«Айқап» – 100
Үстіміздегі жылдың қаңтар айында «Айқап» журналының шыққанына 100 жыл толғаны өзімізге белгілі. Соған орай еліміздегі маңдайалды жоғары оқу орындарының бірі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультеті 15 сәуірде «Айқап» журналы мен «Қазақстан» газетінің 100 жылдық мерейтойларына орай «Мерзімді баспасөз: адамзаттық құндылықтар мен елдік мүдде мәселелері» атты тақырыпта ғылыми теориялық және тәжірибелік конференция өткізуді жөн көріп отырғанын да сөз орайында айта кетсем деймін.
«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді қазақ даналығы. Мұның философиясы, меніңше, мынада. Елу жылда ұрпақ жаңарады. Жүз жылда сол жаңарған ұрпақтың төккен тер, еткен еңбегі өз жемісін береді. Осыдан жүз жыл бұрын жарық көрген «Айқап» журналы тігінділерін қайыра парақтап, жарияланымдарына көз сүзгенде түйген ой осы.
Қош. Енді әңгімені «Айқап» журналының аты неге солай аталғанына қарай бұрайық. Бұл туралы басылымды шығарушылар мен тұрақты авторларынан артық ешкім айта алмасы анық. Сондықтан сөз кезегін соларға берелік.
Басылымның «Айқап» аталуының себебі мен алдына қойған мақсаты туралы журналдың 1911 жылғы 11-санында мынадай түсінік беріледі: «Айқап» деген сөз – қазақтың төл сөзі, ол ғасырлар бойы мәдениеттен, білімнен кенже қалған бүкіл қазақ халқының өкініші ретінде алынды. «Ай, қап!» деп санымызды соқтық, енді ел қатарына қосылайық деген үнді білдіреді».
Осы ойды журналдың тұрақты авторларының бірі Бақытжан Меңдібеков «Газеталарымыз туралы» атты мақаласында (1912, №6) бүй деп шегелейді: «Ай, қап! Әттеген-ай, іс өтіп кеткен екен ғой, біз ұйықтап жатқанда, басқалар желден, аққан судан пайдаланып жатқанда, біздің мұндай халде болуымыз деп өткен іске өкініп қойған есім боларға керек».
Ал Халиолла Ғабдолжамилов деген автор журналдың 1911 жылғы 2-санында жарияланған «Айқап мағыналары» деген мақаласында «Айқап» этнонимінің үш түрлі мағынасына тоқталады: «Ай-қап – болмай қалған іске өкіну және қараңғы түнді жарық еткен ай және оның қабы (сауыты), халықты айқап-шайқап аралау».
Бұл жөнінде журнал жарияланымдарын араб (төте) жазуынан кәдімгі қазіргі жазуымызға аударып, жинақ етіп құрастырған белгілі библиограф-ғалым, марқұм Ү.Сұбханбердина аталған жинақтың «Қазақ баспасөзі тарихынан» атты алғысөзінде: «соңғы екі ұғым Ғабдолжалиловтың ой-қиялының жүйріктігінен туған дүние болса керек, бірақ нақтылы шындыққа жанаспайды. «Айқап» деген ұғымның мәніне тұңғыш рет көңіл бөліп, тұжырымды ой түйген журналдың редакторы М.Сералин», деген пікір білдіріп, «Айқаптың» тұңғыш санында жарияланған бас мақаладан мынадай үзінді келтіреді: «Біздің қазақтың «әй, қап!» демейтұғын қай ісі бар? Газет шығармақшы болдық, қолымыздан келмеді. Пұлы барларымыз ынтымақтаса алмадық. Пұлы жоқтарымыз ынтымақтассақ та, ақшасыз істің жөні табылмады. «Қап, пұлдың жоқтығы, қолдың қысқалығы-ай» дедік. Жақсы жерлерімізді қолда сақтау үшін қала салмақ болдық. Басымыз қосылмады. Қолайлы жерлер қолдан кетті. «Қап, ынтымақсыздығымыз-ай» дедік. Болыс, би, ауылнай боламыз деп таластық, қырылыстық. Жеңілгеніміз жеңген жағымызға: «ендігі сайлауда көреміз, қап, бәлем-ай!» дедік. Осындай біздің қазақтың неше жерде «қап» дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз да өкінішімізге лайық «Айқап» болды».
Осы жерде аты туралы толық мағлұмат алған журналдың «заты қандай болды екен?» деген заңды сұрақ туындайды. Енді соған жауап іздеп көрелік.
«Айқап» – 1911 жылдың қаңтарынан бастап 1915 жылдың қыркүйек айына дейін, алдында айына бір мәрте, 1912 жылдан айына екі рет үзбей шығып тұрған тұңғыш қазақ журналы. Троицк қаласындағы «Энергия» баспаханасында басылып, байтақ қазақ даласына кең тараған басылымның бас редакторы да, шығарушысы да – алты алашқа аты мәлім жазушы һәм журналист, көрнекті көсемсөз шебері Мұхаметжан Сералин. Бұл жөнінде Санкт-Петербург қаласындағы Орталық мемлекеттік тарих мұрағатында төмендегідей дерек сақталғанын қазан төңкерісіне дейінгі қазақ баспасөзі тарихының бас зерттеушісі Ү.Сұбханбердина алғаш жалпақ елге жария етеді: «1910 жылы 18-январьда берілген куәлік бойынша Орынбор губерниясының Троицк қаласында шығатын қазақ журналына Қостанай облысы, Шұбар болысы, №5 ауылының қазағы М.Сералинге редакторлық етуге және шығарушы болуға рұхсат берілді». Журналдың алғашқы санында жарық көрген беташар мақала соңында «басқарушы, бастырушы М.Сералин» деп қол қойылуының сыры да сонда. Осы жарияланымда көсемсөзші басылымның шығу тарихымен көзі қарақты оқырманды қысқа да нұсқа таныстырады: «Құрметті оқушылар! Алдыңызға үшбу журналымды саламын, кішкене екен деп қоңыраймаңыздар! Газет һәм журнал халық үшін екендігіне шәк айту жоқ. Халықтың қай дәрежеде алға кеткендігі халық арасында таралған газет-журнал һәм кітаптардан білінеді. Заман ғылым заманы болған соң әрбір жұрт қатарынан кейін қалмас үшін ақша аямай кітап-газет һәм журнал бастырып, халыққа таратудың ыждақатында», – деп бір қайырып, одан әрі қазақ баспасөзі тарихынан көпті хабардар қылады. 1907 жылы ІІ Мемлекеттік думаның жиынымен Шаһмәрдан Қосшығұлов «Серке» газетін шығарғанын, бірақ ұзаққа бармай, үкімет тарапынан тоқтатылғанын, сол жылы Троицкіде Есмағамбет Айманбаев «Киргизская газета» атты орысша-қазақша бір газет шығарып, оның да бір саны жарық көргеннен кейін жабылып қалғанын өкінішпен баяндайды. Сөйтеді де қазақ намысын қайрайды: «Мен тағы талап етіп, осы кішкене журналды шығармақ үшін халқыма жармастым. Жұртқа атақ шығарып, білім сату үшін емес, бәлки дәулет иесі ағалар мұны көрген соң ойға қалмас па екен деген ниетпен. Қолда пұл жоқ. Жұрт болып жұртшылық етпесе, әлбетте бұл журнал да қазақтың дүниеге шығара алмаған ісінің бесіншісі болар да қалар. Қазіргі үміт халықта».
«Айқаптың» бес жылға таяу уақыт үзбей жарық көргеніне қарап Алаш ардақтысының үміті ақталғанын аңғару қиын емес. Әрине, Ресей патша үкіметінің қатаң бақылауын қалтқысыз қамтамасыз еткен цензураның қатал қыспағы астында журналды ай құрғатпай, осыншама мерзім шығарып тұру оңайға түспегені түсінікті. Оған бір ғана дерекпен көз жеткізуге болады. Жоғарыда тілге тиек еткен «Қазақ баспасөзі тарихынан» атты еңбегінде Ү.Сұбханбердина Орынбор губернаторының ішкі істер министрлігіне 1911 жылғы 3-қыркүйекте жолдаған мәліметін алғаш ғылыми айналымға енгізеді. Онда «Айқаптың» 1911 жылғы 6-санында жарық көрген корреспонденция үшін журналдың редакторы М.Сералинге 100 рубль айыппұл немесе бір ай абақты кесілгендігі баяндалады. Себебін білу мақсатымен журналдың осы санымен танысқанымызда, бар болғаны, «Оян, қазақ» кітабы үшін Міржақып Дулатовтың 1911 жылдың 2-маусымында Семей қаласында түрмеге қамалғандығы жалпақ жұртқа жария етілген екен. Сонымен бірге Алаш арысының қолындағы татар, қазақ газет-журналдарын, ұлтымыздың ақын, жазушылары Абай Құнанбаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Ғұмар Қарашевтың кітаптарын жандармның алып кеткені туралы деректер патша шенеуніктеріне ұнамай қалғанын байқадық.
Мұндай тырнақ астынан кір іздеу, патшалық билік тарапынан журнал жұмысына түрлі кедергілер келтіру басылым тарихында көптеп ұшырасқанына кәрі тарих куә.
Осы жерде айрықша атап өтуді сұрап тұрған «Айқаптың» қазақ журналистикасына қосқан тағы бір жаңалығы бар. Журнал басшылығы ұлт баспасөзі тарихында тұңғыш рет қазақ қыздарын тілшілік қызметке тартады. Басылымда тырнақалды туындылары жарық көрген Сақыпжамал Тілеубайқызы, Мәриям Сейдалинова, Күләйім Өтегенқызы – қазақ қыздары арасынан шыққан алғашқы журналистер. Олардың есімдерін ұлықтап, ел журналистикасына жаңалық енгізген ерен еңбектерін бағалау – уақыт еншісіндегі мәселе. Бір ауыз сөзге сыйдырып айтсақ, бүгінде еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген қазақ қыздарының алғашқы бастауы «Айқаптан» арна тартады.
Қаймана қазаққа қатысты «Айқап» көтермеген мәселе кем де кем. Журналдың тақырып ауқымы өте кең. Профессор Б.Кенжебаев «Қазақ баспасөзінің тарихынан мәліметтер» атты еңбегінде журнал материалдарын мазмұнына қарай мынадай бөлімдерге бөлген:
«Саяси-әлеуметтік мақалалар; Әдеби шығармалар, әдебиет мәселелері; Қазақ арасындағы оқу-ағарту ісінің жай-күйі және маңызды мәселелер; Ана тілі, әліппе, емле мәселелері; Қазақ әйелдерінің жайы, бостандық, теңдік мәселесі; Дәрігерлік, агротехникалық кеңестер, ғылым табыстары; Ішкі-сыртқы хабарлар; Тілші хаттары, жауап хаттар».
Қазақ баспасөзі тарихын, әсіресе, Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңін зерттеуге ерен еңбек сіңірген ұлағатты ұстаз, ғибраты мол ғалымның аталған кітабы 1956 жылы жарық көргенін ескерсек, оның бағасы еселеп арта түседі. Өйткені, ұлттық мұраға қырғиқабақ танытқан отаршыл саясаттың өктемдігі артып тұрған уақытта жеке басына қауіп төнерін біле тұра саналы түрде тарихи тақырыпқа қалам тарту ерлікпен пара-пар іс екенін бүгінгі жас біле бермейді. Сонымен бірге саясат салқыны салдарынан ғалым еңбегінде лажсыздықтан біраз шындықтың шымылдығы түрусіз қалғанын да айтуға тиістіміз. Айталық, «Айқап» журналы материалдарының мазмұн жіктелісін бүгінде мынадай тақырыптармен толықтыру талабы туындайды:
Отарлық езгіге қарсы күрес тақырыбы; Ұлт азаттығы мәселесі; Қазақ жерін ішкі Ресейден қоныс аударушылардан сақтап қалу жолдары; Ұлттық сананы ояту мәселесі; Ұлт тілін, діні мен ділін қорғау, көркейту мәселелері.
Журнал материалдарымен терең танысу барысында түйген бұл тұжырымдарымыздың шындығына «Айқап» жарияланымдарын оқыған әрбір жан көз жеткізе алады.
Бірер мысал келтірейік. Журналдың редакторы М.Сералин былай деп жазады: «Қазақ осы күнде қалың орманға кіріп адасқан адам секілді. Қалай жүрсе жөн боларын білмей дағдарған кезі. Олай-былай жүріп еді, жол табылмады. Енді тоқтап, тың тыңдап, қайдан, қандай дыбыс шығар деп құлағын салып тұрған кезінде әркім шама-қадірінше, адасқанына айғайлап дыбыс беретін сықылды. Үнін шығарып, ойын айтуға міндетті». («Айқап». – Алматы: Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясы, 1995. 31-бет). Бұдан отарлау саясаты шарықтау шегіне жетіп тұрған кезде бес жыл бойына үзбей шыққан жалғыз журнал «Айқаптың» тарыққан елге, адасқан қазаққа жолбасшы, бағыт-бағдар беруші болғанын байқау қиын емес. «Айқаптың» 1911 жылғы 5-санында жарық көрген «Біздің қазақ баласына не қылса да басқа жұрттарға теңелу хақында біраз кеңес» деген мақалада, аты айтып тұрғандай, ХХ ғасыр басындағы қазақтың ең көкейкесті мәселесі – теңдікке қол жеткізу арманы дараланып, айшықталады да, соның жолдары сараланады.
1913-1918 жылдары Орынборда шыққан «Қазақ» газетінің зерттеушісі және апталық жарияланымдарының энциклопедиялық жинағын құрастырушылардың бірі болғандықтан мына мәселеге оқырман назарын аудартуға тиістімін. Кезінде Бейімбет Майлин: «Қазақ» көзіміздің қарасы болғанда, «Айқап» ағы емес пе еді», – деп жоғары бағалаған қос басылымды біріне-бірін қарсы қойып, ұпай түгендеушілерге жол беруге болмайды.
Рас, кейбір мәселелер бойынша қос басылым арасында пікір алалығы кездеспей қалмаған. Бірақ, ол мақсат бөтендігінен емес, соған жетуде ұстанған жолдарының әртүрлілігінен туындап отырған. Бұл турасында көрнекті қалам қайраткері Бейімбет Майлиннің «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 138-санында жарияланған мақаласында: «бұл екеуінің кейбір пікірлерінің біріне-бірі қиғаштығы, ол туралы бірсыпыра сөздің болып өткендігі оқушыларға белгілі. Бірақ ол тақырыпта араларында дұшпандық жоқ. Себебі, екеуінің де түп мақсаттары бір еді», – деп жазуы сөзімізді тірілте түседі.
Бір кереметі, араларында қанша пікірталас туындағанына қарамастан, бұл екі басылымның бірінің сөзін екіншісі сөйлеп, бірін-бірі қолдап отырғаны үлкен тағылым. Бұдан оларды шығарушылардың жеке бас қамынан бұрын ұлт мақсатын биік қоя білген азаматтық болмыстарын жете тани түскендей боласыз. Оған бір ғана мысал, «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 148-санында «Айқап» тоқталуы» деген мақала жарияланған. Онда «қазақтың айналдырған жалғыз журналының бірнеше жыл шығып тұрып, ересек болған соң тоқталып қалғанына» қапалы екендіктерін білдіре отырып, «Қазақ» басқармасы журнал шығарушыларының «Айқапта» жарияланған оқырмандарына соңғы арнауын газеттерінде көшіріп басуды өздерінің азаматтық борыштары санайды. Ал «айқаптықтар» болса, өз кезектерінде журналдың қаражат тапшылығынан жабылатындығына өкініштерін білдіре келіп, газет төңірегіндегілерге мынадай тілек баталарын береді: «Журналды шығарғандағы мақсатымыз халыққа жол көрсетпек еді. Газеташылық, журналшылдық қазақ жігіттерінің қолынан келетін жұмыс екендігін сыпат етпек еді. Біз бұл мақсатымызға жеттік. Ендігі жұмыс оқыған жастардың мойнында.
Біз надан боп өсірдік
Иектегі сақалды.
Біз болмасақ, сіз барсыз,
Желкілдеп шыққан жас шөптей
Үміт еткен достарым,
Сендерге бердім батамды
(Алтынсарин сөзі).»
Осы жолдарды оқи отырып, бұл екі басылым арасында елеулі идеялық қақтығыс болмағандығына көзіміз жете түседі. Бірақ, соған қарамастан, күні кешеге дейін ол екеуінің біріне-бірі қарсы қойылып зерттелініп келгені, ащы болса да тарихи шындық. Оны зерттеушілер кінәсінен емес, уақыт талабынан, яғни сіреспе таптық идеология зардабынан туған олқылық деп қабылдаған лазым.
Осы орайда, «Айқапта» көтерілген мәселелердің бүгінгі таңда да өзектілігін, яғни журнал материалдарының өміршеңдігін айтпау қиянат болар еді. Айталық, журналдың 1913 жылғы 15-нөмірінде жарық көрген «Қазақтың қазіргі халі» атты мақалада Бейімбет Майлин көтерген мәселе қазір де көкейкесті. Алаш арысы қазақ тіршілігіндегі әдет-ғұрыптың кері кеткен жақтарын сынап-мінеп, олардың білімсіздіктен, кәсіпсіздіктен туатынына тоқталады. Қазақтың қыз ұзату тойында, өлімге ас беріп, еске алуда үлкен шығынға бататынын айыптап, оның орнына халықты пайдалы іске, оқу-ағарту жұмысын дұрыс жолға қоюға, мектеп-медресе салуға, газет-журнал, кітап алдырып оқуға қаражат шығаруға шақырады.
Қазақты ай, қап деп өкінуден арылту мақсатын көздеп «Айқапты» шығарған М.Сералиннің мына пікірі де көңіл төрінен орын иемденеді, көкейкестілігімен құнды: «Біздің ілгергі-келешек күніміз де, бұл дүниеде күн көріп, жұрт қатарлы тұруымыз да жалғыз-ақ нәрсеге тіреледі. Ол – оқу. Мұнан былайғы заманда оқып, өнер білмесек, өнерлі халыққа жалшы болудан басқа бізге ешбір де орын қалмайды. Біз жұртшылық болып оқушы-талапкерге жәрдем бермесек, оқығандарымыз көбейе алмайды». Дәл бүгінгі күннің өзекті мәселесін көтеріп тұрғандай әсерге бөлейді. Қазіргі жастар мен сауданы кәсіп еткен, тек баюды ғана мақсат тұтқан байшыкештерге, бизнес өкілдеріне ой салса игі.
Мұндай құнды ойларды «Айқаптың» әр нөмірінен молынан ұшыратарыңызға бәс тігеміз. Ендеше, журнал жарияланымдарын ұлттық құнды мұрамызға айналдырып, қажетімізге жаратудан жаңылмайық.
Қайрат САҚ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі, алаштанушы-ғалым.