Облыс орталығындағы Достық үйінде «Қоғамдық келісім» бірлестігі балқар, қарашай-шеркес, қабардин халықтарының депортациясына арналған «Қазақ халқына мың алғыс!» атты мәдени шара өтті. «Эльбрус» этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған жиынға қатысушылар 1944 жылдың наурызында Солтүстік Кавказ халқын күштеп қалай елімізге жер аударғаны жайлы киносюжеттер көрді.
– Мен ол кезде 2-ақ жаста екенмін. Қазақ халқы жазықсыздан қаңғыруға түскен халықты рухани күйзелістен, кемсітушілік пен аштықтан аман алып қалды ғой. Төлебайдың отбасында 8 адам болса, әке-шешем бар, 11 бала қосылдық. Бір қазаннан ас іштік. Қазақ ауылы – біздің екінші Отанымыз болды. Құлағымызда үлкендерден жиі еститін Эльбрус деген бір-ақ сөз жүретін. Біздің ұлт өкілдері үшін осы сөздің құдіретті екенін есейген соң білдік қой, – дейді «Эльбрус» этномәдени бірлестігінің төрайымы Мәриям Байрамқұлова.
Іс-шара барысында жергілікті Ассамблея төрағасының орынбасары С.Жетпісбаев, Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы И.Әбдіқалықов сөз сөйлеп, «Эльбрус» қоғамдық бірлестігінің мәдениетті, тілді, рухани құндылықтарды жаңғырту бойынша белсенді жұмыстары, сондай-ақ, достықты, бейбітшілікті, этносаралық келісімді нығайтудағы үлестері үшін алғыс білдірді. Ал татар-башқұрт ақсақалдар кеңесінің төрағасы Минир Галеев, «Ватан» әзербайжан ақсақалдар кеңесінің төрағасы Джафар Махмудов, «Полония» поляктар қоғамының төрағасы Виталий Свинцицкий де ата-аналары мен туысқандарының қиын тағдырлары жайлы айтып, қазақ халқына алғыс білдірді.
Иә, өткеннің ауыр оқиғасы балқарлар мен қарашайлардың, басқа да ұлт өкілдерінің жүрегінде мәңгі қалды. Қазір өңірде балқарлар мен қарашайлардың төртінші ұрпағы тұрып жатыр. Олар барлық салаларда еңбек етіп, қызмет істеуде.
– Мен қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. Шүкір, қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт өкілдерінің де тынысы кеңейіп, ұрпақ жалғасты. Ауылда тұрған кезден қазақ тілінде сөйлеп өстік. Бірлестіктегі «Жаңғырту мектебінде» ұл-қыздарымыз балқар, қазақ тілдерін үйренуде. Оларды біз еркелетіп «Қазақстандық «Эльбрустың» балалары» деп атаймыз. Әке-шешелердің сағынышына айналған тауды – үлкендерге құрмет, тағзым ретінде орталықты «Эльбрус» деп атадық. Облыста қарашай-шеркес және қабардин-балқар ұлт өкілдерінің 1 200-ден астамы тұрса, оның 900-і балқарлар. Өзімізді Ассамблеяның кішкентай отауы деп сезінеміз. Елбасына әрдайым алғыс айтып отырамыз, – дейді Мәриям Байрамқұлова.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы
Суретті түсірген
Мақсат Айтбай