның ішінде біз тікелей мұрагері болған ұлы мемлекет – Түрік қағанатын құрған», деп ой қорытады (Н.А.Назарбаев. Избранные речи. Т.ІІІ. 1995-1998. стр. 256).
Елбасы сондай-ақ, Қазақ елінің мемлекеттік дәстүрі мен ұлтымыздың мемлекеттік идеядан ешқашан үміт үзбегендігіне өзінің «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында», «Еуразия жүрегінде» атты айтулы еңбектерінде де тарихи дерекнамалық шолуларға сүйеніп, нақты тұжырымдар жасайды.
Жоғарыдағы тарихи кезең біздің Ұлы Дала төсіндегі мемлекеттік дәстүр тамырын тереңнен тартатындығын көрсетеді. Біздің бүгінгі жаңа дәуірімізге дейін ұлттар мен ұлыстардың Еуразия кеңістігіндегі қайшыласқан қым-қуыт құбылыстардың негізгі мақсаты да, мүддесі де сайып келгенде мемлекеттілікке тірелетіндігін байқау көп қиындық туғыза қоймайды.
Бұған дәлел – Ұлы Дала тарихының әр замандағы зерттеушілері, тарихшылар, мемлекет қайраткерлерінің жазып қалдырған деректі еңбектері. Бұл орайда М.Х.Дулати, М.Қашғари, Ж.Баласағұн, Ш.Уәлиханов, В.В.Бартольд, Г.Е.Грум-Гржимайло, А.П.Окладников, Ә.Марғұлан, Л.Н.Гумилев сынды әйгілі жиһангездер мен тарихшылардың еңбектері ерекше маңызға ие.
ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ жеріне Ресейдің патшалық-империялық саясатының мейлінше тереңдеп бойлап, сол кездегі саяси-қоғамдық құрылыстың дербестік сипаттан айрылып, империяға мойынсұну кезеңінің бір жарым ғасырға созылғаны, әрине ұлттық құндылықтардың, әсіресе, ұлттық сананың, тәуелсіздік санасының тамырына балта шапқаны да тарихи шындық, айдай ақиқат. Империяның ең зиянды зардабы – бір ұлттың үстемдігіне ұмтылушылық. Империялық санамен әбден уланған билеп-төстеушілердің өздеріне деген менмендік сенімі, өздерінен басқа ешкімді де өз қатарынан көргісі келмеуі, ешкімнің құқығымен санаспауы. Олар бұрын бой көрсете қоймағанымен, дәл Кеңес Одағының бірлігі ыдырап, Ресейден іргесін аулақтата бастаған бұрынғы одақтас республика ұлттары өз тәуелсіздіктерін жариялап жатқан тұста бірден белең алып, көрініп жатты. Соның бір айғағы дүние жүзіне бостандық, еркіндік, тәуелсіздік, демократия жалаушысы болып танылған А.Солженицынның 1990 жылы жарияланған «Как нам обустроить Россию» атты мақаласы. Өкінішке қарай, сол кезде өзін ұлы гуманист ретінде танытқысы келген жазушы Қазақстанның солтүстік облыстарында орыстардың сандық үлесі басым, сондықтан оларды Ресей жеріне қосу керек деген арандатушылық ойын айтып, қазақ пен орыс арасына от салғысы келгені де елдің есінде. Ресейдің көрнекті политолог-жазушысы Леонид Млечин бұл оқиғаға байланысты өзінің «Назарбаев. Групповой портрет с президентом» деген кітабында:
«Слова Солженицына вызвали резкие протесты в Алма-Ате.13 октября 1990 года Назарбаев поднял этот вопрос на совещании у Горбачева:
– Трудно говорить народу, будто статья Солженицына появилась без санкции руководства...» (с.259), – деп, тәуелсіздік қарсаңында жер, ұлт, ұлтаралық, демография мәселелерінің оңай болмағанынан мағлұмат береді. Сол кезде Солженицынның сөзі түрткі болып, орыстың талай «интеллигент» (яғни, гуманист) деген азаматтары сыр беріп қалды. Ондай пікірлерді кейбір Ресей мемлекеттік Думасының депутаттары да дуылдатып, қоздыруға тырысты.
Әсіресе, біз тәуелсіздік алғаннан кейін, біздің мемлекет құра алатынымызға шүбә келтіріп, күнкөрісімізге «жанашырлық» білдірушілер әртүрлі дағдарыстардың сценарийлерін айтып, жазып, мазалары кетті. «Қазақстан өнеркәсібінің 93 пайызы Мәскеудің бағынышында, өз беттерімен экономикасын жасай алмайды», «Қорғанысы жоқ, еліндегі әскери күштің бәрі Ресейдікі», «Сыртқы саясаты жоқ, 15 миллион елдің халықаралық қатынасқа ықпалының қажеті шамалы», «Темір жолы, әуе жолы өз бетімен жүре алмайды» деген сыңайлы ақпарат таралып, көрші елдерде қоғамдық пікір өршіп тұрды.
Қазақ елі мемлекет тұрғызып, оны өркендету ісіндегі жетістіктеріміз мұндай сәуегейлерге сабақ болатындай нәтиже көрсетті. Қазақстан олар күтпеген жеңістерге жетіп, тек оларды емес, дүние жүзін мойындатты. Алайда, ондайлар өздерінің империялық санасынан бас тартқан жоқ. Ондай сана енді жаңа үнмен, жаңа мазмұнда айтыла бастады. Тіпті басқаны айтпағанның өзінде «екінші дүниежүзілік соғыста тек қана орыс халқы жеңіске жетті» деудің өзі неге тұрады? Тереңірек ойланған адамға осының өзі-ақ көп нәрсені аңғартса керек.
Біріншіден, мұндай тұжырымдар әлі де екпіні басылмай тұрған үстемдік жүргізуге құштар, империялық сананың өміршеңдігі. Өйткені жоғарыдағыдай ұсыныс-пікірлерді тек билік өкілдері ғана емес, әртүрлі қоғам өкілдері де айтуға құмар. Өкініштісі, ондай сана жаңа дәуірде жойылып жатқан жоқ, керісінше, өсіп келеді. Ресейдің үлкен қалаларында өркендеп жатқан жаңа ұлтшылдық (скинхедтер немесе жаңа фашистік) ұйымдардың көтеріп жүрген ұрандарын айтсақ та жеткілікті.
Екіншіден, мұндай жағдай күндердің күнінде олардың өз мемлекетіне де, көршілес елдердің қауіпсіздігіне де нұқсан келтіруі әбден мүмкін.
ХХ ғасырда ең күшті мемлекеттік идея, дербес ұлттық мемлекет құру санасы қазақ зиялыларының ортасында 1905-1935 жылдар арасында болды деуге толық негізіміз бар. Оған дәлел әрине, «Алаш» партиясы мен Түркістан республикасының қайраткерлері, көрнекті ақын-жазушылар Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Мұстафа Шоқай, Бақытжан Қаратаев, Халел Досмұхамедов, Смағұл Сәдуақасов, Мұхаметжан Тынышбаев, Ораз Жандосов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сияқты тағы басқа ондаған, жүздеген ұлттық идея, ұлттық тәуелсіздік жолында құрбан болған ардақтыларымыздың өмірі мен олардың қазақ мемлекеті, қоғамы алдындағы қыруар еңбегі.
Бұл ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың тоғысында қазақ даласының әлеуметтік тұрмысы нашарлап, ел арасындағы наразылық күннен-күнге асқынып тұрған кезең еді. Оның себептері де көп.
Бір жағынан, патшаның атынан қазақ жеріне үстемдік жүргізген генерал-губернаторлар, ояз, урядниктер қазақтарға аяусыз тізесін батыруы, әділетсіздігі шектен шығып еді. Олар қазақтардың арасына іріткі салып, бір-біріне қарсы қоюға әбден машықтанып, «бөліп ал да билей бер» тәсілін мейлінше өрістетті. Ел ішіндегі Балуан Шолақ, Иманжүсіп, Шәкәрім, Мәди сияқты беделді өнер иелерінің басқан-тұрған іздерін аңдып, кейде оларды қызғанышпен көре алмайтын қазақтарды, тіпті жақын туыстарын олардың кейде надандығын, кейде осал қорқақтығын пайдаланып, өздеріне қарсы қойғызып, өтірік жала жаптырып, істі қылып, абақтыға қаматып, «олар өкіметке қауіпті» деген лақап таратып, арандатуды, сол арқылы даланың бас көтерер тұлғаларын жойып жіберуді мықтап қолға алып, ол үшін отарлаушы үкімет тарапының мақтауына кенеліп, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып шалқыды.
Екіншіден, орыс патшасының өкілдері мұндай сатқындық іске жергілікті қазақтар арасынан шыққан сұлтан, болыстарды кеңінен пайдаланып, бірінің үстінен біріне арыз жаздырып, сатқындыққа, екіжүзділікке, өтірікке, сырғанақтыққа, парақорлыққа үйретті. Білімсіз, мансапқор болыссымақтарды түкке тұрмайтын шен-шекпенге сатып алып, айтқанын істетіп, өздерінің табанын жалатып қызмет істетті. Бұқара халықтың намысына тиіп, озбырлық жасап, тізесін батырып, жергілікті бай-шонжарлар ел арасындағы жағдайды ушықтыруда белсенділік көрсетті.
Үшіншіден, Ресейден жер аударылып келген шаруалар қазақтың ең шұрайлы, сулы, нулы жерлеріне қоныстанып, өздері тез арада әлденіп, қазақ шаруасының жағдайын төмендетті. Әрине, мұндай жағдайлар қалың елдің наразылығын туғызып, Ұлы Даланың патшаға қарсылығын күшейтіп, сәті келер көтерілуді күтіп жүрері белгілі. Сондықтан да Петербург, Мәскеу, Омбы, Орынбор қалаларында жоғары оқу орындарында білім алып, озық ойшылдар топтарымен араласта болған қазақ зиялылары 1905, 1917 жылдардың төңкерістерінен көп үміт күтіп, олардың ұстанымдарына қолдау көрсетуі де заңды құбылыс еді.
Алайда, Қазан төңкерісінің жемісі – большевиктер мен Кеңес өкіметі қазақ зиялыларының үміті мен сенімін аяққа таптады. Дербес мемлекеттілікті аңсаған Алаш үкіметі де, Түркістан өкіметі де Кеңес Одағына ешқандай қарсылық көрсетпей, керісінше, оның ұрандары мен шешімдерін толық қолдап еді. Әңгіме, тек Қазақ автономиясы ғана, қазақ шаруасы мен қазақ халқының тең құқықтығы жайлы ғана болды. Қазақ даласында мектептер ашып, білім беру, жерді пайдалануда, мал жайылымдарын пайдалануда қазақтардың өз ата қоныстарына ие болуы жайлы еді. Әрине, олардың бағдарламаларында ел билігін қазақтың өз білімділері жүргізуі тиіс делінген. Сондай-ақ патша саясатының басқа ұлттарға, тікелей қазаққа әділетсіз болғандығы айтылып, алдағы уақытта ондай теңсіздіктерге жол берілмеуі көзделген-ді. Қазақ зиялыларының рухани бостандыққа бастаған жолдары әділ әрі жаңа үкіметке ешқандай зияны жоқ, тек қазақтың ұлттық мүддесіндегі жол болатын. Олардың өз ұлтының мұқтажы үшін қойған талап-тілектері орындалған күннің өзінде большевиктер билігіне, қозғалысына кедергі емес, керісінше, олардың ел арасындағы беделін өсіретін еді. Бірақ, ол кезде большевиктер сөз жүзінде орыстан басқа ұлттардың тең құқықтарын ұрандағанымен, іс жүзінде, империялық үстемдіктен, «великоросстық шовинизм» санасынан арыла алмады. Ақыры ұлты үшін, ұлт болашағы үшін күрескен қазақ зиялылары түгелдей дерлік жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап, алды атылып, соңы ұзақ жылдарға айдалып, олардың ұлттық санаға, рухани бостандыққа негізделген іс-әрекеттері мен талпыныстары, ұсыныс, пікір, ойлары сол кезеңде жойылып тынды. Бұл саяси партиялар, үкіметтер, билік жүйесі ауысып, әртүрлі атаулармен атала беруі мүмкін, бірақ кеңістікте билеп-төстеуші бір ғана «жетекші», «аға» ұлт болады, дегендері еді.
Өткен ғасырдың 20-30-жылдары мәжбүрлеп жүргізілген коллективтендіру, тәркілеу науқанының нәтижесінде қазақ халқының 40 пайыздан астамы, яғни 2 миллионға жуық адам аштан қырылды. 1,5 миллионнан астам қазақ өз Отанынан басқа елдерге қашуға мәжбүр болды. Біздің қоғамда бұл туралы аз айтылып жүрген жоқ. Бұл алапат қырғынды біздің тәуелсіз мемлекеттігіміздің 20 жылдығы қарсаңында еске алып отырғанымыз осындай жойқын әрекеттердің ең түпкі мақсаты – ұлттың негізгі құрамын жою арқылы оның барлық өмірлік мүмкіндігін төмендету. Әрине, ұлт болмаған соң мемлекеттіліктен қандай үміт болуы мүмкін?
Сол сияқты, 1937-1938 жылдары жүргізілген саяси қуғын-сүргін науқаны қазақтың ең білімді, қабілетті, өз тұсындағы саяси-қоғамдық үдерістердің қыр-сырын түсінетін, өз ұлтының мүддесін біліктілікпен қорғай алатын, ұлтының сөзін сөйлей алатын қазақтың маңдайалды азаматтарынан бастап, ауылды жерлерде орта, жоғары білімі бар азаматтарды да «халық жауы» деген жаламен жойып жіберді.
Өкінішке қарай, кеңестік Қазақстандағы «ұлтшылдар» мәселесі отызыншы жылдардан кейін де ұзақ уақытқа дейін тоқтатылған жоқ. Бұл Мәскеу үшін, өзіміздегі Мәскеуге жағынғыш жандайшап интернационалистер үшін қай кезде де қателеспейтін «аспап» болып тұрды. Оған мысал шаш-етектен. 40-шы, 50-ші жылдардағы «Қазақ ССР тарихының» шығуына байланысты, сондай-ақ тарихшы ғалым Е.Бекмаханов, әдебиетші Қ.Жұмалиев, академик Қ.Сәтбаев, ғұлама жазушы М.Әуезов, тағы басқа ұлт келбеті дәрежесіндегі тұлғалардың тағдыры мен тарихын, солардың көрген қиянатын еске түсірсек те жеткілікті.
Зерттеп отырсақ, қазақ жеріне үнемі орталық одақтық билік шүйлігумен болған екен. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Қазақстандағы тың жерлерді игеру мақсатында Одақтың төрт бұрышынан 1 миллионға тарта әртүрлі ұлттар өкілдерін әкелу, 1937-38 жылдары Қиыр Шығыстан жүз мыңнан астам корейлерді, соғыс кезінде – 1941-1944 жылдары Кавказ халықтарын, Волга жағалауындағы немістерді эшелондармен тиеп әкеліп, қазақ даласына төгудегі мақсат та қазақтың өз жерінде өзін азайту еді. Сондай күштеп, адам аты мен құқығын аяқасты етіп, езіп, қазақ жерін ежелгі иесінен айыру мақсатында жүргізілген зымиян саясаттың салдарынан тәуелсіздік алар тұста Қазақстанда тұратын халықтың құрамында қазақ ұлтының үлесі төмендеп кетті. Әрине, мұндайда ұлттық мемлекеттік, ұлттық тәуелсіздік туралы қандай да әрекеттер көп қиындықтарға ұшырары анық. Қазақстанда басқа этностарды көбейтіп қоюмен шектелмей, ежелгі қазақ жерін бөлшектеп, бір бұрышын түркіменге, бір бөлшегін өзбекке, ең үлкен үштен бір бөлігі – солтүстік астықты облыстарды Ресейге қоспақ жоспар да Мәскеудегі орталық биліктің сүйікті «реформалары» болған еді. Осы іспеттес солақай шешімдердің әрқайсысының тұсында республика басшылығындағы жауапты қызметкерлер өзінің ақиқат пікірін айтамын деп қуғын-сүргінге ұшырап, лауазымды қызметтерден босатылып, құрбан болып жататын. Жоғарыдағы тарихи әрі қасиетті кезеңдерді еске алғандағы мақсатымыз ұлттың тәуелсіздікке жетуінің қаншалықты қиын болғандығымен бірге, қай-қайсымыз болсақ та өткен заман өкініштерінен сабақ алып, сондай тағы басқа қауіп-қатердің алдын аларлық сана, түсінік болу қажеттігін көрсету еді.
Осындай тағдыры мен тарихы бар қазаққа «тәуелсіздік ешқандай шығынсыз, күрессіз келді» деп айтудың өзі әрі әділетсіздік, әрі білгісі келмегендік.
* * *
КОКП мен Кеңес Одағы орталық билігінің Қазақстанға көрсеткен ең соңғы қиянаты, әрі қатыгез өктемдікпен жүргізілген саясаты 1986-1989 жылдары болды. КОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросы, оның Бас хатшысы қазақ ұлтына менсінбеушілік тұрғысынан қарады да, бұрынғы әдетінше оның басшылығын ауыстырарда ұлтты, ұлт санасын, қоғамды, жас ұрпақтың дүниетанымын ескерместен, өз өктемдігіне салды. Алайда, осы жолы 70 жылдан астам жазбай жасалып келген ескі тәсіл жас қазақтардың толқуына шашалып, ұлттық сананың күтпеген дүмпуіне кезікті. Сөйте тұра ұлт теңдігін талап еткен жастармен тілдесуді жөн көрместен, бейбіт шеруге шыққан жастарға қарсы күш қолданып, талай жастар мерт болып, жазықсыз қан төгілді. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ үшін бұл да кезекті сойқан болды. Қазақ халқы, әсіресе жас ұрпақ қайсарлық танытты. Орталық биліктегілер өздерінің одақтас республикалардың тыныс-тіршілігінен мүлдем бейхабар екендігін, ұлттық сананың өскенін түсіне алмайтындығын көрсетті.
Қазақстанды Колбин басқарған жылдар қазақ зиялылары мен лауазымды қызметкерлерге де сын болды. Сол жылдары қазақ атқамінерлерінің сапасы көрінді. Сөз жоқ, көпшілік лауазымды азаматтар орталық биліктің, Колбиннің қоғамға жасаған озбырлығының табиғатын біліп, іштей күйініп, реті келген жерде әділін айтуға тырысып, мүмкіндігінше жоғарыдан түскен әмір, бұйрықтардың қоқан-лоқысын басып, мазмұнын жұмсартып, ұлт мүддесін қиянатқа берместен, еңбек етуге тырысты. Алайда, сол кездегі билік басындағы шенеуніктер арасында Колбинге жалпақтап, жағынушылар да аз болған жоқ. Ондайлар өз басының мансабы мен пайдасы үшін кімді болса да, нені болса да сатып жіберуге бейім, жан-тәндерімен ықыласты болды. Көкірегінде, басында өз пікірі жоқ, «шаш ал десе, бас алатын» дәлдүңдер әлі де көп екеніне көзіміз жетті. Ондайлар өз мансабы үшін адал адамға да шімірікпестен, кірпік қақпастан жала жаба салады екен. Бір қызығы, Колбин кеткеннен соң сондайлардың кейбіреуі «Колбинге қарсы келіп, күрескен» адам болып шықты. Оларды айтып отырғанымыз, жалпы азаматтық пен ардың сапасын бағамдау. 37-ші жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің қазақ белсенділерінің қолдарымен жасалғаны сияқты, 1986 жылы да желтоқсанның 18-і күні КОКП Орталық Комитетінің сектор меңгерушісі Н.Мищенко лауазымды қызметкерлерді кезекпен бір-бірлеп шақырып: «Республиканың бұрынғы басшыларының қызметі мен өміріндегі кемшіліктерін жазып бер», деп тапсырма берген кезде сол тапсырманы жанын салып, «артығымен» жазып бергендерді де, «жоқ, ондайым жоқ» деп тік тұрып, сол үшін қызметтерінен кеткен адамдарды да білеміз. Алаңға шыққан жастар тарқар-тарқамастан, Колбинге оңаша сұранып, республикада «ұлтшылдық пен туысқандық жайлап кеткені» туралы «егжей-тегжейлі» мағлұмат беруге асығып, «Сіздің келгеніңіз қазақты құтқаратын болды», деп көлгірсіген атақты «ағалар» да болды. Болары болды. Біреуді әшкерелейік дегеннен аулақпыз. Сондай іс-әрекеттер келешек өмірге сабақ болсын, ондай сапасыздық, тұлға тұрлаусыздығы арқылы жүретін ұлт сапасыздығынан арылсақ деп айтып отырмын.
Мұның бәрі ұлттық сананың көріністері. Мемлекет мықты болуы үшін адамдардың бойында, әсіресе, қоғам алдында жүрген әр адамның бойында ұлттық сана, азаматтық өзек қуатты болуы керек.
Өткен сындарлы кезеңдерге тоқталып, қысқаша шолу жасаудағы мақсатымыз, тәуелсіздіктің жолы жеңіл емес екендігін еске сала отырып, қандай әділетсіздік, қиянат көргенімізді, содан бүкіл ұлтымыз, еліміз қалай ұтылғанын ұмытпау арқылы бүгінгі мемлекеттік тәуелсіздігімізді сақтауға әрбір азамат мүдделі, борышты екенін айту. Дербес мемлекеттілікке қол жеткізіліп мемлекет құраушы ұлт мәртебесі тұрақталып өскен тұста, қоғамның санасында тәуелсіздікті сақтау, мемлекетімізді күшейту, мемлекет мүддесіне басымдық беру ұлттық идея болып қалыптасатын мезгіл жетті. Ұлттық идея туралы пікірталас көп. Кейбіреулер біздің мемлекетімізде ұлттық идея жоқ дегенді айтады. Ұлттық идея ортақ мүддеден туындап, ортақ мұратқа ұмтылыстан қалыптасуы тиіс. Ендеше, ұлттық дербестіктен, рухани бостандықтан, мемлекеттік тәуелсіздіктен жоғары қазақ үшін, қандай мүдде, қандай мақсат, мұрат болуы мүмкін? Осындай жағдай тұсында ғана барлық басқа тіршіліктер туралы әңгіме қозғауға болады. Ұлттық сана болса, ұлттық идея туралы айтуымыз орынды. Бүкіл біздің тарихымыз – дербестік, тәуелсіздік туралы ұлттық санамыздың өшпегенінің куәсі. Ғасырлар бойы тарихтың талай қатерлі толқынынан өтіп, талай айқастарда құрбан болып, талайынан аман жетіп, тәуелсіз мемлекет бола алғанымыз, әрине, қазақтың жаңа дәуірі, алтын ғасыры. Сондықтан да осы дәуірімізді, тәуелсіздігімізді қадірлеу, қастерлеу, қорғау, сақтау, оны ұрпақтан ұрпаққа шашаусыз жеткізу – әрқайсымыздың қасиетті борышымыз, парызымыз.
* * *
Осы мақаланың басында Тәуелсіздігімізді жария еткен заң қабылданғаны айтылып еді. Ол заңның қалай, қандай пікірталас туғызып, заңның қабылдануына Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының бастамашы болғанын, бұрынғы Жоғарғы Кеңестің сессиясында әлденеше рет сөз сөйлеп, нанымды ой, пікірін ортаға салып, депутаттарды бір мүддеге жұмылдыра алғаны туралы бұдан бұрын жариланған мақалада толық жазылған («Егемен Қазақстан», № 122-123. 06.04.2010). Осыған байланысты тағы бір айтылатын ақиқат – сол кезде Қазақстандағы халық құрамында қазақтардың үлес салмағы 36-ақ пайыз болғанын біздің тәуелсіздігімізді қабылдағысы келмеген талай мысықтілеу адамдар әртүрлі жерлерде, баспасөзде де айтып, соның өзін қазақтардың кемшілігі етіп көрсеткісі келгені. Тек тәуелсіз мемлекет бола алғанымыздың арқасында елдегі демографиялық жағдай оңалып, 2009 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша қазақтардың өз еліндегі үлес салмағы 65 пайызға жақындады.
Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының мемлекетімізді күшейту мақсатында жүргізіп отырған демографиялық саясатының басты көрсеткіші. Ол туралы Президент 1996 жылғы алғашқы Жолдауынан бастап жыл сайын айтып, Үкіметке нақты тапсырма берумен келеді. Әсіресе, «2030 жылға дейінгі Қазақстанның даму стратегиясы», тағы басқа маңызды баяндамалары мен сөздерінде елдің демографиялық ахуалына айрықша тоқталады. Үстіміздегі жылда да ұлттың өсіміне жаңа маңыз берілді. Елбасы биылғы өз Жолдауында мемлекетімізде халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартып, білім, денсаулық сақтау көрсеткіштерінің деңгейін көтеріп, қоғамда саламатты өмір сүруді қалыптастыру арқылы дүниеге келетін нәрестелер санын көбейтіп, олардың шетінеуін қысқартып, аналар өлімін кемітіп, денсаулық сақтау мекемелерінің емдеу, сырқаттың алдын алу шараларының сапасын күшейту арқылы қазақстандықтардың орта жасын 2015 жылға дейін 70 жасқа, 2020 жылға дейін 72 жасқа жеткізуді ең басты стратегиялық даму дәрежесінде қойды.
Шет елдерден өзінің тарихи Отанына келгісі келген қазақ бауырларға да есігіміз ашық, оларға осы кезге дейінгідей құқықтық көмек көрсетілері сөзсіз. Бұл – біз тәуелсіздік алған күннен бері жүргізіліп келе жатқан нақты, мақсатты шара. Осы жылдар ішінде алыс-жақын елдерден 800 мыңнан астам қазақ Қазақстанға келіп орналасып, азаматтықтарын алды. Шет елден келген қазақтарды өңірлерде қабылдап, орналастыру ісінде Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында, Астана, Алматы қалаларында мол тәжірибе жинақталды. Әйткенмен де, бұл жұмыс әлі де оңтайландырып, жақсартуды талап етеді. Өкінішке қарай, нақты атқарушы орындарда – облыс орталықтарында, қалаларда, аудандарда, мемлекеттік қызмет мекемелерінде өз міндеттерін орындауда жауапкершілік жеткіліксіз. Қызметкерлер тарапынан менмендік, немқұрайлылық, салақтық мінездер көп көрінеді. Шеттен келген, орыс тілін білмейтін қазақтар біздің кейбір менменсіген, қазақша сөйлегісі келмейтін шенеуніктерден тауы шағылып, жалпы Қазақстан сондай «меңіреу жартас» екен деген пікір туғызатын мысалдар аз емес. Олар шарасыздықтарынан Президентке, Парламентке, Үкіметке шағымданып арыз жазуға мәжбүр болады. Мұны біздің мемлекеттік қызметкерлердің өз мемлекетін, тәуелсіздігін сыйламаушылығы деп түсіну керек. Яғни, бұл да мешеу шенеуніктер бойында әлі ұлттық сананың кемістігін көрсетеді. Егер әр қызметкер өз орнында өз міндетін таза әрі жауапкершілікпен атқарса, ешкім де ешқайда шағым жазбас еді. Сондықтан да атқарушы билік өз жұмысының сапасын мемлекет мүддесінде өзгертіп, халыққа қалтқысыз қызмет етуді Елбасының талаптарына сәйкес дұрыс жолға қоюға міндетті.
Сондай-ақ, Қазақ еліне келіп, тұрақтанаты